Нұрлан имам бастаған дін өкілдері мәһрді мазақ қылған жастарға ескерту жасады
Соңғы уақытта жастар арасында мәһр ең өзекті тақырыпқа айналғандай. Соңғы үлгідегі қымбат көлік, зәулім сарайдай үй, бір үйір жылқы... Әлеуметтік желіде күйеу жігіт пен қалыңдықтың некелесу рәсіміндегі түрлі видео қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Дәл осы мәһр тақырыбы туралы желідегі жұрт "хит имам" атанған Нұрлан Байжігітұлына да инстаграм мен тиктокта жиі сауал жолдап, кеңес сұрайды. Тікелей эфирлердің бірінде: "Мәһрге 150 мың теңгелік алқа керек деп едім. Өзгертуге бола ма, арзандатып 100 мың теңгенің көлемінде алса деп едім. Ауырлық салғым келмей отыр" деп оқырмандардың арасынан бір келіншек Нұрлан имамға сұрақ қойған.
"Ауырлық салғың келмесе содан бас тарта салсаңшы, тіпті күшті болады. Кешірдім деп айта салшы. Сен де сауап аласың, күйеуің де мәз болады. Ортаңда махаббат күшейеді. "Рақмет саған" дейді, бәрі риза болады. Кешіре салсаңшы, жаның ашып отыр ғой. Бөтен біреу емес, сенің күйеуің, мемлекеттік актісі бар. Кештім де, рахат болады", – деп әзіл-шыны аралас жауап берді Нұрлан имам.
Ал бүгінде екі жастың арасында трендке айналған мәһр дегеніміз не? Оның діни тұрғыда маңызы мен құндылығы қандай? Қоғамда қызу талқыланған дәл осы тақырыпқа қатысты имам, дінтанушы әрі ұстаз Ернар Мәженмен сұхбаттасқан едік.
"Мәһр – Алла Тағаланың Құран Кәрімде бекітіп, үйленген ер-азаматтың әйелінің алдында туындайтын қаржылай міндеттелігі айтылады. Яғни, бұл некенің шарты емес, бірақ ер-азаматқа жүктелетін міндеттің бірі. Оның біріншісі мәһр болса, екіншісі сол өзінің некедегі әйел, бала-шағасын асырып-бағуы. Соның бәрі ер-азаматқа жүктеледі, соны мәһр деп атайды", – дейді Ернар Мәжен.
Дін өкілінің айтуынша, қазіргі таңда мәһр тақырыбын жөнсіз талқылап, шариғатқа жат пікір қалыптастыру үрдісі белең алуда.
"Әр уақыттың өзіндік белгілі бір тақырыптары болады ғой. Бәлкім, бұл мәһр тақырыбының талқылануына кейбір адамдардың айтқан сөздері, қылықтары, неке қию барысында қыз баланың сұраған мәһрлері себеп болуы мүмкін. Бұл жерде өте қатты мән беретін дүниелер бар: өкінішке орай адамдардың кейбір салалардан ешқандай хабары, білімі болмай сол салаларда сөз қозғауы, өзінің көзқарасын білдіріп жатады. Мысалы, біз дінтанушы, имам ретінде физикаға, астрономияға немесе технологияға байланысты сөз қозғауымыз әбестік боп саналады. Себебі біздің сол салада қатты біліміз болмағаннан кейін қателесу ықтималы жоғарырақ болады. Сол секілді қоғамда дінді, шариғатты терең меңгермеген кейбір адамдардың ойы, пікірі қоғамда дүрбелең туғызып, түсініспеушілік пайда болады", – дейді имам.
Сондай-ақ Ернар Мәжен қыз жаққа тиесілі "мәһр" мен "қалыңмалдың" аражігін ажыратып, айырмашылығын ашық айтып берді.
"Қалыңмал – қазақ дәстүріндегі дүние. Қалыңмал қыздың өзіне берілмейді, ол қызды асырап-баққан, өсірген ата-анаға беріледі. Қыздың ата-анасына алғыс айтып, қалыңмал сол кісілерде қалады. Ал мәһр қыздың қолына тигенге дейін Алланың ақысы болады. Неке қиылып, мәһрдің мөлшері бекітілгеннен кейін ол қалыңдықтың дүниесі боп есептеледі. Оған ешкімнің араласуға құқы болмайды. Мәһр – қыздың ақысы", – дейді дін өкілі.
Әлеуметтік желіде екі жастың некелесу сәтіндегі ең көп тараған видеоларға зер салсақ, қалыңдықтың сұраған мәһрі кейде күйеу жігітті ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын аңғармау мүмкін емес. Осы орайда Ернар Мәженнен мәһрдің бағасы туралы да айтты.
"Мәһрдің ең төменгі мөлшерін шариғат бекіткен, белгілеген. 29,79 грамм күміспен есептеледі. Қазіргі күнмен есептегенде құрбандыққа жарайтын екі семіз қошқарды алуға болады. Егер бір қошқарды 75 000 теңге деп бағаласақ, шамамен 150 000 теңге. Осыдан төмен болмауы керек. Ал мәһрдің жоғарғы құнын Алла Тағала шектемеген. Әрине, мұның адамдардың тәрбиесіне, ынсабына, ұстанымына, өзі өмір сүріп отырған қоғамның жағдайына қарап неке қиылған сәтте қалыңдықтың еркіне байналысты. Бірақ ер-азаматтың жағдайына қарауды ұмытпау керек", – дейді Ернар Мәжен.
Сонымен қатар қазіргі қалыңдықтар көбінесе болашақ жолдасынан ең қымбат көліктің соңғы үлгісін, зәулім сарайдай баспана және бір үйір жылқы сұрауды әдетке айналдырған.
"Мысалы, өте бір ауқатты миллиардерге тұрмысқа шығып жатса лайықты түрде сұрасын. Ал енді өзі жаңадан университет бітірген, қалт-құлт етіп енді аяққа тұрып жатқан адамнан "Toyota Camry немесе үй алып бер" десе, онда ыңғайсыздық туғызады. Себебі Пайғамбарымыздың өзі "Некенінің ең жақсысы – жеңілі" деген. Өйткені тұрмысқа шыққан ер-азаматын қинамайтын, тығыраққа тіремейтін дүние болғаны абзалырақ болады. Қалыңдық жігіттің сол кездегі мүмкіндігімен санасқаны дұрыс болады. Ер-азаматты қинаудың жөні кішкене ыңғайсыздау болады", – дейді ұстаз.
Ал өмірлік жарымен некесін қидырып, имамның алдында қалыңдық сұраған сыйлықты, яғни мәһрді беретінін айтқан күйеу жігіттің көбісі кейін уәдесінде тұрмайтыны әлеуметтік желіде анық байқалады. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Шаңырақ көтерсе де әлі күнге дейін келіншегіне мәһр алып бермеген ер-азаматтарға имам былай дейді.
"Мұндай жағдайларға діннің, исламның ешқандай қатысы жоқ. Бұл уәдесін орындамай жүрген азаматтардың, аға-бауырларымыздың кемшілігі деп айтсақ болады. Сондықтан мәһр шариғаттың бекіткен дүниесі болғаннан кейін, неке барысында уәде бергеннен кейін өзінің айтқан уәдесін орындау азаматтыққа, жігіттікке, мәрттікке лайық. Ал басқа нәрсені алып бере ме, бермей ме өзінің еркі, мәһрді алып беру керек", – дейді имам.
Дін өкілі әлеуметтік желіде танымалдылықты пайданалып, мәһрді мазақ еткендерге ескерту жасап, ақыл-кеңесін айтты.
"Жалпы, дінге қатысты, діннің үкімдерімен ойнау, қалжыңдау, басқа бір өзінің мүддесіне қолдану мұсылман баласына жараспайтын дүние. Әрқашанда иман еткен мұсылман баласы әрбір үкіміне, әрбір белгісіне құрметпен қарауы тиіс. Блогер екенмін деп публикаға ойнап, қаралымды көбейту үшін өзі толық білмеген мәселелерді қаузап жататын жағдайлар болады. Сондықтан да бұл жерде де өте сақ болуы қажет. "Күшігім деген сайын бетімді жалапты" деген қазақта сөз бар. Өзінің өкілеттілігі жоқ, білім жоқ, хабары жоқ дүниелерді айту, бұл кішкене қауіптілеу дүние. Сондықтан әркім өзінің саласында болғаны дұрыс. Бұл Алланың діні болғаннан кейін мұның артында үлкен жауапкершілік тұрады. Қалжыңдағысы келетін болса әртүрлі жеңіл-желпі дүниелер бар. Бірақ дінмен ойнау өте қауіпті дүние", – дейді дінтанушы.
Сондай-ақ Ернар Мәжен бұл сұхбатында ерлі-зайыптылардың дәм-тұзы жараспай, екі жаққа кеткен жағдайдағы мәһрдің маңыздылығы туралы да дін тұрғысында түсіндіріп берді.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.