Түзету мекемесінде намаз оқи бастадым

Омаров Даурен есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Даурен мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Омаров Даурен 1984 жылы наурыз Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенмін, ал негізгі тұрғылықты жерім Павлодар облысы болып саналады.

- Жазасын өтеу бойынша қандай баптар бойынша айып тағылып отыр?

- Билікке күшпен қарсы келу, терроризмдi насихаттау немесе террористік әрекеттер жасауға жария түрде шақыру баптары бойынша жазаға тартылдым. Бұған дейін де сотты болғаным бар. Осыдан 18 жылдай бұрын жазамды өтеп шыққан болатынмын. Кейін 2009 жылы босап шыққасын көп ұзамай қайтадан 2010 жылы аталған бап бойынша тағы да істі болып, сотталдым. 2019 жылы жазамды өтеу кезінде түзету мекемесінде істі болып терроризмді насихаттау бабы бойынша жаза мерзіміне тағы да мерзім қосылып 15 жылға жуық мерзім берілді. Ал, жаза мерзімімнің аяқталу уақыты 2026 жылдың басына белгіленіп отыр.

- Отбасыңыз, бала-шағаңыз бар ма?

- Иә, 2014 жылы жазамды өтеу кезінде неке қидырып отбасылы болдым. Бірақ, себептерге байланысты 2 айдан кейін әйеліме талақ беріп, ажырастық. Екеуміздің арамызда бала болмады.

- Жалпы намаз оқып, дінге бет бұруыңыз туралы айта кетсеңіз..

- Намазды 2010 жылы осы түзету мекемесінде намаз оқи бастадым, осы жердегі намаз оқитын бауырлардан үйреніп, уағыз насихаттарынан әсерленіп бастап кеттім. Алғашқы уақытта өзімнің такфирлік ұстанымында болғанымды, кейін ол сенімімнен қайтқанымды айтқым келеді. Яғни менің түсінігімде намаз оқымайтындардың барлығына кәпір деп айып тақтық. Негізінде, менің діни сауатым жоқ, тәджуид оқымадым, яғни Құранды түпнұсқада, арабшасын оқи алмаймын. Намазда оқылатын Құранның қысқа сүрелерінен 10-ға жуығын жаттағанмын. Бұрын осындағы кейбір «діни білімі бар» деген сотталушыдан діни сенімге байланысты ақпарат алғаным бар.

- Дін экстремизм және терроризм туралы ойыңыз?

- Шынымды айтсам бұл тақырыпта көп әңгімелескім келмейді. Өйткені осы тақырыпқа байланысты басымнан өткізгендерім көп. Сондықтан маған осы тақырыптарда сөйлесу қиынға соғады.

- Діни мәселелер бойынша өзіңіз қызығып жүрген тақырыптар бар ма?

- Соңғы кездері мұсылманның сипаты, мінезі қандай болу керек т.б. осы бағыттағы тақырыптарға қызығамын. Мұсылман адамның келбеті, мінезі жайлы білгім келеді. Оны исламда Ахлақ деп айтып жатады.

- Айтар ескертпелеріңіз болса....

- Адам баласы қателіктен алыс жүрмейтін сияқты. Қателіктен, баз кешуден, мен сияқты түзету мекемесінде отырудан сақтанудың жалғыз жолы - кез-келген ақпаратты, ол мейлі діни болсын, не болмаса басқа да тақырыптағы ақпараттарды арнайы жерлерден алу керек. Осыған көзім жетті. Айтарым арнайы мекемелерден, муфтият, мешіт сияқты мемлекеттің рұқсаты бар жерлерге барса деймін.

- Даурен мырза, сізге сұхбат бергеніңізге ризашылығымды білдіргім келеді!