Діни сауатсыздық, санасы уланған азаматтарды қоғамға бейімдеу және псевдосалафилермен жұмыс – теологпен сұхбат
Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандаулет Сүлейменовтен Ақпараттық түсіндіру тобының негізгі қызметі, санасы уланған отбасылармен жұмыс барысы және негізгі нәтижесі жайында сұрап білді.
Деструктивті діни ағымның жeтегінде жүргендердің 88% пайызына әлеуметтік желі әсер етеді екен. Интернеттің қолжетімділігін пайдаланған уағызшылар кез-келген әлеуметтік желіде сананы улайтын ақпараттар тарата алады. Әдетте радикалды топ өкілдерінің негізгі контенті қайырымдылық жасау, парақшада құран аяттары мен сүннет амалдары туралы материал жариялаудан басталады. Исламды насихаттайтын ақпарттық портал ретінде жұмыс істейтін топтардың мұндай әдісіне діннен толық хабары жоқ адамдар бірден алдануы мүмкін.
Деструктивті ағымдардан қорғану үшін еліміздің әр аймағында Апараттық түсіндіру топтары (АТТ) жұмыс істейді. Топ өкілдері қорғансыз жастарға діни имунитет қалыптастырып, адасқан жандарды қоғамға қайта бейімдеуге атсалысады.
Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандаулет Сүлейменовтен Ақпараттық түсіндіру тобының негізгі қызметі, санасы уланған отбасылармен жұмыс барысы және негізгі нәтижесі жайында сұрап білді.
-Жандаулет мырза, елімізде теріс діни ағым қатарында жүрген отбасылар аз емес. Жыл сайын қанша кездесу өткізесіздер, қанша отбасын қамтисыздар?
- Биыл жарты жылдың өзінде елордада 220 отбасын қамтыдық, яғни түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Мәселен, 2019 жылы 110 шаңыраққа бас сұқсақ, 2020 жылы 240 үйде болып қайттық. Биыл жыл соңына дейін тағы ондаған отбасында әңгіме жүргіземіз.
Ақпараттық түсіндіру топтарының жұмысы бүкіл республика аумағында 2016 жылы Ақтөбеде болған терактіден кейін жанданғанын білесіздер. Ол кезде елімізде теріс діни ағымды ұстанатындардың саны расымен де тым көбейіп кеткен еді. Қазір жағдай қалыпты, халықтың көзі ашыла бастады. Оған осы ақпараттық түсіндіру топтарының жұмысы бірден-бір себеп.
Бізге хабарласып, сұрақтарына жауап алатындардың барлығы бірдей адасып жүрген адамдар емес. Діни ақпаратты дұрыс түсінбей, оның ақ-қарасын ажыратып, көз жеткізу үшін бізге келіп, білмегенін сұрап жатады. Көп адам таныстары мен жақындары арқылы келеді. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Дінді енді ізденіп жүрген сауаты төмен адамдарға жеңіл әрі өзі түсіне алатын деңгейде түсіндіру қажет. Оларға санасына ауыр тиетін ақпарат бермеуге тырысамыз. Себебі, ол адам дінді толық білмегеннен кейін бәрін бірдей қорыта алмайды. Сондықтан тек сақтандыру мақсатында ақпарат береміз.
- Дінге енді беттеген адамның көзқарасын өзгерту, тура жолға салу аса қиын емес. Ал, әбден радикалданған, айтқанын қайтпайтын адамдар да аз емес. Олармен де жұмыс жүргізуге тура келеді. Мұндай топтағы адамдарға қолданатын арнайы тәсілдеріңіз бар ма?
- Деструктивті бағыттағы ақпаратқа қанығып, ойы өзгерген жандарға біршама тереңдетілген жұмыстар жүргізу керек болады. Олармен теологиялық жұмыс жүргізіледі. Ол жерде діни канондық заңдылықтарды ғылыми-практикалық тұрғыда түсіндіріп беру қажет. Мәселен, қан беруге болмайды деген сенімдері бар бар. Соны біз медициналық тұрғыдан мамандардың дәйектерін келтіре отырып және діни нормадағы адам өмірін сақтау ең маңызды дүние екенін түсіндіру арқылы теологиялық жұмыс жүргіземіз.
Дәстүрлі емес ислам ағымдарын ұстанушылар арасында жеті шелпек пісіруге болмайды, өлгендерге құран оқуға болмайды деген теріс түсінік қалыптасқан. Біз оның дінге қайшы келмейтінін, керісінше қолдайтынын яғни, теологиялық тұрғыда дәлелдеме, хадистермен, өзге де ғалымдардың пәтуаларын көресетіп отырамыз.
Арнайы біріңғай жүйе жоқ. Әр тұлғаның әсер ету деңгейіне байланысты түрлі тәсіл қолданылады.
- Ақпараттық түсіндіру топтарының құрамында тек теологтар мен имамдар ғана бола ма?
- Жоқ, топ құрамында ол екеуінен бөлек психолог, заңгер, әлеуметтік сала мамандары, қоғам қайраткерлері болады. Біздің орталықта бірнеше жылдық тәжірибесі бар нағыз мамандар жұмыс істейді. Бастапқы сұхбат құрған кезде кімнің қандай бағытта екенін, «уланудың» қандай деңгейде екенін бірден біледі. Соған сәйкес түсіндіру жұмысын жүргізеді.
АТТ мүшелері негізінен қарапайым тұрғындармен жұмыс істейді. Тұрғындардың көкейінде терең діни сұрақтар болса, оған теологтар жауап береді. Сондай-ақ, жұмыс барысында арнайы таратпа ақпараттар үлестіріледі. Буклеттерді қолына ұстатамыз.
АТТ мамандары үшін жылына кем дегенді екі рет біліктілігін арттыру семинарлары өткізіледі.
- Әр адамға, әр ағымға ыңғайлап түсіндіру жұмысы жүргізіледі деп айттыңыз. Қазіргі жастармен жұмыс істеу қиын ба?
- Иә, теріс ағым ұстанатындардың көбі расымен де жастар. Салдармен күресу бар да, оны болдырмау, яғни алдын алу деген тағы бар. Біз сол алдын алу жұмыстарына басымдық береміз. Біздің орталық Jas Otan жастар қанатымен меморандумға отырған. Оның негізінде жастардан құралған ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істеп жатыр. Олар негізінен мектептер мен ЖОО-ға барып жұмыс істейді. Жастардың тілін жастардан артық ешкім түсінбейді емес пе, сондықтан біз жұмысымызды осылай жан-жақты жүргізіп келеміз.
Кеше ғана Қазанда (Татарстан) болған қылмыстық оқиға психологиялық, әлеуметтік проблемала деп айтылып жатыр. Бірақ, мәселе жастардан шықты, демек жастардың арасында шынымен проблема бар деген сөз. Жас буынның бос уақытын тиімді пайдалану, зиянды, экстремистік көзқарасқа бағытталған ақпаратқа кетіп қалмау үшін осы меморандумға қол қойдық.
- Ақпараттық түсіндіру топтарытек мекемелерге ғана емес, кейде үй-үйді аралайтынын білеміз. Осындай кезде топ мүшелеріне радикалды ағым өкілдері тарапынан шабуыл жасалмайды ма? Осы бүгінге дейін қауіп төнген кездер болды ма?
- Иә, түсіндіру барысында әртүрлі жағдайлар болады. Қоғам болғаннан кейін әртүрлі пікір мен тұжырым бар. Түрлі тараптың пікірі мен қайшылықтарын бір ортаға сыйдыру қиын. Деструктивті, радикалды көзқарастағыларға терең түсіндіру қажет. Ондай жағдайда талас-тартысқа барып жатамыз. Талас-тартыс дегенде жағадан алып, бет жыртысу емес, мәдениетті түрде әркім өз дәлел-дәйектерін келтіреді. Теориялық, практикалық жағынан әбден шыңдалған біздің маманда пікірталас кезінде әрдайым үстемдікте болады. Өткені Құранда: «Білмегендер мен білгендер тең болмайды» деп жазылған. «Білмегендер білгендерден сұрасын» деген де бар. Демек, түрлі әдіс-тәсілдерді, салыстырмалы талдауларды келтіре отырып, біз алдымыздағы тарапқа ақпаратты ғылыми негізде түсіндіріп жеткізуге тырысамыз.
Сонымен қатар, түзету мекемелерінде де жұмыс істейміз. Түрмелерге аптасына бір рет барып, түсіндіру жиынын өткіземіз. Соның ішінде тероризм, экстремизм баптарымен сотталғандар болса, оларға жекелеген түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал қалған жалпы сотталушылармен алдын-алу бағытында бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіледі. Кейбіреулер біздің жұмыстан кейін қызығып, өздері ғылыми ізденіс жасап, ары қарай жұмыс істегісі келеді. Олармен жұмыс істеу мамандар үшін де қызық.
- Енді осы жұмыстардың нәтижесін сатистикамен айта аласыз ба? Ақпараттық түсіндіру топтары жалпы қанша адамды тура жолға салды?
- АТТ қоғамдық орындарда, мекемелерде, ұйымдарда жұмыс жүргізеді. Біздегі мақсат – адасқан адамды түзу жолға салу деген бір ғана міндет емес, адасуы мүмкін болған қаншама адам бар. Біз оларға иммунитет қалыптастырамыз. Себебі, олардың алдағы уақытта радикалды топтарға алдануына ешкім кепілдік бермейді. Адам санасында не жатқанын білмейміз. Қазір сізге статистиканы айтқан күннің өзінде ол нақты нәтиже болып саналмайды. Идеологиялық жұмыстың ерекшелігі де сол. Жұмыстың нәтижесі көзге көрініп, қолмен ұсталмайды. Десе де, жұмысымыздан нәтиже бар деп айта аламын.
- Діни ізденіске түскен адамдарға бірінші кезекте қандай ақыл-кеңес бересіз?
- Қазақ торғай сойса да, қасапшы сойсын дейді. Қандай сұрақ болмасын, сол саланың маманынан сұрау керек. Маманнан жауап алынбаса, сізге ешқашан лайықты жауап берілмейді. Мұсылман болсаңыз имамдардан, теологтардан сұраған жөн. Еліміздің барлық аймағында дінді түсіндіріп бере алатын мамандар бар. Мешіт-медресе бар, христиан болсаңыз шіркеулер бар.
Мешітке барғанда сұрағыңызды іштегі жамағаттан емес, имамның өзінен сұрау қажет.
Мүфтияттың, дін орталықтарының ресми сайттары бар, сол жерден де ақпарат, сұраққа жауап ала аласыз. Биылдың өзінде 200-ден астам күмәнді ақпарат көздерін арнайы алгоритм негізінде жоғары тұрған уәкілетті органға ұсынып, бұғаттау шараларына қатыстық.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, діни радикализімнің алдын-алуға бағытталған бейнеөнімдер мен әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргіземіз. Биыл Нұр-Сұлтан қаласының діни ахуалы бойынша екі әлеуметтік зерттеу жұмысын жүргізу жоспарлануда. Жыл соңында ғылыми зерттеу жұмысы нәтижесін қолға алып, соған қарай келер жылға жоспар енгізіледі. Елорда тұрғындарына діни бағыттағы проблема, сұрақ болса жасырмай көмек сұраңыздар деп айтқым келеді. Бізге «iKomek 109» желісі арқылы да шығуға болады немесе 57-60-20 сенім телефонымызға хабарласыңыз. Қиын жағдайға түскен отбасы мен адамдарға көмектесіп, қоғамға қайта бейімдеуге әрдайым дайынбыз.
-Әңгімеңізге Рахмет!
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан