Елорда тұрғыны: ата-анам джиһад туралы жиі айтатын
Дүниеге келген әрбір балаға бағыт көрсетуші жан –оның ата-анасы. Моральдық прициптер мен діни бағытты да бала әке-шешесінен алады. Бірақ, барлық ата-ана ұрпағына дұрыс жол насихаттайты деген кепілдік жоқ. Кейде үлкендердің кесірінен балалар қиналып, бағытынан шатысып жатады. Біздің редакциямызға Маржан есімді елорда тұрғыны ата-анасының діні жолды таңдауда көрсеткен қысымы туралы айтып берді. Маржанның ата-анасы өздері теріс жолға түсіп қана қоймай, қыздарына мектеп жасынан хиджап кигізіп, дінді агрессивті жолмен үйреткен.
-Ата-ананыз, отбасыныз туралы айтып бересіз бе?
-Біз отбасымызда 4 баламыз. Менен кейін үш бауырым бар. Елордаға 2012 жылы Қарағанды облысынан көшіп келдік. Тұрақты баспанамыз болған жоқ. Әр айда пәтер ауыстырып, көшіп жүрдік. Жиі мектеп ауыстырып тұрдым. Менің ата-анам өте жайдарлы, ақкөңіл адамдар болатын. Бізге қатты дауыс көтеріп ұрыспайтын. Бірақ, астанаға көшіп келген жылдан бастап олар күрт өзгере бастады.
-Намаз бастамай тұрып, ата-ананыз ислам дінін ұстанды ма? Яғни, Аллаға сеніп, мешітке барып, ислам дінінің қағидаларын орындайтын еді ме?
-Біз отбасымызбен құдайға сенетінбіз. Бірақ, бала кезімде ата-анамның мешітке апарғаны немесе өздері барағаны есімде жоқ. Жалпы ислам жорағыларын орындайтынбыз деп айта алмаймын.
-Нұр-Сұлтанға көшкеннен бастап ата-ананыз намаз бастап, ислам дінін толығымен ұстана бастаған. Мұндай әрекетке не түрткі болды?
-Қалаға көшіп келген кезде әкем де, анам да құрылыста жұмыс жасайтын. Сол уақыттан бастап, олар намаз оқи бастады. Әкем сақал өсірді, анам хиджап киіп жүрді. Құрылыста бірге жұмыс жасайтын жолдастары да намазхан адамдар болды. Менің ойымша құрылыстағы жұмыстары олардың осындай жолға түсулеріне түрткі болды.
-Нағыз мұсылман деп дінді зерттеген, адамгершілігі мол сабырлы адамды айтамыз. Ата-ананыздан мұндай қасиеттер байқалды ма?
-Жоқ, керісінше, бұрын намаз бастамай тұрғанда олар өте ақкөңіл жандар еді. Діннің теріс жолын ұстана бастағаннан бері олар өзгерді. Мені хиджап киюге мәжбүрледі. Мен ол уақытта бар болғаны 13 жаста едім. Хиджапқа үйренбендіктен оны киюді де ұмытып кете беретінмін. Мұндай жағдайда анам маған ұмытып кеткенім үшін күш көрсететін. Әкем бауырларыма арабша оқытып, намаз оқуды үйрете бастады. Бауырларым да кішкентай болғандықтан, дінді дұрыс түсінбейтін, далаға ойнауға қашып кететін. Әкем оларды ұрып-соғып, қинап оқыта бастады.
-Мектептегі біліміңіз қалай болды? Ата-ананыз мектепке хиджапсыз баруға қарсы болған жоқ па?
-Қарсы болды. Мектепке хиджап киіп барғанымда ұстазым менің әлі бала екенімді айтып, хиджапты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін кию дұрыс деп ұсыныс айтқан болатын. Мұны естіген ата-анам ашуланып, мені мектептен шығарып алуға талпынды. Мектепте оранбаған әйелдердің және сақалы жоқ еркектердің, нағыз мұсылман емес адамдардың білім бергені болмайды деген әкемде ұстаным пайда болды.
-Ата-ананыз жұмыстан бөлек қайда уақыт өткізетін еді?
-Жұмыстан бөлек, олар жиі қонаққа баратын немесе біздің үйге жиі жиналатын. Біздің Астанада жақын туыстарымыз жоқ, жоғарыда айтқандай өздері сияқты намазхан жолдастырымен жиі жиналатын.
-Жолдастарымен бас қосатын кезде қандай тақырыпта әңгіме қозғайтын? Олардың қандай да бір ортақ әрекеттерін сипаттап бере аласыз ба?
-Олар жиі джиһад, соғыс әңгімелерін қозғайтын. Нақты қай ел екені есімде жоқ, бірақ шетелге көшу туралы айтқандарын білемін. Жолдастары да балаларын мектепте оқытқысы келмейтіндерін ашық айтатын. Өздерінен басқасын «кәпір» санайтын. Олардың бойындағы ортақ әрекетке агрессивтілікті жақызатын едім. Әсіресе, балаларына жиі агрессивті мінез көрсететін. Себебі, бала болғандықтан, біз олар ойлағандай дінге дұрыс бет бұра алмадық.
-Қазір ата-ананызбен қарым-қатынасыныз қалай?
-Олармен тұрғым келмегеніктен үйден бірнеше рет қашып кетіп жүрдім. Өз-өзіме қол жұмсағым келген кездер де болды. Ата-анам мені түсінбейді, бүкіл әлем маған қарсы сияқты көрінді. Менде өз қатарластарым сияқты өмір сүргім келді. Сол себепті де, кейін мүлдем нағашы атам мен әжемнің қолына оқуға кеттім қалдым. Мектепті сол ауылда бітіріп, оқуға түстім. Арада біраз жыл өткенімен ата-анам өзгере қойған жоқ. Мен оларды кешірдім. Енді тек олардың тура жолға түскенін тілеймін.
-Сұхбатыңызға рахмет!