Қырғызстанда билік тыйым салып, қуғындаған "Йакин Инкар" діни тобы белсенділігін доғарған жоқ
Қырғызстан билігі бес жыл бұрын "Йакын Инкар" діни тобына тыйым салған. Бірақ арнайы қызмет топтың әлі де белсенді жұмыс істеп жатқанын, жасырын медреселер ұйымдастырып, радикал идеологияны насихаттап жүргенін айтады.
Қырғызстан қауіпсіздік қызметі бес жыл бұрын экстремистік ұйым деп танылып, тыйым салынған "Йакын Инкар" діни тобының әлі де белсенді екенін айтады. Бұл топ жасырын медреселер ашып, идеологиясын насихаттап жатыр дейді билік.
Наурыз бен мамырдың аяғында Ош облысы мен Шу ауданында өткен рейд кезінде осы топ жетекшісі деп айтылып жүрген екі адам қамауға алынды деген ақпарат тарады.
Қауіпсіздік қызметі "Йакын Инкар" тобының Шу облысында кемінде елу "белсенді мүшесі" бар дейді. Қырғызстан билігі мен мемлекет қолдау танытатын діни ұйымдар бұл топтың зайырлы жүйеге қауіп төндіретінін айтып, онымен күресіп келеді.
Шудағы жергілікті лидер бірнеше жасырын мектеп, медресе мен жатақхана ашқан деген күдікке ілінді. 51 жастағы ер адам "Йакын Инкар" тобының басқа да төрт мүшесімен бірге қамауға алынған деп хабарлады полиция.
Шу облысындағы рейдтер кезінде исламшыл идеологияны насихаттайтын әдебиет пен компьютер деректері табылды деп хабарлады мамырдың басында осы өңірдегі полиция мекемесі.
Бішкек аудандық соты "Йакын Инкар" тобын 2017 жылғы 15 маусымда экстремистік ұйым деп таныды. 2018 жылы Қазақстан да бұл топқа тыйым салды.
Қырғызстан билігі көпшілікке аса танымал емес топты "зайырлы үкіметті құлатып, ислам халифатын орнатқысы келеді" деп айыптап келеді.
Биліктің "Йакын Инкар" туралы ойын елдегі жоғарғы ислам органы – Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасы мен басқа сарапшылар да қолдайды.
Бірақ Қырғызстанда жұрттың көбі бұл топтың билікке тікелей қауіп төндірмейтінін, оның саяси мүддесі барына дәлел жоғын айтады.
Олар ұйым мүшелеріне исламды өз қалауынша ұстануға рұқсат беру керек деп есептейді, бұл орайда ешкімге зияны болмаса, консерватив христиан және басқа да діндерге рұқсат ететін Батыс елдерін мысалға келтіреді.
"Йакын Инкар" тобы 2014 жылы Ыстықкөл мен Нарын облыстарында пайда болып, Қырғызстанның Жалал-Абад, Шу, Ош аймақтарына жылдам тараған.
Сот шешім шығаратын кезде кей сарапшылар Қырғызстанда бұл топтың мыңға жуық мүшесі бар деді. Бірақ шын мәнінде топтың қанша мүшесі бары белгісіз.
"Йакын Инкар" араб тілінен аударғанда "толық жоққа шығару" деген мағынаны білдіреді. Топ бұл қысқа сөз тіркесін "Құдайдан басқасының бәрін мансұқ ету" деген нұсқада қолданады.
"Йакын Инкар" мүшелері тек ислам ережелерімен өмір сүреді және одан басқасын мойындамайды.
Олар материалды және мәдени құндылықтардан бас тартады. Қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесі мен зайырлы мектептерді мойындамайды. Қырғыз баспасөз құралдары бұл топ басқа діндердің өмір сүру құқығын да жоққа шығарады деп хабарлаған.
Қырғыз билігі ата-анасының діни ұстанымына бола жүздеген баланың мектепке бару мүмкіндігінен айырылғанын естіп, алаңдай бастаған. Олардың көбі "Йакын Инкар" тобына мүше екені айтылған.
"Йакын Инкар" тобына мүше ер адамдар кең және ұзын жейде, кең шалбар киеді. Бұл Ауғанстан мен Пәкістанда киетін киімге ұқсайды.
"Йакын Инкар" мүшелерінің әйелі мен туыстары әдетте үсті-басын жауып тұратын киім киіп, бүркеніп жүреді.
ТОПТЫҢ "ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ" ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАТЫСЫ БАР МА?
2018 жылы Қазақстан да "Йакын Инкар" тобына тыйым салған. Қазір оның Қазақстанда жұмыс істейтін-істемейтіні белгісіз.
Қазақстан мемлекеттік баспасөз құралдары биыл Қаңтар оқиғасы кезінде осы "Йакын Инкар" тобының бірнеше мүшесі ұсталғанын хабарлады. Олар топ мүшелерінен қару-жарақ пен діни әдебиет тәркіленгенін айтты, бірақ толық ақпарат берген жоқ.
Сарапшылар "Йакын Инкар" тобын ислам қоғамын құруды көздейтін, саяси қызметті мойындамайтын "Таблиғи Жамағат" қозғалысының бір тармағы ретінде қарастырады.
Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Сауд Арабиясы "Таблиғи Жамағат" қозғалысына тыйым салып, оны экстремистік ұйым деп таныған.
Қырғызстан парламентте өткізген бірнеше дебаттан соң бұл қозғалысты заңсыз деп таныған. Сарапшылар елде оның 20 мыңнан астам мүшесі бар дейді.
"Таблиғи Жамаған" қозғалысының билікке "Йакын Инкар" тобы мүшелерін анықтап, ұстап беруге көмектескені хабарланды.
Сот шешімі шыққан соң Қырғызстан құқық қорғау органдары экстремизмді насихаттады деген күдікпен оның біршама мүшесін қамауға алған.