«Тойларда Құран сүрелерін қосуға бола ма»: ҚМБД ресми түрде жауап берді
Жаңаөзендегі тойда жастар «жар-жардың» орнына Бақара сүресін қосып қойғанын бұған дейін жазған едік. Дінтанушы Мұхитдин Паттеев бұл әрекетті өрескел қате екенін айтқан болатын. Azattyq Ruhy тілшісі тойда Құран сүрелерінің оқылуына қатысты ҚМДБ басшысы Наурызбай қажы Тағанұлының атына ресми сауал жолдаған болатын.
Ресми сауалға жауап берген ҚМДБ төрағасының орынбасары, Наиб имам Сансызбай Шоқановтың айтуынша, шариғатта Құран сүрелері мен аяттары қуанышта да, кайғыда да оқыла береді. Бастысы оқылатын орны таза әрі Құран оқылғанда оған құлақ асып тыңдау тиіс.
«Тойды қуаныштың нышаны ретінде көтеріңкі көңіл-күймен өткізу керек. Оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тойды дабыл соғып, шариғатқа қайшы емес өлеңдерді айтуға рұқсат бергені қуаттайды. Тойдағы бөтен болған жас әйел кісілер мен ер адамдардың бөлек отыруы шариғат бойынша құп көріледі. Тойды өткізу барысында жергілікті қалыптасқан үрдістермен жүргізген жөн. Егер тойды Құран Кәріммен бастауды қаласа, онда оны тыныш отырып тыңдауды кадағалау тиіс. Сол үшін Құранды барлығы кұлақ асып тыңдайтын уақытка қою керек. Тойға қатысты арнайы пәтуа шықпады», - дейді ол.
Имамның айтуынша, дәстүрді діннен бөлек қарастырудың қажеті жоқ.
«Өйткені қазақ халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, акырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Біздің барлық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз», - дейді ол.