Сириядан қайтарылған ЖАНДОС: «Шейх Мухаммад Хасанның уағызын тыңдап, адастым»

Сирия. «Жусан»

 

-Адасуға себеп болған алғаш шалыс басқан қадамыңыз қандай? Сіз ол туралы ойланасыз ба?

– Интернеттен  шетел шейхтарының уағызын тыңдап жүргенімде мен өзімді «өзгелерден артықпыз,  біз шын мұсылманбыз» деп ойладым. Себебі ол кезде елдегі имамдар мен дін мамандарын «түк білмейді, надан» деп мойындаған жоқпыз. Сөйтіп жүргенімде шахтада бірге істейтін жұмыстас жігіт қайтыс болды. «Ең жақсы өлім – соғыста өлген өлім. Соғыста өлсең жәннатқа ешқандай сұрақсыз кіресің, Аллах Тағаланың ең жақын құлы боласың» деген уағызды тыңдап жүр едім. Сол сәтте шахтада өлген «жаман өлім» деп есептедім. Уағыздың әсерімен «соғыста өлсем  жұмаққа тез кіріп кетемін» деп ойладым. Жихадқа кетіп, шахид боламын дедім.

–  Олай болса, Сирияда өліммен бетпе- бет келгенде өзіңізді қалай сезіндіңіз? 

-Сирияда айнала бомбалау…өлім…Сол кезде өлімге дайын емес екенімді білдім…

-Өлгіңіз келмеді?

-Ия, ааааааа деп бар даусыңмен айқайлайсың да…бірақ  өлім жақындаған кезде түсінеді екенсің. Өлгің келмейді екен. Өз басым… соны түсіндім.

 

Сириядан қайтарылған ЖАНДОС:

«Шейх Мухаммад Хасанның уағызын тыңдап, адастым»

 

Египеттегі Каир қылмыстық соты Мухаммад Хасан, Мухаммед Хусейн Якуб  және басқа салафиттік уағызшыларды  мемлекеттік билікті құлату үшін террористік топ құрған қылмыскерлерге өз уағыздары арқылы ықпал еткен деген күдікпен сотқа шақырып, жауап алды.  Ал Мухаммад Хасан сотта өзінің ешқандай діни білімі жоқ екенін, бар болғаны  журналистік оқуды бітіргенін айтты. Бірнеше жүздеген қазақ жастары елде жүріп тап осы Мухаммад Хасан сияқты жалған шейхтарды тыңдаймын деп адасып, Сириядан бір-ақ шыққан болатын.  Солардың бірі – Ажмамбетов Жандос Болатұлы 31 жаста. 2019 жылы «Жусан» операциясымен Сириядан елге қайтарылды.  

Жандос 2013 жылы өзін өмірге әкеліп, әлпештеп өсірген ата-анасын,  туған жерін,Отанын сатып кеткен болатын. Интернеттен шетел шейхтарының уағызымен ауызданып, өзі сияқты радикалданған бір топ «братымен» Сирия асып кеткен ол жихадқа қатысып, шахид болып, жұмаққа түсуді армандапты.

Ол ҚР Қылмыстық Кодексiнің  257-бабы  2 тармағы бойынша «Террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысқаны үшін» 8 жылға сотталды. Бүгінде Ақтау қаласындағы 172/10  жалпы режимдегі түзету колониясында  жазасын өтеп жатыр.

Біз Жандоспен кездесуге түрмеге кірген едік. Әңгімеміз өзі айтқандай, жұмақ пен тозақпен басталды. Әрине, әрі қарай ол адасқан талай қазақ баласын жер жастандырған Сирия туралы айтады…

-Жандос, сізде бұрын өмірдің мәні екі-ақ нәрседе болды. Жұмақ пен тозақ. Қазір қандай мақсаттасыз?

-Қазіргі өмірдің мәні ме?.. «Саған өмір берілді ме, сол өмірдің мәнін, қадірін түсін, денсаулықты, өмірді, уақытты, ата-ананың, жақындардың қадірін түсін, себебі әр нәрсенің қадірі болады» деп Аллах Тағала маған көрсетіп жатқан сияқты деп ойлаймын.

Мен Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында тұрдым. 2013  жылы жолдас балалармен бірге Сирияға кеттім. Сол уақытта Сәтбаев қаласынан көп жігіттер кетті отбасымен. Мен жалғыз кеттім, әке шешем осы жақта. Отбасымда әпкем қарындасым бар.

-Кетуіңізге не себеп болды?

-2011 намаз бастадым. Дінді мешіттен, имамнан емес, ннтернеттен уағыз тыңдап, үйрендім. Сауд Арабиясының Мухаммад Хасан, Мухаммад аль- Арифи  деген шейхтарын тыңдап, адастым…

-Олар қандай уағыз айтты?

-«Мұсылмандарға қысым жасалып жатыр. Мұсылман мұсылманға көмектесуге міндетті» деп,  көп хадистер келтірді. «Аллах өзі жақсы көретін құлдарын жинайды» деген уағыздар айтты. Халифат деп, сол ағыммен кетіп қалдық.

Ол жерде мұсылмандарды кім қырып жатыр деді?

-Мұсылмандарды, сунниттерді  шииттер қырып жатыр деді.

-Елден қалай шығып кеттіңіз?

-Араласып жүрген жігіттер кетіп жатты. Олар «Түркияға жетіп алсаң болды, әрі қарай Сирияға кедергісіз кіргізіп алады» деп маған біреулердің телефонын берді. Қасымда Марғұлан деген бала болды, Бішкектен Стамбұлға ұштық.  Сөйтіп менен бұрын кеткендер бізді Сирияның Алеппо қаласына жақын Түркияның Хатай провинциясына  әкелді.

-Қандай қаржыға бардыңыз? Сізге Сирияға бару үшін ақшаны кім берді?

-Мен ол кезде шахтада жұмыс істейтінмін. Еңбек демалысымды алдым да,  сол ақшамен елден шығып кеттім.

  -Сирияға жеттіңіз, содан кейін не болды?

-Біз Сирияға жеткенде ол жерде неше түрлі группировкалар болды.

-Қандай?

-Шетелдіктер, арабтар, кавказдықтар, дағыстандар, қазақтар болды. Олардың өзі 2-3 топқа бөлінген. Көп уақыт өткен жоқ,  ДАИШ- тың құрамына кірдік. ДАИШ бізге «Халифат орнатамыз, халифат мемлекеті болады» деді.

-ДАИШ- тың құрамына кірдіңіз. Сосын?

-Басында мен түскен топта әскери дайындыққа  қаражат жетіспеді. Мені Алеппоның жанындағы шекараны күзетуге жіберді.  Сол жерде мылтық атуды, шашып, жинауды үйретті. Мен шекарада күзетте болғандықтан басқа әскери дайындықтан өткен жоқпын.

–  Сирияға барған соң қандай уағыздар болды? Әлде тек қана соғысқа үйретті ме? Қандай талап қойды?

-Басында адам көп болғандықтын ба, міндет қатты болған жоқ. Кейін істеріне қатыспасаң, айтқандарын істемесең түрмеге қамап тастайтын болды, жаза қолданды. Уағыздар айтып жатты. Шариат сабақтары. Ол кезде діни  білімім де жоқ, айтқандарының бәрі дұрыс сияқты, солай қабылдадық. Соңғы жағында ДАИШ тың өз мақсаты бары, зұлымдықтары көріне бастады.     Адамдарды аңдып, жазалай бастады.

-Ол жердегі уағыздарында шынайы мұсылмандық туралы айтылды ма ?

-Елде жүргенде жас едім, сауатсыздықтың салдарынан айтқанға бас шұлғып жүре беріппіз. Сирияға барған соң түсіне бастадық. Ол жерде дін емес, саясат үшін соғыс болып жатыр екен. Басты адамдардың кім екенін білмейміз, амирларды көрмейміз. Бір сөзбен айтқанда, бізді өз мақсаттарына пайдаланған екен.

-Қандай саясат? Сіздерді не үшін пайдаланды деп ойлайсыз?

– Жаулап алған Сирия, Ирак мемлекетінде мұнай болды. Сол соғысқа салып, бізді пайдаланып, кейін «лақтырып» кеткен сияқты. Біздің, яғни мұсылмандардың сезімі мен сеніміне ойнаған болып шықты.

   –Жалақы беріп тұрды ма?

-Отбасымен барғандарға 70 доллардан беріп  тұрды. Балаға 50 доллар, үй, керек -жарақ, тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Соңғы кезде ештеңе бермей қалды. Қоршауда болдық. Бәрі қаша бастады.

– Қай қалаларда болдыңыз?

-Алеппоның жанындағы қалаларда, кейін Ракка қаласында болдым.

-Бұл қалаларда не істедіңіз?

 150-200 адамды біріктірген топ болды. Сол жерде есепте тұрасың. Отбасыларды қамтамасыз ету деген болды. Алдыңғы сапта болмасаң отбасыларға, әйел – балаларға қарайсың, яғни оларды бір жерден екінші жерге көшіресің, ауруханаға апарасың, көлік жөндейсің. Соғысты, бомбаны көтере алмайтынымды, денсаулығым жарамайтынын айтып тылға ауысып кеттім. Ал сол алдыңғы қатарда жүргендердің көбі қайтыс болып кетті.

-Алдыңғы қатарда болғандар не істеді?

-Олар соғысқа қатысты, болмаса  соғыс болып жатқан жерлерде күзетте болды. Кәдімгі қолдарына мылтық ұстап, соғысты.

–    Ол жерде басқа ұлттар жоқ, кәпірлер жоқ. Сонда мұсылман мен мұсылман ба соғысып жатқан?

– Сирияда мұсылманды бір – біріне айдап салып қойған. «Мына мұсылман ананың жауы, мынаусы діннен шығып кеткен» деп үкім қойған мұсылмандар өздерімен өздері соғысып жүр ғой, бір сөзбен айтқанда.

Біздің ниетіміз дін  болды. Бірақ олар бізге былай  түсіндірді. «Араб мемлекеті бұрынғы араб мемлекеті емес. Олар орыстар мен американдықтарға көмектеседі. Пайғамбарымыздың мемлекетін құруға олар қарсы жұмыс істейді. Олар қазір діннен шығып кеткен, діннен шығып кеткендермен Абу Бәкір де соғысқан. Сендер екі ойлы болмаңдар» деп өздерінше дәлеллер келтіріп, шариат жағынан да жұмыстар жүргізді.

-Сирияда көрген, басыңыздан кешкен жағдайларды айтып берсеңіз.  

-Басында бәрі дұрыс деп ойлап жүрдік. Кейін көп нәрселерді көрген соң қаша бастадым.

-Қандай нәрселерді көргеннен кейін?

-Әділетсіздік көп болды.

-Мысалы?

-Сені қол – аяғың сау болсаң ғана пайдаланады. Мысалы соғысқа жарамай қалсаң сен оларға керек емессің. Ислам дінінде керісінше емес пе? Мысалы ауырып, басыңа күн түссе, мұсылман мұсылманға қамқор болмайтын ба еді? ДАИШ- қа біз соғысқа қатыспасақ әлде басқа лас істерді істемесек, яғни, олар үшін пайдалы нәрсе істемесек керек емеспіз. Аңдып, қамап тастайды. Сол кезде түсіне бастадым. «Е, бұл біз ойлаған Пайғамбарымыздың халифатына сәйкес келмейді екен» деп түсіндім. Біз ештеңе білмей жүрдік онда. Кейін түсінгеніміз – олар бізді таза өз мақсаттарына пайдаланған екен. Қашқалақтап жүрдік, кететін жол іздедік. Бірақ Қазақстанға қайтуға бір жағынан қорықтық, Олар бізге «елдеріңе қайтатын жолдарың жабық, барсаңдар өмір бойы түрмеге жауып тастайды» деп айтты. Екі ойлы болып жүрдік, есеңгіреп, не істерімізді білмей қалдық, бір сөзбен айтқанда. Кейін елдегі туыстармен сөйлескенде «қорықпаңдар» деді олар. Аллахқа шүкір, келдік елге. Мен «Жусан -2» операциясымен келдім. «Жусан-1» операциясымен кеткен жігіттердің ата-аналарымен сөйлескенімізде елге қайтқан әйел, балалардың видеоларын қарап, мемлекеттің көмектесіп жатқанын көріп, көңіліміз орнына  түсті.

-«Жусан» операциясына қалай тап келдіңіз?

-Курдтарға берілсек Қазақстанға өткізіп жіберетінін білдік. Курд әскеріне беріліп, наурыз айында түрмеге түстік. Қазақстан мемлекеті 2019 жылы мамыр айында алып кетті. Астанаға әкелді мені, сот сонда болды. Қарағандыға лагерге жіберді, бүгінде Ақтауда отырмын.

-Елде жүргенде кімді, қандай уағыздарды тыңдадыңыз?

-Қазақстанда жүргенде Сайд Бурятскийды, Ренатты тыңдадық,

-Қандай кітаптар оқыдыңыз?

-Көп кітап оқыған жоқпын. Интернеттен уағыздар тыңдап, аудио- видеолар көрдік.

-Ренат, Сайд сияқтыларды тыңдап,  көп болса 2-3 кітап оқыған шығарсыз. Сонымен исламды толық біліп кетемін деп ойладыңыз ба? Ислам – жатқан ғылым емес пе?

-Жоқ, онымен діни сауатты болып кету мүмкін емес. Дұрыс айтасыз, ислам жатқан ғылым. Біз бір адамның артына ердік, оның өзі адасқан адам болса, оның соңына ергендер де адасады. Бізге арабша білген адам болса, болды. Соған есіміз кетіп, басымызды иіп жүрдік.

-Адасқаныңызға кімді кінәлі деп санайсыз?

-Өзім кінәлімін. Сезімге, эмоцияға қатты беріліп кеттім. Интернеттен араб шейхтарын тыңдап, өзімді бәрінен озып кеткен сияқты сезіндім. «Міне, мен жұрттан ерекшемін!» деген ой болды сол уақытта.

-Ринат пен Сайдтан алған теріс біліміңізбен «мен исламды түсіндім, мен білемін» деп өзіңізді өзгеден жоғары қойған болып  тұрсыз ғой.

-Ия мен білем дедім. Бізде, яғни адасқандарда адамдардан озу деген бір мақсат болды. Бірақ Аллахтың алдында кім болып тірілесің? Бұл сұрақ. Қазір түсініп жатырмын олай емес екенін. Аллах Тағалаға беріліп, бес парызды дұрыстап өтесең Аллах Тағала адамның ниетіне, жүрегіне қарай береді екен. Тірі келгенімді Сирияда жүргенде қатты ынталанғаным себеп болған шығар деп ойланамын. Өйткені қасымда қаншама адамдар болды. Олар «до конца» кетті.  Мен ол жақта жолымның дұрыстығына  күмәнданып жүрдім.

-Қалай «до конца» кетті? Террорист болып, беті бері бұрылмай кетті ме сонда?

-Ия… және олардың көбі соғыста қайтыс болып кетті ғой, ненің дұрыс, ненің қате екенін түсінбей де қалған шығар.

-Сіз елден кетпестен бұрын намаз оқымаған адамдарды «кәпір», «діннен шыққан» дедіңіз бе?

-Ия, ондай ойым болды. Бірақ анам намаз оқымайды, анаммен сөйлесіп тұрдым, анам намаз оқымаса да дінге қарсы болған жоқ. «Сонда ол қалай кәпір болады?» деген ой болды менде. Кесіп тастаған жоқпын. Сирияға барған соң ғана «намаз оқымаған кәпір» деген ойыма толық бекідім. Ол жақта шарияттан сабақ бергендер де «ия, олар кәпір» деді.

-Әке-шешеңізбен араласып тұрдыңыз ба, пісірген тамағың жедіңіз бе?

-Қазақстанда тұрғанда жедік…

-Салт- дәстүрімізге қалай қарадыңыз? Бұл  туралы уағызшыларыңыз не деді?

-Бізге сол уақытта салт – дәстүрді жаңадан шыққан деді. «Мұсылмандар ондай нәрселерді істемейді» деді. «Қазақстан өздері шығарып алған» деп түсіндірді. Қазір теологтар түсіндіріп жатыр. Қазақтың барлық ұстанымы діннен алынған, көп нәрсені енді түсініп жатырмыз. Қазақтар өздерін жақсы ұстаған, салт – дәстүрде үлкенді құрметтеу, шелпек, садақа, қонақжайлық бар. Ал мақал- мәтелдердің қаймағы неде? Бұрын естіп өссек те, мағынасын енді түсініп жатырмыз, түсіндіріп жатыр. Хадиспен келтірсе де сол мақал – мәтелдер тура сәйкес келеді екен. Бұрын «жоқ, мынау немесе бұл болмайды, дінде жоқ бұл, арабтардың менталитетінде, арабтарда жоқ, Пайғамбарымыз арабтан шыққан, сондықтан қазақтың салтын ұстанбаймыз» дедік.

-Қазақтың салт- дәстүрі керек емес дедіңіз.

-Ия. Бұрын солай дедік. Бірақ дін ұстаған адамға арабтың менталитетін ұстану шарт емес екен.

-Сіз қазақ отбасында өстіңіз. Қазақтың қара баласысыз. Кішкентайыңызда анаңыз  немесе әжеңіз талай шелпек пісіріп, ыссылай сары майға былғап берген шығар… Қалай бас тарттыңыз бәрінен?

-Менің басымда халифат, жихад, қалайда Шамға кету ғана болды. Ал үйде діни алауыздық болған жоқ, шелпектен бас тарту болмады. Бірақ қасымдағы браттар «мына етті қалай жеп жатырсың?» деп…күмандану болды енді.

– Сирияда әйелдер мен балаларға қалай қарады? Қорлық, зорлық көрді ме?

-Әр жерде әртүрлі жағдайға байланысты болды. Мысалы  зорлап әйел еткен жағдайлар… Бізге әйелдермен сөйлесуге болмайды, қай әйелдің кімнің әйелі екенін білмейміз. Бірақ жесір әйелдерді қарап жүретін арнайы  адамдар болды. Ал балаларды әзірлеу болды.

-Неге әзірледі?

-Әскери дайындықтан өткізді.

-Неше жастан бастап?

-10 жастан бастап қару- жарақты қалай қолдану керегін үйретті. Сосын шариат жағынан соғыс бағытында аят- хадистермен өздерінің уағыздарын үйретеді.

-Оларға кәпірлерді қырыңдар деп үйретті ме?

-Ия, «кәпірлерді, дұшпанды қырыңдар» деп бізге қандай уағыз айтылды, балаларды да сол бағытта оқытты.

-Өзін- өзі жару туралы ше?

-Ия, ия. Ең жоғарғы дәрежесі – өзін жару туралы уағыз айтады балаларға. Қалай соғысу керек, бәрін үйретеді.

-Біздің қазақтың балаларына да үйретті ме?

-Ия, әрине, міндетті түрде. Олар сол мектептен өтті.

-Зайырлы мемлекетіміз, Отанымыз бар. Сіз қашып кетсеңіз де сол Отаныңыз сізді қайтарып алды. Тірі келдіңіз. Сізді неге қайтарып алды деп ойлайсыз?

-Тастап кеткен Отанымыз бізді қабылдады ғой бір сөзбен айтқанда. Шеттетпеді. Бала -шағалар келді елге, видеоларды қарап отырмыз, оларға жәрдем беріліп жатыр. Өз басым Аллахқа шүкір деймін. Басқа мемлекеттер өз азаматтарын елге кері қабылдамай жатыр.  Олар шетелдің түрмелерінде жүр әлі. Аллахға шүкір деймін, ата- бабаларымыздан қалған  «әр қазақ- жалғызым» деген бар. Қазақ болып туғаныма шүкір деймін. Өзімді өзге ұлтпен салыстырсам, жақсылықтан басқа ештеңе көріп жатқан жоқпын.

-Сұраққа қайта оралсақ… Сіздер ата-ана, Отанды тастап қашып кеттіңіздер. Неге қайтарып алды сіздерді? Бұл туралы ойланасыз ба?

-Неге қайтарып алды дейсіз бе?… сол жақта жүре берсең…адамдар қуып жүре береді ғой сол жақта. Қайтарып алып, қайта бейімдеп жатыр. Көбі түсінді деп ойлаймын. Тіпті адасқанын, қандай жағдайда қалғанын сол жақта жүргеннің өзінде түсінді. Осы жаққа келіп, аяққа тұруға жәрдем беріп жатыр ғой. Гуманитарлық жағынан деп ойлаймын.

-Солай деп ойлайсыз ба? Сіз діл, қан жағынан деп  ойламайсыз ба? Үкімет өз қолын өзі кесе алмай, адасып кеткен сіздерге жаны ашып әкелді деп ойламайсыз ба?

-Ия, ия «әр қазақ менің жалғызым»деген, жетімін тастамаған қазақилықтан әкелді.

-«Қазақтың қара баласы адасып кетті. Енді ол Сирияда қор болып жүр, не болса да елге алып келейік» деген жоқ па, Үкімет? «Қайтарып алайық, құшағымызға алып, қайта тәрбиелейік» деген жоқ па?

-Ең басында сол себеп болды ғой. Өз қандасымыз деп алып келді, бауырымыз деп. Ең бастысы осы.

-Намаз оқымын деп адасып, сосын Сирияға кеттіңіз, енді нені түсініп отырсыз? Нені дұрыс, нені қате деп ойлайсыз?

-«Дінді дұрыс түсінсең – қасиетің, қате түсінсең –қасіретің» дейді ғой. Шынында да солай екен… Дұрыс түсінбесең, дінде ағымдар көп екен, соларға еріп, қуып кетеді екенсің. Сол үшін әр нәрсені ойланып істеп, өзіміздің жергілікті мамандар мен имамдардан білім алу керек деп ойлаймын. Көшеде жүрген, оқымаған адамдарды тыңдадық, адасуға  интернет себеп болды, шейхтарды тыңдап… Ол кезде жас едік, қазір мен ойлаймын, қазіргідей жаста болсам Сирияға бармас па едім деп. Өмірімнің сондай бір кезеңі болып қалды да, ештеңе ойламай, алаңдамай жүрген кезеңде тұспа- тұс келіп қалды деп ойлаймын. Қазір ақыл тоқтатып, бәрін өлшеп қарап отырмын, Аллахқа шүкір

-Өкінесіз бе?

-Әрине, өкінем. Қаншама жылдар, жастық шағым  кетті. Уақытты кері қайтара алмаймыз, бірақ Аллах Тағала мүмкіндік беріп жатқан шығар көрсетіп,

-Адасқаныңызды мойындап отырсыз ба?

-Әрине…

-Алдағы өміріңізді қалай елестетесіз? Жоспарыңыз, мақсатыңыз бар ма?

-Ең бірінші мақсатым- аман есен шығып жатсам, әке-шешеме қызмет көрсету. «Ананы Меккеге үш рет арқалап апарсаңда парызыңнан құтыла алмайсың» дейді. Шынымен де солай.   Арманым – әке шешеме қызмет қылу. Ең бастысы мақсатым осы. Қартайған шақтарында Аллахтың алдындағы парызымды өтегім келеді.  Әке-шешеммен бірге отбасымның жанында боламын, одан өткен не бақыт бар?  Аман – есен, аяқ, қолымыз сау болып жатса жұмыс істеймін.

-Бұл жерде ойлануға уақыт бар, не туралы ойланасыз? Сізді қандай ойлар мазалайды?

– Өкінем ғой…Менің қатарластарым жұмыс істеп, отбасын құрып, мансаптары көтеріліп, әке-шешелерінің қасында өмір сүріп жатыр. Сол маған қатты тиеді. Әке – шешем кездесуге келгенде туыстарымыздың балаларының суреттерін көрсетеді… немересі деп. Көріп отырасың, бұл әке-  шешеме де қатты тиеді.  Немере сүйетін уақыттары ғой… Мына жерде ойланып,  аман –есен шығып жатсам отбасын құрамын  деп қиялдап отырасың…

-Әке- шешеме немере сыйласам дейсіз бе сонда?

-Ия. Қиын да осы жері… Өзімнің ақымақтығыма, қателік істегеніме қатты өкінемін.

-Отбасынан артық жұмақ жоқ…

-Ия. жұмақ ананың аяғы астында екен. Әке- шешенің разылығы – Аллахтың разылығы. Оны білдік басында, бірақ бәрін кейінге ысырып  кеттік қой… Ойланасын енді… Осы кісілер аман болса екен, дендері сау болса екен деп отырамын.

-Намазды қалай оқып жатырсыз?

-Өзіміздің дәстүрлі мазхабпен оқып жатырмын. Әбу Ханифа мазхабымен.

-Бұрын мазхабты мойындаған жоқсыз ба?

-Мойындаған жоқпын.  Ия, ол уақытта біз жергілікті мазхабты мойындаған жоқпыз. Ол кезде бізге Саудияның ұстаздары оқымысты, білімді сияқты көрінді. Жергілікті имамдарды білімсіз дедік. 2011-2012 жылдары қазақ жастары шетелде оқып жатты, бітіріп келгендер сирек болды. Басында елдегі дін мамандарын мойындамап едік, Сирияға барсақ ол жақта да көбі білімсіз екен. Қазір Аллахқа шүкір, керісінше, елдегі дін мамандары білімді.  Діни сауатымызды ашып жатырмыз.

– Білімді ме екен?

-Білімді ғана емес, біздің мамандар көп нәрседе шетелдік мамандардан артық. Қарағанды түрмесінде болғанымда Әлібек деген теологым болды. «Отпан» ақпараттық – түсіндіру және оңалту орталығының теологы  Азамат, өз  теологым Сержан, «Ақ ниет» орталығының маманы Асыланбек  білмегенімізді түсіндіріп, діни сауатымызды ашып жатыр. Бұл жерде сабақ үздіксіз өтеді.

-Салафизмнің жаман жақтары, зардаптары қандай? Өзіңіздің басыңыздан өткердіңіз ғой.

-Салафизмнің зардаптары өте ауыр ғой. Әке -шешемен, жақын – туыстармен қарым – қатынасты тоқтатып тастайды, оларды көргенде жеккөрінішпен қарап, кәпірге санап тастайды. Бөтен адам түгілі туысының мал- мүлкін ұрлайды, зияны өте көп. Сені автоматты  түрде жау сияқты көріп кетеді. Суық болады, осының бәрі қантөгіске, адам өліміне апарып соғады. Апарып соқты да…

-Бүгінде адасып, теріс ағымда жүргендердің

арасында талақ жасау көбейіп кетті. Әйелдері қолдан – қолға өтіп жүр. «Братына» беріп жібереді, ол да талақ беріп, үшінші біреуі алады әйелді. Балалары зардап шегіп жатыр. Сондай жаман нәрсе бар оларда. Есірткімен, басқа да исламда харам саналған нәрселермен айналысып жүр. Сіз ол туралы білесіз бе?  

Естуім бар, үлкен сақал қойып алады,  есірткі сатумен, шегумен айналысады деп. Анығы дінге қарама- қайшы нәрселермен айналысқандар дінді жақсы көретін адамдар емес, өздерінің пайдасын істеп жүрген адамдар деп ойлаймын.

-Алланың бұйырмаған нәрселерін істеп жүргендерді таза діндар дей аласыз ба?

-Ия олар керісінше істеп жүр, бірақ…білмеймін енді…

-Шынайы мұсылман ба олар?

-А?

-Шынайы мұсылман ба олар?

-Ия, шынайы мұсылман ондай нәрсе істемейді еді ғой. Адамдарға өзіңді мұсылман сияқты көрсетесің де, бірақ істеген амалдарың керісінше болады. Жағдайы қиын, өте қиын ондай адамдардың.

-Сіз әуелде сол жерде жүрдіңіз ғой…

-Ия.

-Сол кезде «браттарыңыздың» дінге қарсы істермен айналысып жүргенін білдіңіз ғой? Солай ма?

-Ия. Білгенде… адамдар солай ғой, өздеріне бір ұнайтын нәрселерді «біреудің айтқан сөзі, оқымысты айтты» деп дәлел етіп алады да, соны ұстанып жүре береді. Өздеріне ұнаған нәрсеге дұрыс деп тауып алады да дәлелді. Бірақ ішінен оның дұрыс емес екенін біледі.  Есірткімен айналысу дінге қарама – қайшы деп ойлаймын.

-Еркіндікте жүрген «браттарыңызға» не айтасыз?

-Айтатыным, «Дін – ойыншық емес, имамнан бөлінбеңдер!» деймін. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп қазақ бекер айтпаған.  Жалғыз жүріп  әр нәрсеге ұрынып, адасып кетеді де теріс ағымдарға көп түсіп  жатады. Сол үшін әрдайым имамның артынан еріп, жамағатпен бірге жүру керек деген кеңес берем. Адаспаудың бір жолы осы.

-Енді өзіңіздің басыңыздан өткен жағдайларды салыстырып қарай отырып, адасқандарға «бұл жолдан шығыңдар» деп айта аласыз ба?

-Әрине. Өйткені, қасіретін шегеді, жақындарынан айырылып, өздерінің өмірлері бұзылады, тіпті өліп те кетеді. Біз түскен жол осындай болды ғой, қаншама адам өліп кетті?! Денсаулықтарынан айырылып, зардабын көріп жатыр да.

-Зардап демекші, қатты көрген зардабыңыз?

-Қатты көрген зардабым – Сирияда қоршауда болғаным. Окопта жатып, көшіп, қашып жүрген кезім. Апталап тамақ та ішпедік, шөп жеп кеттік. Адамда автоматты түрде тірі қалуға жан- тәңіңмен тырысу ма, әйтеуір бір түйсік оянады екен, солай жүрдік… Басың істемейді, бағдарламаға қойып қойған сияқты, жүре бересің есеңгіреп…

-Қатты қуанған сәтіңіз?

Елге келгенде қуандым. Исі де басқаша ғой, Сирияда ыстық, ауасы құрғақ. Ұшақтан түскенде қайыңның, шөп – талдардың иісі мұрнымызға келді. «Міне, өз үйің осы!» деген сияқты сезім болды. Күшті бір… жүрек тынышталды…  Жақындарыңның, туыстарыңның қасындасың, әйтеуір дәл қазір көре алмай отырсам да, қасындасың солардың.

-Мемлекетке не айтасыз?

-Мемлекетке алғысымды сотта да айтқам, осындай саясатты ұстанғанына тағы да алғысымды білдіремін. Бізді аман – есен елге алып келіп, жәрдем беріп, далаға тастамағаны үшін алғысым шексіз. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

-Сіз адасып кеттіңіз. Сирияда өліп қалмай, аман келдіңіз, лайықты жазаңызды өтеп жатырсыз. «Теологтар көмектесіп жатыр, қателескенімді түсініп жатырмын» деп отырсыз. Болашақта «мен болдым, енді шатаспаймын» дей аласыз ба?

-Мен бе?.. Иншалла, ол жолға кері түсем деп ойламаймын. Болады ғой, адам бір нәрсеге анық тоқтайды.

-Зайырлы мемлекетімде, ата-анамның қасында мазхабыммен намазымды оқып, дұрыс жолда жүремін дей аласыз ба?

-«Құлшылығыңды жаса, қажылығыңа бар»  деп жатыр, одан артық не керек? Өз басым енді адаспаймын деп сенімді түрде айта аламын. Біз дінді дұрыс түсінбей, теріс кетіп қалдық қой. Осы сұқбатты пайдаланып жастарға «Эмоцияға өте берілмеңдер! Интернетте әркім өз саясатын жүргізіп отыр. Ондағы әдемі сөздерге ермеңдер, ата-ана, жақындарыңның қадірін түсінбесеңдер түбі қатты өкініп қаласыңдар. Кеш болып қалмасын!»  деймін. Жастар бізге қарап қорытынды жасайтын шығар деп ойлаймын. Біз көргенді көрмесін олар.

 Сұқбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz,

Ақтау қаласы