Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі басталды
Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі басталды. Іс-шараға әлемнің 50 елінен келген 100-ге жуық делегация, әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр.
Съезд жұмысын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кіріспе сөзбен ашқан соң дінаралық рухани бірліктің нышаны ретінде 1 минуттық дұға жасалды. Алғашқы сөзді алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге келген делегация өкілдеріне құтты қадам айтты. – Қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер! Католик шіркеуінің басшысы, Рим Папасы Францискке шақыруымызды қабыл алып, іс-шараға қатысып отырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Сіз әлемдегі бейбітшіліктің жаршысы болып келесіз. Көне әл-Әзһар университетінің Жоғарғы имамы, шейх Ахмет ат-Тайыпқа да алғысымыз мол.
Сіз ислам әлемінде діни ілімнің дамуына үлкен септігіңізді тигізіп, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында жасап жатқан еңбектеріңіз зор, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумды өткізуге Қазақ елінің бастамашыл болуы бекер емес екенін тілге тиек етті. – Себебі біздің жеріміз ықылым заманнан батыс пен шығыс арасында көпір болып келеді. Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Ол жерде қазба жұмыстары жүргізілгенде ислам, христиан және буддизм ғибадатханаларының қатар тұрған орындары табылды. Бұл бізде діни толеранттылық бұрыннан болғандығын білдіреді, – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы дінаралық келісім мен конфессияаралық татулық туралы айтып өтті. Елімізде барлық дін өкілдері тең жағдайда өмір сүріп, құлшылық жасап жатқанын айтты.
– Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы әрі артықшылығы деп санаймыз. Бүгінгі съезд соның айқын көрінісі. Қазіргі күрделі кезеңде дінбасыларының бір үстел басында жиналуы аса маңызды. Олар қандай жағдайда болмасын тіл табысуға болатынын айқындайды. Менің ойымша съездің басты миссиясы да осы, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.