Жаңа Қазақстандағы дін мәселесі
Елімізде қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынған Жаңа Қазақстанды немесе екінші республиканы қалыптастыру бағыты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяу мерзімдегі стратегиялық бағдары екені анық.
Өркениетті президенттік жүйесі, ықпалды парламенті мен тындырымды өкіметі, заңға бағынушы азаматтық қоғамы бар жаңа да әділетті Қазақстан құру үшін оның саяси-құқықтық арнасы салынды, дамудың конституциялық-демократиялық бағытына қадам жасалды, ол жалпыхалықтық референдумда кең қолдауға ие болды. Әрине, барынша ауқымды бұл шаралар бір мезетте іске асып кете қоймайды, орасан зор күш-жігерді, уақытты, шыдамдылық пен табандылықты қажет етеді. Енді осы үрдіс пен үдерістің аясында дін саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген сұрақ туындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде соңғы екі-үш жылда басына түскен ауыр сынақтардан (биліктің транзиті жауапкершілігі, пандемия, антропогенді және табиғи-стихиялық апаттар, қаңтар қасіреті, ішкі-сыртқы геосаяси ахуал, саяси реформалар және т.б.) абыроймен өтіп, әр алуан халықаралық шаралар мен маңызды мәселелерде өзінің жан-жақты білімі мен әдебін, дұрыс шешім қабылдау қабілетін, кәнігі дипломат, байсалды саясаткер екендігін танытты. Бұл тұрғыдан алғанда президентіміз мақтан тұтуға әбден лайықты.
Көпшілікті Қ. Тоқаевтың ұлттық және діни құндылықтарға деген көзқарасы толғандыруы мүмкін, өйткені әлеуметтік желілерден оның ана тілі мен төл дәстүрге, қазақы діл мен дінге шорқақтығын бетке басатын сын-пікірлер көп кездеседі. Алайда Президенттің қазақ тілінде сөйлеуі, қазақ руханиятын, Абай мұрасын насихаттауы, Кеңес кезінде қуғынға ұшыраған құрбандарды, оның ішінде дін өкілдерін толығымен ақтау үшін мемлекеттік комиссия құруы, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажыны бірнеше мәрте арнайы қабылдауы, Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қазақстандық мұсылман жамағатын айт мерекелерімен құттықтауы, Қожа Ахмет Йасауи кесенесін зиярат етуі, ақырында Жошы ұлысының ордасы болған, ұлттың ұлы ұясы - Ұлытауда құрбан шалып, Құрылтай өткізуі бұл алып-қашпа, қысыр әңгімелерді теріске шығарады.
Президенттік сайлау алдындағы бағдарламасында Қ. Тоқаев өзінің ұстанатын принциптерінің бірі ретінде сабақтастық құндылығын айтқан болатын және өз саясатында оны ұстанып та келе жатыр. Демек, осы кезге дейін Қазақстанда мемлекет пен дін қатынасының және конфессиялар арақатынасының құқықтық-заңнамалық негіздері жолға қойылған дін саласындағы мемлекеттік саясатты одан ары жалғастырады деген сөз. Мемлекет басшысының твиттер желісіндегі бұрыңғы жазбаларынан-ақ ысырап пен ластыққа қарсы екені, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтыны, прогресшіл және ағартушы исламды қолдайтыны белгілі. Президент соңғы сұхбаттарында «Қазақстанда азаматтық қоғамның бар екендігін», «өз халқына демократия мен еркіндіктерді көбірек бергісі келетінін» айтқан еді. Фейсбук парақшаларында пікірталас тудырып отырған мектеп оқушыларының жамылғысы мәселесінің құзырлы орган тұлғалары тарапынан көтерілуін «еститін мемлекеттің» тарапынан болған сигнал деп қарастыруға болады. Дін ұстану бостандығы адам баласының туа бітті ажырамас құқығы екендігі, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның ажырамас белгісі екендігі белгілі.
Имандылықтан арылған қоғамның ұзаққа бармайтынын кешегі өткен тарихтан білеміз. Атеистік мемлекетпен салыстырғанда зайырлы мемлекет дін мәселелерінде мұқият ойластырылған қадамға сүйеніп, ар-ождан бостандығы мен дін ұстану еркіндігін таразының екі басында тең ұстауы қажет. Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, тіпті, атеистік немесе бейтарап қалуына да еркіндік, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқылы адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Бірақ барлығы да өзгенің еркіндігін шектемейтін заң аясында болуы қажет.
Бақытжан Сатершинов, Философия ғылымдарының докторы, профессор