Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңғы күндері
Алла Тағала қасиетті Құранда әрбір жан иесінің өлім дәмін тататындығын айтқан. Мәңгілік өмір – тек қана ақырет өмірі. Мына дүниенің өткінші екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Қанша ауыр болса да, қанша қимасақ та әйтеуір бір күні не біз жақындарымызды, не жақындарымыз бізді мәңгілік сапарға шығарып салатындығы сөзсіз.
Сол секілді Алла елшісін (с.ғ.с.) өз жандарынан да артық жақсы көрген сахабалар да, қанша қиналғанымен, қайғыдан қан жұтқанымен ардақты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қимай қоштаса отырып, соңғы сапарына шығарып салды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салмас бұрын біраз күн қатты сырқаттанып қалғаны белгілі. Бірақ, ол кезде сахабалардың Алла елшісінен (с.ғ.с.) айырылып қаламыз-ау деген ойлары болмаған да шығар. Дегенмен, Алла елшісінің (с.ғ.с.) аузынан шыққан әрбір сөзге асқан ықтияттылықпен қарайтын серіктері Ол кісінің соңғы сәттегі өсиеттерін де жадыларында берік сақтап, кейінгі буынға қаз қалпында жеткізіп кетті. Алла Тағала қасиетті Құранда әрбір жан иесінің өлім дәмін тататындығы жайында: «Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Қиямет күні бұл дүниеде істеген істеріңнің қарымын толық аласыңдар. Кімде-кім тозақтан аулақ әкетіліп, жұмаққа кірсе, зор жетістікке әрі мақсат-мұратына жеткені. Бұл дүниенің тіршілігі алдамшы қызықтан басқа түк те емес» (Әли Имран сүресі, 185 аят). Бұл аятта әрбір адам баласының мына өткінші де, алдамшы дүниені тастап, мәңгілік өмірге аттанатындығы анық. Ал мәңгілік өмірде жұмақ пен тозақ екеуі күтіп тұр. Ендеше, ақылды адам осы дүниеде жүргенде өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмаққа кіруіне себеп болатын ізгі амалдарды атқарып қалу керек. Міне, сол адам нағыз бақытты адам. Қияметте жұмаққа кірген адамның қуанышынан артық қуаныш болмайтындығы сөзсіз. Себебі, жұмаққа кіре алмау – тозаққа кіру деген сөз. Ал тозақтың азабы адам төзгісіз өте ауыр екендігі белгілі. Үмму Сәләмә және Әнас ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.) ең соңғы өсиеті:
«Намазға берік болыңдар, намазға берік болыңдар және қол астыларыңдағының (әйел, бала-шаға, құл-қызметші, мал-мүлік) ақысында (яғни, оларға қиянат жасауға, зұлымдық етуге, дүние-мүліктің зекетін бермеуге) Алла Тағаладан қорқыңдар», – деген сөз болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығы кезіндегі құтпасында: «Мен сендерге бір нәрсе қалдырып барам, оны берік ұстасаңдар, еш адаспайсыңдар, ол – Құран. Сендер мен жайлы сұраласыңдар, сонда не айтасыңдар?» – деді. Жұрт: «Біз Сіздің дінді толық жеткізгендігіңізге, аманатты орындағаныңызға және насихат еткендігіңізге куәлік етеміз», – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) дүние салған кезде сахабалар қатты абдырап қалады. Тіпті, Хазірет Омар (р.а.) «Мұхаммед өлді деген адамның басын шабамын. Ол Мұса пайғамбар секілді Раббысымен жолығып келуге кетті», – дейді.
Сол уақытта Мәдинаның сыртында болған Әбу Бәкір (р.а.) келіп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) дүние салғанына көзі жеткен соң халықтың алдына шығып: «Сендердің кімде-кімің Мұхаммедке құлшылық қылып жүрген болса, Мұхаммед өлді. Ал кімде-кім Аллаға құлшылық қылған болса, Алла Тағала тірі, ешқашан өлмейді», – деп «Мұхаммед ақиқат жаршысы ретінде жіберілген елші ғана. Одан бұрын да талай елшілер келген. Егер ол ажалы жетіп, көз жұмса немесе өлтірілсе, сендер кері кетіп, діннен шығасыңдар ма?! Кімде-кім кері кетіп, діннен шықса, онысымен Аллаға мысқалдай да зиянын тигізе алмайды. Алла (тура жолда жүрудің қадірін түсініп) шүкіршілік етушілерді жақында мол сый-сияпатқа бөлейді», – деген аятты (Әли Имран сүресі, 144 аят) оқиды. Сол кезде барып қана сахабалар өздеріне келеді. Олар бұл аятты Әбу Бәкір (р.а.) оқып бергенде мұны бірінші рет естіп тұрған секілді болды (Бұхари риауяты). Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүйікті қызы Фатима (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанына келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны мархабатпен қарсы алып, қасына отырғызады. Сосын оның құлағына сыбырлап бір нәрсе айтады.
Сол кезде Фатима (р.а.) жылап жібереді. Оның қайғырғанын көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да құлағына сыбырлап бір нәрсе айтады. Сол кезде Фатима (р.а.) жымиып күледі. Айша анамыз (р.а.) бұл оқиғаның бәріне куә болып отырған еді. Фатима анамыздан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) не айтқанын сұрайды. Алайда, Фатима (р.а.) «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) сырын ешкімге айтпаймын», – дейді. Сосын Алла елшісі (с.ғ.с.) дүние салған соң Айша анамыз (р.а.) Фатима анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) құлағына не сыбырлағанын тағы сұрайды. Сол кезде Фатима (р.а.) мән-жайды былай баяндап береді: Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Мен Жебірейіл періштеге Құран Кәрімді бастан-аяқ жылына бір рет қана тапсыратынмын. Биылғы жылы екі рет тапсыртты. Мен ажалым жақындап қалды деп ойлаймын.
Аллаға қайшы келуден сақ бол! Сабыр ет! Сен жақындарымның ішінен бірінші болып менімен қауышасың», – деді. Мен соған жыладым. Менің жылағанымды көрген Пайғамбар (с.ғ.с.) «Әй, Фатима! Жұмақтық әйелдердің құрметтісі болуға разы емессің бе?!» – деді. Менің жымиғанымның себебі сол болды (Бұхари риуаяты). Алынар ғибраттар: – Алла елшісі (с.ғ.с.) соңғы демі, соңғы күші қалғанға дейін үмметіне насихат айтуын, өз мойнындағы жауапкершілігін орындауын тоқтатпады. – Мұсылмандар үшін ең басты екі темірқазық – Құран Кәрім қағидалары мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) ғибратты сүннеті. – Сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаты – Оны дүние салды дегенге сенбей, естерінен айырылып қалардай күшті болды. – Фатима анамыз – ең қадірлі, құрметті әйелдердің бірі болып саналады. Кез келген адам соңында мына өткінші дүниені тастап, мәңгілік сапарға аттанатыны ақиқат.
Ержан НИЯЗОВ, теолог, дінтанушы