Смайыл Сейтбектің «Иман негіздері» кітабынан көп жауап алдым
Бектаев Мұрат есімді респондентпен сұхбат
(Аты-жөні өзгертілген)
- Мұрат мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?
- Мен Бектаев Мұрат 1983 жылы Өзбекстан Республикасында, Бұхара облысында дүниеге келдім.
- Жаза өтеу бойынша сізге қандай айыптаулар негізінде жаза тағайындалып отыр?
- Маған шамамен 8-ге жуық баптар бойынша: кісі өлімі, террористік іс-әрекеттер ұйымдастыру және оған күшпен адамдарды мәжбүрлеу және т.б. қылмыстық баптар негізінде айып тағылды. Осыдан 15 жылдай бұрын 2005 жылы билікке қарсы келу туралы бап бойынша сотталғаным бар, бірақ 2006 жылдың басында амнистиямен бостандыққа шықтым. Тағы сол баппен екінші мәрте істі болдым. Үшінші рет 2008 жылы басында айтып кеткен баптар бойынша бас бостандығымнан айырылып, барлық айыптар ескеріле отырып, толық жаза мерзімім 20 жыл болып бекітілді.
- Түзету мекемесінде отырған өзіңіз секілді жазасын өтеушілермен ара-қатынастарыңыз қалай?
- Түзету мекемесіндегі бауырлар, яғни намаз оқитындар арасында туындайтын алауыздық немесе келіспеушілік жоқ. Өзім осы жерде жүргендіктен олар арасындағы жайттармен таныспын және олардың іс-әрекетін жақсы білемін.
- Негізгі қазіргі кездегі діни жай-күйіңіз қалай?
- Шыны керек, басында соқыр сенім жетегінде кеткенімді мойындаймын, қазір бәрін түсіндім дегенменен, қателіктерімді түсінуге діни сауатым жетіспейді. сол қателіктерімді түсінуге теологтармен тығыз жұмыс жасап жатырмын. Кітапхандан біраз діни ақпараты бар кітаптар оқыдым.
- Жақсы, ал түзету мекемесінің діни кітап қорлары туралы не айтар едіңіз..?
-Түзету мекемесіндегі кітапханадағы діни мазмұндағы кітаптардың басым көпшілігін оқып, жақсы әсер алып жатырмын. Ең күшті әсер берген кітап ретінде, Смайыл Сейтбектің «Иман негіздері» кітабын айтқым келеді. Біраз сұрақтарым бойынша жауап алдым және діни түсінігіме оң әсерін тигізді.
- Діни радикалдар туралы не айтасыз?
- Олар әрине дінде қателескендер және діни мәтіндерді тура мағынасында түсініп, өз бетінше амал еткендер. Олар тура жолды тапса екен деймін. Қазір өзімнің санамда радикалды діни ұстаным жоқ деп ойлаймын. Оған көмектескен себептердің бірі дәстүрлі діни бағыттағы мәліметтерді қамтитын діни кітаптарды оқып шыққандығымнан және теологтармен болған сұхбаттардың әсері деп ойлаймын.
- Сөз соңында, сұхбаттасуға келісіп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін алғысымды білдіргім келеді.