Астаналық оқушы терроризм туралы жалған парақшалар таратқан
Астанада терроризм актісі бойынша жалған парақшалар таратқан оқушының ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордалық мектептердің бірінде 9 сынып оқушысы үзіліс кезінде оқушыларға заңсыз әрекеттер жасауға шақыратын іс-шаралар туралы парақшалар таратқан. Бұл көріністі байқап қалған мұғалім полицияға хабар берген. Болжалды террорлық шабуылды тексеру үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, мән-жайды анықтаған. Нәтижесінде жасөспірім бұл әрекетке тек әзіл үшін барғанын айтып, мәтінді жазып, парақшаларды басып шығарғанын мойындаған.
Орын алған оқиғаға байланысты Байқоңыр ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 273-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тиісті сараптамалар тағайындаған. Сонымен қатар оқушының заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен кәмелетке толмағанның анасына айыппұл салынған.
Полиция департаменті, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды.