Қызылордада тыйым салынған діни аудиоматериалдарды сақтаған тұрғын ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада тыйым салынған діни мазмұндағы аудио материалдарды сақтаған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде ел аумағында сотпен тыйым салынған діни мазмұндағы аудио материалдарды «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында сақтаған 40 жастағы тұрғын белгілі болды. Оның деструктивті діни ағымды ұстанатыны анықталды. «Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 453-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен. Ведомство мәліметінше, сот қаулысымен деструктивті діни ағым ұстанушысы кінәлі деп танылды. Оған 40 838 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында ірі есірткі алқабы анықталды.