Ажырасу туралы жаңа фильм жарыққа шықты
Астана қаласының "Діндерді зерттеу орталығының" Youtube парақшасында кезекті актуалды тақырыпқа арналған бейне туынды жарыққа шықты.
Бүгінгі күні ажырасу мәселесі қоғамда жиі таралған құбылыс. Кейінгі кезде құндылықтар құлдырап, шаңырақ шайқалуы оңай болып кетті. Бізді де бұл мәселе толғандырмай қоймады. Ажырасқан адамның ғұмыры туралы дайындаған тың туындымызды қабыл алыңыздар! Фильмде ажырасқан адамның басынан өткен өткен оқиға мен өкініш баяндалады, делінген орталықтың ресми парақшасында.
Бүгінгі уақытта отбасы мәселесі проблемалық тұрғыдан бірінші орынға шықты. Неге? Себебі, еліміздегі шаңырақ көтерушілердің санына қарағанда, ажырасушылардың легі жыл санап кемімей отыр. Сөзіміз тұщымды болуы үшін статискалық мәліметтер келтіріп көрелік.
Ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарға Павлодар облысы (53%), Қостанай облысы (51%), Солтүстік Қазақстан облысы (50%) жатады. Ал ажырасу аз тіркелген аймақ ОҚО екен.
Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады.
Ажырасу- әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез-келген проблеманың ушығуы, шиеленісуі-қоғамда оған деген қалыпты көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да осындай деңгейге жетті. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда заңды тіркелген неке 148 769-ды құраған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айында 39 682 неке заңдастырылған. Неке қию 4,6% төмендеген. Осы жылдың қаңтар-сәуір айында 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.
UNSTAT мәліметтеріне қарағанда неке коэффиценті бойынша Қазақстан БҰҰ-ға кіретін 100 елдің ішінде 16-орнында тұр. Қазақстан Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр сияқты елдерден кейін тұрақтаған. Ал ажырасу коэффиценті бойынша Қазақстан осы елдер арасында 24-орында. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффиценті ең жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия екен.
Ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффиценті ең жоғары. Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Мысыр, Сирия, Иордания, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Ливияда барлық неке заң жүзінде дін өкілінің қатысуынсыз жүзеге асады. Ал Иран мен Израильде барлық неке дін өкілінің қатысуымен жүзеге асады. Осыған байланысты, егер жұбайлардың бірі ажырасуға қарсы болған жағдайда қиындықтар туындайды.