Мұсылман және қылмыс
Жақында Оралда орын алған оқиға елді біраз шулатты. Ондағы басты мәселе қатыгездікпен жасалған қылмыс. Әрі ол қылмысты жасаушының түр-сипаты.
Оқиғадан кейін пікір сұраушылар да өзіндік баға берушілер де көбейді. Әркімнің өз пікірі болуы заңдылық, бірақ барлығына ортақ мәселе қылмыскерді ақтауға болмайтындығы. Иә, қандай дін өкілі болсын, қандай ұлт өкілі болсын қылмыскердің аты қылмыскер. Тіпті қандай ашу-кек болса да адам өлтіру ауыр қылмыс. Оның үстіне айуандықпен болса тіптен сорақы.
Кейбір адамдар мұсылман мен исламды біртұтас деп санайтындықтан мұсылманның (сақалына қарап) қылмыс жасауы қалай деп исламофобияны көріктеп те үлгерді. Мұсылманшылық жолдағылар да ол радикал ағымның өкілі ғой деп жұбаныш тапқандай болдық. Бірақ, бір нәрсені түсіну керек. Мұсылман болса да ол -адам, пенде. Оның үстіне мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да ділде жоқ заманда сыртын қанша жуса да іші оңбағандар көп. Исламның атына кір кетіретіндер де солар. Сондықтан мұсылман мен мұсылманшылықты ажырата білу абзал.
Екінші бір маңызды мәселе, радикалдардың асқынуы. Өткен он жылдықта орын алған қанша лаңкестіктер мен оқтын-оқтын орын алып жатқан қатыгездіктерде бас көрсетіп жүрген радикал ағым өкілдерімен мәселені оңтайлы шеше алмағандаймыз. Елімізде бірнеше бағдарламалар қабылданып, оңалту, бетін бері қарату жұмыстары жасалып жатқанымен нәтижесі белгісіз. Заң бойынша атын-атап, түсін-түстеп тиым салу да әзірге қолдан келер емес. Енді қалай болмақ, сиырдың бүйрегіндей болып бөлінген мұсылманшылық осылай орнығып қалмақ. Себебі, олардың санының көптігі, уақыттың өтуі. Ел ертеңіне алаң болатын әрбір азаматты толғандыратын жағдай бұл. Халықтың діни санасы қалыптасып, ішкі иммунитет орнап үлгермегендіктен олардың қатары күн санап өсе береді. Ал олардың саны артып, өздеріне деген сенім нығайған сайын елдің ішін ала тайдай бүлдіре береді.
Не істемек керек...Алдымен осы салада қордаланған мәселелерді шұғыл шешу керек. Мамандар мәселесі, олардың жалақысы мәселесі, жұмыстың нәтижесі мәселесі, дерадикализация жұмысын жетілдірудің басқа да тетіктері, қауіпсіздік орындарының жауапкершілігі мәселесі... айта берсек мемлекетке тиесілі атқаратын шаруа аз емес. Тіпті болмаған жағдайда қазақ айтқандай «Аюға намаз үйреткен – таяқ» болуы тиіс. Әйтпесе дін атын жамылып сенімге кіріп, қаласа қауғадай сақал қойып, қорыққан кезде қырып, маманның да уақытын алып мемлекетпен ойынын жалғастыра береді. Менің ойымша бұл мәселені экстремизмге бөлінетін қыруар қаржыға қызығып созбақтай бермей нақты қолға алатын уақыт жеткен сияқты...