Базардағы күзетшілер айлық алу үшін Құран жаттауға мәжбүр

Алматыдағы "Байсат" базарында жұмыс істейтін күзетшілер жалақысын алу үшін Құран аяттары мен сүрелерді жаттауға мәжбүр болған. Базар әкімшілігі ол үшін арнайы имам да жалдапты.

Қоғамда үлкен резонанс туғызған мәселені журналист Диас Нұрақын өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда "Байсат" базарындағы күзетшілерге басшылық тараптан діни ықпалдың болып жатқаны туралы айтылады. Яғни, күзетшілер намаз оқып, Құран жаттауға мәжбүр. Егер қойылған талапқа бой ұсынып, тәртіпке көнбесе жазаға тартылатын көрінеді.

"Ай сайын жалақының уақыты жақындағанда базарға молда келіп күзетшілерден емтихан алады екен. Кімде кім сүре немесе аяттан шатасса айлығынан 5 мың теңге ұстап қалады дейді. 4 рет қателессең жалақыңнан 20 мың теңге жоқ деген сөз. Ең сорақысы жиі қателескендерді бірден жұмыстан шығарып жібереді екен. Кей дыбыстарға тілің келмей шатассаң молдекең айқайлап, әңгір таяқ ойнатады. Жасы егде тартқан күзетшілер біразын жаттап алған. Ал, отбасын асырау үшін 2-3 жерде жұмыс істейтін жастарға обал болды деп отыр таныс ағам", — деп жазды Диас Нұрақын.

Ғаламторда қызу талқыланған тақырыпқа қатысты ҚМДБ жауап берді. Олардың айтуларынша, Құран оқуды үйрететін азамат Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жаңатұрмыс ауылының имамы екен.

"Базар әкімшілігінің өтініші бойынша сондағы қызметкерлерге дәріс беріп, Құран оқуды үйрететін азамат Алматы облысы Жамбыл ауданы Жаңатұрмыс ауылының имамы екені анықталды. Имам өзіне жүктелген діни қызметті атқарған. Ал сүреден сүрінгендердің айлығын қысқарту ісі имамның құзыретіне кірмеген. Бұл базар әкімшілігінің шешімі екен. Имамға қатысты тиісті шешім қабылданады", — деді ҚМДБ өкілі.

Диас Нұрақынның шулы мәлімдемесіне қатысты имам да өзі пікірін білдірді. Қанат Таңсықбаевтың айтуынша, намаз оқып, құран жаттауда тұрған еш әбестік жоқ.

"Қаншама жігіттер сүре жаттап, жаман әдеттерінен тыйылып, намаз үйреніп, ата-бабамыздың тура, діни жолына түскеннің несі айып? Ал, басына әңгір таяқ ойнатып, тілі келмесе жалақысынан 5000 теңге ұстап қалып немесе жұмыстан шығарып деген сөз — бұл енді өтірік пен жала, ағайын. Біз 21 ғасырдамыз, елдің бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Әр сөздің пайымына барып, түбін сұрап сөйлеген дұрыс болар. Ханафи мәзхабы матруди сенімі бойынша сүре жаттап, дұға, намаз үйреніп, салт-дәстүрін, тілін сақтап, адал нәпақасын тауып жүрген қазақ жігіттері көбейсе не зиян көреміз?", — деді имам.

Әзірге "Байсат" базары әкімшілігі бұған қатысты жауап берген жоқ.