Өзін «сәләфимін» деп айту дұрыс па?

Cоңғы күндері еліміздегі діни ахуалдың шиеленісуі ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Қай жерде жүрсек те, сақалы ерсі, балағы қысқа сәләфилерді көргенде еріксіз үрейленетін болдық. Мұндай үрей бір ғана менің емес, бірнеше мыңдаған азаматтардың бойында бар десем қателеспеймін. Әрине, оның өзіндік себебі бар. Соңғы жылдары елімізде орын алған кейбір келеңсіз жәйттер сәләфилік ағымды ұстанушылар тарапынан болып жатқанын көзі қарақты сарапшыларымыз айтып, дабыл қағып жүр.

Жалпы, сәләфия қандай ағым? Сәлә­фия сөзін қалай түсініп жүрміз? Өзі де бұл ұғымның мәнін терең түсінбейтін жамағаттың құрамына кіріп, өзін «сәләфимін» деп жариялау қаншалықты дұрыс? Міне, осы сынды сан сауалдар қоғамның көкейінде жүр…

Мұндай сұрақтарға отандық дінтанушы-ғалымдарымыз бен ҚМДБ тарапынан жүйелі жауаптар берілуде. Көп­тің көкейіндегі дүдамал сауалдарға «сәләфияны» дінге кейіннен енген «бидғат жол» деп анықтама берген, әлемге әйгілі ислам қайраткері, профессор, доктор Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бутидің (1929-2013) «Сәләфия» кітабы бойынша «Сәләфия» ағымының пайда болу тарихы туралы қысқаша назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Алдымен «сәләф» сөзінің шығу төркініне қысқаша шолу жасасақ, оның бастапқы мағынасы «алдыңғы, бұрынғы» дегенді білдіреді. Демек, уақыт ағымының өткен кезеңі кейінгілер үшін «сәләф» деп аталған. Алайда, бұл сөз ислам дінінен тұрақты орын алды да, арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды.

Діни әдебиеттер «сәләф» кезеңінің ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезең болғанын дәлелдейді. Ол дәуір ислам үмметінің Мұхаммед пайғамбардан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басталатын алғашқы үш буынының шағы еді. Себебі, Бұхари мен Муслимде, Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар: «Адамдардың ең абзалы – менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі жүретін қауымдар келеді» – деген, яғни алдыңғы үш ұрпақтың бойында сақталған ізгілікті айтып кеткен.

Осы үш буынның абзал болуының негізгі себебі – олардың пайғамбар тәлімінен тікелей сусындап, өнегелі ғұмырынан сабақ алуы. Сахабалар исламның сенім негіздері мен діни ұстанымдарын Мұхаммед пайғамбардан тікелей үйренді. Ал, табиғиндер (сахабаларды көрген мұсылмандар) сахабаларға еріп, табаға-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) олардың насихаттарын тыңдап, тәлім-тәрбиелерін көргендіктен, сол шынайы ізгіліктен нәр алды.

«Сәләф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда. Бүгінгі күні «сәләфия» ұғымын мұсылман атын жамылған жат ағымдар бетперде етіп, өзіндік пәлсапа қалыптастыруда. Өкінішке қарай, ислам атын жамылған, саны бар, сапасы жоқ жамағаттардың тізіміне «сәләфия» атымен жаңа бір ағым қосылып, «өзгеше» болмыстарымен «мұсылмандардың» арасында ерекшеленуде.

Қазіргі сәләфиліктің жайына тоқталайық…

Олар өздерін сәләфус-салихиннің жолын жеке-дара ұстанушы етіп көрсеткісі келіп, «Бізге ерсең ақиқатты табасың, ермесең – адасқаның» дейді. Енді олардың сәләфус-салихинге қатыстылығы мен сәйкестігі қаншалықты екенін анықтау үшін: «Біз осы «сәләфия» деген жамағатқа кіріп, оған мүше болғымыз келеді. Соның жолымен жүріп, мүшелігіне енуіміз үшін қандай шарттар бар?» деген сұрақ қою керек. Сонда олардың жауабы: «Мұның шарты – еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, іс-әрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстану» дейді. Бірақ, біз бұл жауапты қостамаймыз, себебі, бұрынғы сәләф қауымы өздері ұстанған қағидалар мен іс-әрекеттерді өзгермейтін заңдылық деп қарамаған, Мұхаммед пайғамбар мен сахабалар өмір жағдайларына байланысты күнделікті іс-әрекеттерін икемдегеніне мысалдар көп.

Мәселен, Меккеде тұратын мұсылмандардың әдет-ғұрпы Мәдинадағыдан өзгеше болды, киім, баспана және басқа да қажеттіліктерге ешқандай қиындықсыз өзгерістер жасады. Пайғамбардың өзі «патшалар мөрсіз хатты оқымайды» дегенге дейін мөр қолданбады. Бір әйел келіп баласының ұста екенін, егер қаласа жұмада уағыз айтатын мінбер жасап беретінін айтқанша, құрма ағашының түбіртегіне сүйеніп құтпа оқыды, яғни, уақыт пен ортаның шарттарына қарай бейімделіп отырған. Қазіргі сәләфилердің іс-әрекеттері бұған мүлдем кереғар, олар ислам атын жамылып, ел ішіне бүлік салуда.

Сәләф дәуіріндегі тақуалар мұсылман үмметінен басқа да кітап иелері мен қауымдарды қамтығаны баршаға мәлім. Сол кезеңнің өзінде ислам атын жамылған топтар мен ағымдар әр түрлі желеумен мұсылман үмметінің ғұламалары мен имамдары тарапынан мақұлданған Құран мен сүннетті түсіну, тәпсірлеу жолынан ауытқыды. Бұл ауытқу оларды әр түрлі шырғалаң мен адасушылыққа итермелеп, іштей топ-топқа бөлінуге ұрындырды. Солардың қатарында болған харижия, муржия, мұғтазилалар кейіннен өз іштерінен көптеген тармаққа бөлшектеніп, бірін-бірі күпірлікпен айыптады. Бүгінгі сәләфилердің де әрекеттері мен сенімі харижия, муржия, мұғтазилалар секілді екенін байқауға болады.

Кез келген реформалық қозғалыстар секілді адамдарды тартып, өзінің мақсатына жету үшін бұл ағым «сәләфия» ұранын ұстанды. Бұл – бидғаттар мен қате нанымдар шынайы өмірден алыстатып, «исламға тән емес барлық әрекеттерден тазартуды» мақсат етті. Сонда ғана мұсылмандар сәләфус-салихтардың заманындағы діни түсініктер мен ұстанымға оралып, солардың ізімен жүрер еді деген үміт болды. Олардың сәләф заманындағы түсінікке табандап тұруларының мәні – ислам әлемінің басым бөлігінде кең жайылған бидғаттарды, қате нанымдар мен түсініктерді жою болды. Алайда, исламның ақиқатын меңзейтін бұрынғы түсініктерді «Сәләф немесе Сәләфия» ұранымен байланыстырғысы келді. Бұл мағыналарға лайық ислам атын жамылған сәләфиядан басқа сөз бар ма?

Исламның ешбір дәуірінде сәләфия мәзһабы жайлы дерек жоқ

Тарихқа ұзақ уақыт үңілдік, көптеген зерттеулер жасадық, бірақ, исламның ешбір дәуірінде сәләфия мәзһабы жайлы дерек кездестермедік,  сондай-ақ, өзінің ағымына тән шектеулі пікірлері мен ахлақтарына адамдарды шақыру арқылы мұсылмандардың арасында қандайда бір «сәләфия» деп аталатын топ болғандығын ешкім де айтпаған. Олай болса, бүгінгі көзімізбен көріп жүрген, әлемнің назарын өзіне аударып, дау-жанжал мен айтысты өршітетін бұл ағымның бастауы қалай пайда болған деген сұраққа жауап іздеп көрейік…

Сәләфилік ағымының негізін Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.ж.) қалаған. Ол ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Тәймияның қатаң қағидаға сүйенген бұрыс сенімін басты идеологиялық қару етіп алған. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб әһлі-сүннет сеніміне қайшы еңбектер жазып, өзіндік саяси белсенділігін пайдаланып, тарих сахнасында Араб түбегіндегі  Нәжд аймағынан бастау алған бүліктердің пайда болуына себеп болды. Сондай-ақ, бұл ағым Мысырды британдықтар отарлаған кезеңде Жамалуддин Афғани мен Мухаммад Абдух басқарып, туын желбіреткен діни-реформалық кезеңде де қатты қарқын ала бастады. Өйткені, Мысырдың сол кездегі жағдайына байланысты осы қозғалыс «сәләфия» ұранымен танылған еді.

Мұсылмандардың алғашқы буын өкілдерінің ізгілігін дәріптеп, исламның ұлылығын жырлап жүрген адамдарға оң әсері етер деген үмітпен бұл қозғалыстың ілгерілеуіне «сәләф» немесе «сәләфия» ұранын таңдады. Осы себептерге байланысты сәләфия ұғымы туындап, ең алғаш рет діни қозғалыстың басындағы Мухаммад Абдух, Жамалуддин Афғани, Рашид Рыза, Абдурахман Кауакиби сияқты көшбасшылар сол ұранды қолданып, үгіт-насихаттарын осы ұранның аясында жүргізді.

Ол кезде бұл ұран бүгінгі көптеген адамдардың түсінгеніндей, ислами ағым дегенді білдірмейтін. Тек қана қозғалыстың атауы болып, олардың танымы бойынша сәләфус-салихиннің жолынан алыстап, бидғат пен қате нанымға бой алдырғандарға қарсылық білдіру ғана болатын.

Бұл қозғалыс бидғат пен ырымдарға қарсы күресу тұрғысынан сәләф қауымына жақындауға тырысып, «сәләфия» ұранын өзінің аты ретінде иеленгенімен, басқа тұрғыдан сәләф-салихиннің ұстанымдары мен әрекеттерін қабылдамай, керісінше олардан алыстай берді. Дегенмен, зиялылар қауымы мен жалпы халық арасында сәләф және сәләфия сөзінің кең таралуында осы қозғалыстың үлкен ықпалы болды. Бұған дейін тек қана ғылыми тақырыптарда ғана қолданылып, алғашқы буын өкілдерін дәріптеуге арналған мадақ сөз еді. Өткен ғасырдың (яғни XX ғасыр) бас жағында бұл сөз ғылыми шеңберден шығып, басқаша рең алып, осы қозғалыстың басылымының атауы болғанын айтуға болады. Мұнымен қатар, Мысырдағы әйгілі «Сәләфия» баспаханасы мен кітапханасы секілді орындарға атау ретінде беріліп, әртүрлі қырынан танылып, құлаққа шалына бастады.

Осы кезеңде Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 жж.) есімімен байланысты «Уаһабилік» ағымы белгілі себептерге байланысты Нәжд пен Араб түбегінің кейбір түкпірлеріне тараған болатын. Уаһаби ағымы мен Мысырдағы діни қозғалысты басқарушылардың ортақ бағыттары болды. Бұл пиғыл – бидғат пен қате нанымдарға, әсіресе, сопыларға қарсы күресуде байқалатын. Осындай ортақ пікірлер уаһабилік ағымның басшылары арасында сәләф және сәләфия сөзінің жайылуына негіз болды.

Барлық мазмұны мен ерекшеліктері Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың негізсіз таным-түсінігіне тіреледі. Олар «Уаһабия» сөзінен мазасызданып жүргенде, «Сәләфия» сөзі көңілдерінен шығып, «уаһабия» сөзін «сәләфия» сөзімен ауыстырды да, бұрынғы сенімдерін осы атпен таратуға кірісті. Сонымен, бұл жолдағылардың пікірлері мен ұстанымдары Мұхаммед ибн Абдулуаһһабпен шектелмей, одан әрі сәләфилік ағымға ұласты. Сөйтіп, олар «исламды түсініп жүзеге асыруда сәләф ақидасының пікірлері мен ұстанған жолдарының сенімді өкілдері боламыз» деген пікір қалыптастырғысы келді.

Міне, кезінде бір қозғалыстың атауы болып, соның ұстанымдарын таратқысы келгендер осылай бір ағымға айналып шыға келді. Бұл ағымдағылар өзге мұсылмандардан ерекшеленіп, өздерін ғана «ақиқат жолындамыз» деп санайды. «Біз, сәләф ақидасының сенімді өкіліміз және олардың исламдағы жолын жалғастырушымыз» деп көрсеткісі келеді. Бұл ағымдағы  адамдардың адасушылығы – «ең дұрыс ислам жамағаты – біз» деп ойлауы.

Бұрынғы сәләфус-салихин ғұлама­ларынан мұндай ілім қалмаған, олардың қай-қайсысы да мұсылмандар бірлігін бөлшектеуге жол бермеген. Ендеше, құрметті оқырман, біздің де бүгінгі «сәләфияны» дінге кейіннен енген «бидғат жол» деуден басқа амалымыз жоқ…

 Дайындаған – Тұрар ӘБУОВ