Орамалын шешкендер
Еліміздің кейбір өңірлерінде көшедегі мұсылман киімін киіп, оранған қыздар қатты таңданыс тудырмайды. Алматыда соңғы тенденцияларға байланысты осы аруларға стильді хиджаб үлгілерін ұсынатын дүкендер бар. Тіпті мұсылман арулар жиналып, Ислам жайлы кітаптар мен діни сауатын бөлісетін әйелдер ұйымдары да бар. Бұл арулар жайлы көптеп фильмдер түсіріліп, мақала жазылып, сюжеттер дайындалып жатады. Vox тілшісі бір кездері хиджаб киіп, оранып, кейін орамалдан бас тартқан қыздарды тауып, олардың мұндай қадам жасауының себебін сұрап көрді.
Біздің кейіпкерлеріміз – заманауи қыздар, өз көзқарасы бар арулар. Біз оқиғаға баға беруден аулақпыз және оқырмандардан да осыны сұраймыз. Біз тек құнды оқиғасымен бөлісуге келіскен қыздардың хикаясын баяндап бермекпіз.
Біздің кейіпкерлеріміз – заманауи қыздар, өз көзқарасы бар арулар. Біз оқиғаға баға беруден аулақпыз және оқырмандардан да осыны сұраймыз. Біз тек құнды оқиғасымен бөлісуге келіскен қыздардың хикаясын баяндап бермекпіз.
«Ғаламтордағы таныстықтан шамамен 2-3 ай өткен соң намазға келіп, орамал таққым келді. Оған дейін де ниетім болғанымен, ортамда діни сауаты бар адам жоқ еді. Таныстықтан соң, намаз оқуға қалай бет бұрғанымды байқамай да қалдым.
Шамамен бір жылдай орамалды қыз болып жүрдім. Алайда орамалды шешуім мәжбүрлі түрде болды. Анам мен әжемнің тарапынан психологиялық қысым бар еді: «Алдағы уақытта тұрмысқа шыға алмай қаласың», «Үлкен әйелге ұқсап қалдың» деп, «Басқа ағымға түсіп кеткен жоқсың ба?» дегенді жиі сұрайтын. Менің мұнымен күресуге шыдамым жетпей, орамалдан мәжбүрлі түрде бас тартуыма тура келді.
Дінге келуім бір мұқтаждықтан болған еді. 10 жыл ішінде аяғыма оннан аса ота жасаттым, айтарлықтай нәтиже болмады. Мұның шипасын діннен, намаздан табармын деп ойладым».
«Орамалыңды шешкеніңе қуаныштымын»
«Шынына келсек, менің орамалымды шешкеніме көп уақыт бола қоймады. Іштей әлі өзімді кінәлі де сезінемін. Алғашында менің орамалсыз күйімді қоғам мүлде қабылдай алмайтындай көрінді. Алайда маған тіпті «Орамалыңды шешкеніңе қуаныштымын» дегендер де болды. Бірақ, шешу – ерікті емес, мәжбүрліктен жасалған қадам еді.
Әліге дейін түрлі ой маза бермейді. Мүмкін енді орамал тағу бұйырмай да қалар?..»
«Екінші орамалмен келуші болма!»
Қазір «Заң» мамандығында оқитын Шұғыланың сөзінше, орамалға дейінгі және кейінгі өмір контрасты университет қабырғасында анық байқалған.
«Университетте проректор «Екінші оқу орнымызға орамалмен келуші болма!» деген болатын. Сондықтан, оқу орнында тюрбан ретінде тағып, шыққан соң хиджаб ретінде киіп алатынмын.
Әзірге денсаулық жағдайыма байланысты намаздан да қол үзіп қалдым. Алайда, алдағы уақытта намазды да қайта бастап, орамалымды да қайта тақсам деген үмітім бар.
Екінші хикая.
Сандуғаш дінді ерекше ұстанатын отбасыда дүниеге келген. Тек есее келе, өзінің тым көп шектеумен өскенін түсінген кейіпкеріміз, бала шақта діни салт-жоралғылар қарапайым әрекет боп көрінгенін айтады.
«Мен Ислам дінін ұстанатын отбасыда дүниеге келдім, сондықтан орамалға келуім – саналы түрде жасалған қадам деп айта алмаймын. Мен үшін бала кезімде кезімде орамал, Ислам, «Құран», намаз оқу – мұның бәрі қалыпты нәрсе болатын. Бала болған соң, ата-анаңның бар істегенін дұрыс деп ойлайсың.
Есее келе, өзімнің бәрімен бірдей емес екенімді, менің де белгілі бір шектеулерім бар екенін түсіндім. Ата-анамның мінсіз қызы болу үшін олардың айтқанын, үйреткенін істеуге тырыстым, әрине. Қазір, мен тым көп шектеумен өскенімді, ата-анам өздері білместен, менің жеке кеңістігіме қол сұққанын түсінемін. Алайда, оларды да кінәлай алмайсың: посткеңестік тәрбие көрген, консерватив көзқарасты ұстанатын адамдар».
«Менен ешкім ештеңе сұраған жоқ, хиджаб киюім керек екенін айтты»
Отбасыда бәрі 5 уақыт намаз оқитындықтан, бұл бала үшін қарапайым нәрсеге айналады. Әкем кішкентайымнан жанына алып, орыс, араб тілінде оқуды үйретті. Осылайша, намазға 7-8 жасымда келдім. Маған орамал, хиджаб – бұл дресс-код шеттететін нәрсе болып көрінбейтін, бала болсам да, мұның мәнін түсінерлік білімім бар еді.
Алайда, орамал, хиджаб – адамның еркі, таңдауы болуы керек. Адамның көзқарасы, дайын болуы, қалауы маңызды. Бұл мәжбүрлі түрде болмауы қажет. Әрине, мен сияқты дінді ұстанатын отбасыда дүниеге келген қыздарда мұндай таңдау еркі жоқ. Менен, мысалы, ешкім сұраған жоқ. Әкем кішкене есейген соң хиджаб киюім керек екенін айтты. Алайда, мен өз қызығушылығыммен сәл ертерек кидім. Маған ол кезде хиджаб кию мәдениеті, анамның киінгені қатты ұнайтын.
Үйдегілерден ұзын көйлек алып беруін сұрағанда, әкем қатты қуанды. Ертесіне хиджабпен мектепке бардым: оқушы кезімде буллингті, шейминг пен харассментті де көрдім. Мектеп бойынша жалғыз мен хиджаб киетіндіктен, 6-7 жыл осының бәріне шыдауға тура келді.
Мектепте үнемі дау-жанжал болып тұратын, бірнеше рет оқудан шығарып жібермек те болды. Алайда әкем мұның ешқандай ережеге қайшы келмейтінін дәлелдеп беретін.
Қыздармен ұрысып қалған кезде, қанша жерден төмен әрекет болса да, үстімдегі хиджабымды жұлмалап тастаған кездер де болған.
«Не мектептен кетесің, не хиджабыңды шешесің»
Кейінірек экс-президенттің жарлығымен мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге тыйым салынды. Мектеп басшылығы не мектептен кетесің, не хиджабыңды шешесің деп талап қойды. Уақыт өте ата-анаммен ойлана келе, бір жыл хиджабтан бас тартатын болдым. 11-сынып: ҰБТ тапсыруым керек еді.
Хиджабты шешу – мен үшін үлкен соққы болды, тым ыңғайсыз еді. Кейін ЖОО-ға түсіп, 4-курсқа дейін қайта хиджаб киіп жүрдім. Бір жылға жуық ұзақ ойландым: тиімді тұсын, мәнсап пен қоғамдық өмір туралы ойланып, ұзақ таразыға салдым. Қалай болады? Кім не дейді? деген сұраққа жауап іздедім. Әдетте елдің не ойлайтынына бәрібір болғанымен, мынадай үлкен қадам алдында тұрғандықтан, бұл сұрақ та мазалады.
Бір күні анама барып, енді хиджаб кигім келмейтінін айттым. Ол өз қалауымша өмір сүре алатынымды айтып, қолдау көрсетті. Әкем естігенде орнынан тұрып, үстелді тарс ұрып, кетіп қалды. Бұл қиын қадам еді, алайда мен енді ересек адаммын, қалай өмір сүретінімді өзім шеше аламын.
«Сен – террористсің»
Қазір қарап тұрсам, хиджаб киген 12 жылдың ішінде (9-21 жас) түрлі ілтипат сөз де, қарғыс та естіппін. Бір күні жолдан өтіп бара жатып, көліктен ер адам боқауыз сөз айтып, «Сен – террористсің» деп айқайлаған кездер де болған.
Алайда, ештеңеге қарамастан, мен түр бермейтінмін, білдірмедім. Қазір де мен өзімді жеңілдім деп есептемеймін, дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Қазір бұрынғыдай зәбір көрсетушілік пен тіл тигізушілік жоқ. Қоғамнан бөтен біреуге қарағандай кемсітуші көзқарастар жоқ.
«Маған зат сияқты қарағанын қаламадым»
Біздің елде діни адамдар бір-біріміен ерекше қарым-қатынаста, олардың сол ортасы тым тар, өмірге тек бір ракурстан баға береді. Бұл ортада орташа интеллигент адам өзінін жайлы сезіне алмайды, либерализм жоқ, бұл ортада әйел – тек зат. Маған зат сияқты қарағанын қаламадым. Маған хиджабтағы, ұзын етек киген қыз деп, тек тұрмысқа шығып, балалы болуды ойлайтын қыз образын таңғанын қаламадым, хиджабтан бас тартуымымның бірден-бір себебі осы шығар.
Себебі осы киім – өзіңе «мен ибайымын, қызметшілмін, көнбіспін» деген мөр басумен тең. Алайда менің мінезім, табиғатым бұған қарсы. Мүмкін, бұл жағдайда өмір сүре алатын да шығармын, бірақ Еуропада, Қазақстанда емес. Біздің қоғам тым консерватиті қоғам. Сол себептен, маған осындай таңдау жасауға тура келді.