Ибадийа – харижилердің бүгінге жеткен сарқыты
Ибадийа – харижи фирқасының ішіндегі ең ымырасыз және күні бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқан діни топ саналады.
Бұл фирқаның негізін Абдуллаһ б. Ибад қалады. Мәруан б. Мұхаммед халиф болып тұрған шақта оған қарсы көтеріліс жасайды. Көтерілісті жаншу үшін Мәруан әскер жіберіп, Тихама мен Сананың арасындағы «Тәууала» деген жерде екі жақ кескілескен соғыс жүргізеді. Жалпы, Харижи өкілдері халифатқа қарсы дүркін-дүркін көтерілістер жасағанмен, ашық майданда үнемі жеңіліске ұшырап отырған. Олардың халифатқа қарсы күресі партизандық және террорлық жағдайда өрбіген. Ибдаийа фирқасының діни көзқарастарына тоқталар болсақ:
а) Бұлардың пікірінше мұсылмандардан болып, өздеріне қарсы болғандар не мүшірік, не мүмін саналмайды. Оларды кәпір деп санайды. Бірақ, олар сенімдік тұрғыдан емес, нығмет тұрғысында кәпір. Өйткені, олар Аллаға қарсы келіп, Оған деген сенімінде ақау болған деп біледі.
д) Өздеріне қарсы келушілермен үйленуге болады. Және олармен өз арасында мирасқорлыққа да рұқсат берді. С. Хизметли өз шығармасында Ибадийа фирқасы туралы былай дейді: «Ибадийа фирқасының көзқарасы бойынша иман мен ислам біртұтас. Сондықтан іс-әрекет иманның бір бөлігі саналады. Яғни, ғибадаттар мен іс-әрекеттер иманнан. Сол себептен Құран бұйрықтарын орындамаған немесе тыйым салған нәрселерінің бірін жасаған адамды иманнан шыққан деп санаған».
Дегенмен, Ибадийа өкілдері уақыт өте келе көзқарастарын өзгертіп, үлкен күнә жасаған мұсылманнның мүшірік емес, нығмет күпірлігін жасағанын айтып, оның тәухид мүшесі екенін көрсеткен. Аллаға иман, илаһи сипаттар, пайғамбарлық және тағдыр сенімдерінде әһлі сүннетпен бір көзқараста болды. Олардың әһлі сүннеттен басты ерекшелігі – ақырет күнінде Алланың көрінбейтінін және халифтің Құрайыштан болуы шарт емес екенін алға тартуы болатын. Ибадийа фирқасын ұстанушылар өз жақтастарын дос (аһли-уалаят), өзгелерді дұшпан (аһли-бараят) деп жариялайды. Ибадийа фирқасы қәзіргі кезде Араб түбегінде Оман, Солтүстік Африкадағы Ливия, Тунис, Алжир және Мадагаскарда кеңінен таралған. Олардың пікірінше өздерінің фирқасында болмағандар кәпір емес, бірақ нығмет күпірінде, яғни олар ақырет күні тозаққа барып, азап шегеді. Бұл жағдайдан құтылу үшін ибадилерге қосылып, күнәларынан тәубеге келу керек. Бүгінгі күні Аззабе деген саяси қайракер тарапынан басқарылатын ибадийа фирқасы «жақсылыққа үндеу, жаманшылықтан тыю» қағидасына аса зор мән береді.
Мұхан ИСАХАН, kazislam.kz