Діни білімді тек ғаламтордан алдым

Бибігүлова Жанар есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Жанар ханым, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

-Мен Бибігүлова Жанар. Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Тұрғылықты мекен-жайым бойынша Петропавл қаласында тұрамын. Тұрмыстамын, 3 балам бар.

-Кім болып және қайда жұмыс жасайсыз?

- Мен жұмыс істемеймін. Үй шаруасында, балалардың жағдайын жасап үйде отырмын.

-Дінге қалай келдіңіз? Не себеп болды?

- Мен 2013 жылдан бастап намаз оқи бастадым. Түсімде ақырзаман жақындап келе жатыр, ал сен намаз оқымай жүрсін деген дауысты естідім. Шошып оянып, денемді үрей байлап, қорқа бастадым. Осы түстен кейін өмірім өзгерді, Тозақтың құтылудың жалғыз жолы - намаз оқу, ораза ұстау керек деген сияқты уағыз-насихаттарды тыңдап ақырзаман, тозақ туралы ізденіп, сұрап, намаз оқуға ниеттеніп, кейін намазға жығылдым.

- Отбасыңызда өзіңізден басқа кімдер намаз оқиды?

- Отбасымызда, меннен басқа күйеуім оқиды. Бірінші намаз оқуды мен бастадым, сосын кейін біраз уақыт өткен соң ол бастады.

-Діни білімді қай жерден алдыңыз?

- Мешітте сауат ашу курстарынан, медреселерден алуға болатынын естігенім болмаса, арнайы барып, діни мекемелерден білім алмадым. Бірақ, салафилік бағыттағы адамдардан діни ақпараттарды көп алдым.

-Ендеше қалай, діни ақпараттарды қайдан және кімнен үйрендіңіз?

-Негізі арнайы діни әдебиеттер оқымағанмын. Бірақ көбінесе діни аудио-видео лекцияларды көп тыңдағанымнан болар діни білім солай қалыптасты. Негізінде діни ақпараттар мен білімді интернет желісінен алатынымды жасырмайын. Тексермей, соңын ойламай интернеттен белгісіз біреулерден діни ілім алғанның зияны мен салдарын көріп жатырмын.

-Сол жайлы толық айта аласыз ба?

-Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, ҚР аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр, яғни тыйым салынған салафиттік уағызшылардың діни дәрістерін интернет желісіненалып, сақтағаным үшін. Шыны керек, соңы осылай боларын білмедім. Негізі қазір өкініп отырмын, негізі өзіміздің елдегі уағызшыларды тыңдасам да болар еді, бірақ бастапқы араласатын ортам мен өзімнің түсінігім де псевдосалафилік түсінік екенін енді біліп жатырмын. Сол себепті де, айтарым кез-келген жерден діни ақпарат, әсіресе діни мазмұнды мағлұматтардан аулақ болу керек екенін және бұл айып тағылмас үшін ғана емес, кейін санаң да өзгегеретінін айтқым келеді.

- Жанар ханым, сізге сұрақтарға жауап беруге келісіп, сұхбат бергеніңізге рахметімды айтқым келеді. Рахмет!