Діни танымда ғылыми сарап басты мәселе
Қоғамда фундаментализм, экстремизм, радикализм және т.б. сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданып, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық шаблондағы, түсініктегі, платформалардағы топтарды айтамыз.
Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатын болғандықтан бұл топтарға заңмен тыйым салып қойған. Мысалы, Ата заңымызда діни партия, идеологиялық платформа, ұлттық негіздегі саяси құрылымдарға рұқсат бермейді. Енді осы шаблонға сай, саяси сипат алған кез келген діни топтар мен жамағаттар егер бар болса, олардың критериилері табылса, қоғамда көрініс тапса, әрине, мемлекет араласып, заңмен тыйып отырады. Міне, сондықтан соттың шешімі бұл кездейсоқ емес, қаншама азаматтарымыз бұған дейін жоғарыдағы «көріністер мен психологиялық мінез-құлықтарын көрсетіп» заң алдында жауапқа тартылды. Олардың әрекеттері бара-бара ұлғайып, типтеніп, сенімдік-психологиялық, танымдық-идеологиялық сипатқа жетті. Салыстырмалы тұрғыдан да аймақтық геополитикалық орталықтардағы сипаттармен ортақ ұқсастықтары мен байланыстары нақты айқындалып отыр. Мысалы, Ирак, Сириядағы ислам халифатына аттанып кеткен қаншама азаматтарымыз қор болды. Осы келеңсіз оқиғаларды заңмен, құқықпен шектеу – мемлекеттің фунциясы.
Сондықтан экстремизм бұл қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы идеологиялық платформасы бар орталық. Ондай орталық елімізде тіркелмейді де, олар бар болған соң мемлекет осындай қадамға барып отыр. Олардың идеялық негіздері, методологиясы, ұстанымы, қоғамдағы көріністері біздің қоғамда бар. Сондықтан осылардың бәрін бір жіпке тізіп түрмеге тоғытуда, құқықтық жаза беруде өте әділ әрі сақ болғанымыз жөн. Дегенмен осы азаматтарымыздың ішінде адасып, бөтен, жат, теріс пиғылды жамағатшылық жетегінде кетіп, ақидалық тұрғыдан ақиқат менікі деп танымдық қырынан бұрынғы дәстүрлі дінімізді мансұқтап» жүргендерге ескерту болсын деген ниет жатыр.
Қазір елімізде де, жаханда да терроризм мен экстремизммен күресу өте өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл құбылыстың көрінген беті ғана, астары тереңде жатыр. Дегенмен бұл қаншалықты саяси болса, соншалықты да сана мәселесі. Ал енді интернет, ақпарат технологиялары да осы адам санасына әсер етуші топтар мен қабаттардың, орталықтардың ең басты құралы екендігі жасырын емес. Экстремизм саясат сонымен қатар сана мәселесі болып отырған тұста, интернеттегі қауіпті сайттарды бақылау, қажет болса бұғаттау қалыпты жағдайға айналды. Негіздемесі де қауіпсіздік шарасы үшін, қаншама жастар сол арқылы санасы уланып, қылмысқа барып жатыр. Бірақ бұл іс сайттарды тек бұғаттаумен ғана бітпес. Керісінше сол сайттың идеологиясына нақты идеологиямен жауап беруді, әрі жылдам әрекетті қажет ететін орталықтарды дайындау қажет. Ол да адам, маман факторы.
Қазір терроризм мәселесі тек бір елдің ғана емес, жалпы халықтық, халықаралық деңгейге жетті. Сонымен қатар «интернеттік қылмыс» деген тіркес те құлаққа үйреншікті болып барады. Демек интернеттік қылмыспен күресу де халықаралық шарттар мен қалыптарды қажет етеді деген сөз. Қазір ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де сол санаға арналған ұстаным. Демек мақсаттылық бірінші орынға шықты деген сөз. Яғни интернетте ақпараттың тек мағлұматтық, танымдық қыры ғана емес, оның мақсатына да ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Себебі қылмыс, оның құқықтық мақсаты мен ниетіне, идеологиясына қарап сарапталады. Өйткені біз мемлекетпіз, ұлтпыз, мәдениетпіз. Ал бұл қабаттар болмыстық қабаттар, яғни құндылықтардан тұрады. Ал рухани құндылықтар тұрақты болса ғана адамның санасында, іште де сыртта да тыныштық болады.
Досай Кенжетай, дінтанушы, әлім