Тәңіршілдік қазақтардың діні болып табыла ма?
Қазақтар ХІХ ғасырда ғана татар молдаларынан алған тәлімінен соң шын мұсылман болды немесе осыған дейін тәңіршілдік дінін ұстанған еді деген сандырақтарды айтып жүрген «оқымыстыларымыз» әлі де әлеуметтік желілерде кездеседі. Иә, тәңір діні пен несториандықты ұстанған ру-тайпалар болғандығын жоққа шығара алмаймыз.
Бұлар бүкіл халыққа яки мемлекетке тән болған діни сенім емес. Көшпелі өмір сүру салтына негізделген оғыз-қыпшақ, қимақ, найман, керей мемлекеттері тұсындағы ру-тайпалардың арасында ондай сенімді ұстанғандардың болғандығы орта ғасырлық түрік, моңғол, араб жазба деректерінде кездеседі. Тарихшы, пәлсафашы, дінтанушы ғалымдарды алаңдатып келе жатқан мәселелердің бірі – қазақтың діни сенімі мен тарихы қандай деген сұрақ. Осы сұраққа нақты жауап таба алсақ, бүгінгі қазақтардың діни сенімі мен салт-дәстүрлері төңірегіндегі тартыстарға біршама тоқтау қойылып, діни төзімділікті қалыптастыру мәселесінде айтарлықтай ілгерушілік болар еді.
Қазақтың діни тарихының мынадай кезеңдерін атап көрсетуге болады:
– түрік мемлекеттері дәуіріндегі діни-нанымдар және ислам VІ ғ.-ХІІІ ғ. басы (Қараханид мемлекеті дәуірінде дәстүрлі ислам қалыптасты) .
– дәстүрлі – ескі әдістегі мектептер және медреселер (бастауыш, орта және жоғары діни білім беру мектеп-медреселері), бұлар Темуридтер билігі және қазақ хандығы тұсында қалыптасып дамыды. (ХІV ғ.-ХІХ ғ-дың аяғы).
– реформаторлық-жаңа әдістегі (жадидтік) мектептер. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғасырдың басы.
– кеңестік кезеңдегі конфессионалдық атеистік білім.
– қазіргі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы.
Академик Ғарифолла Есім «Ұлттық идея – ел санасы» атты мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам құру, бұл мәселеде діннің алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып-білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік»,[1] деп атап көрсетті. Иә осы ғылыми тарихи мәселені кеңінен қозғау бүгінгі дінтанушылардың атқаратын жұмысы деп білемін.
Қазақ тарихының деректерде нақты таңбаланғаны мың жарым жылды қамтиды. Егер көне тайпалар шежіресінен сөз қозғайтын болсақ, үш, төрт мың жыл тереңге кетуге болады. Хатталған тарихи дәуірді 5 мың жыл деп топшылап жүрміз. Осы 5 мың жыл тарихын хаттаған елдер әлемде санаулы, солардың ішіндегі Қытайдың орны бөлек. Қытай елі ғұндар империясы құрамында пайда болған біздің алғашқы мемлекеттеріміз деп жүрген үйсін мен қаңлы мемлекеттері мен Түрік қағанаты туралы тарихи деректер қалдырған ел [2]. Мәселе осы мемлекеттер тұсындағы халықтарда қандай діни сенім болғандығы туралы отандық зерттеушілердің еңбектері қаншалықты деген мәселеге көңіл аударайық.
Қазақ халқы – дәстүрлі ислам дініндегі халық. Қазақтың діни санасы – дәстүрлі Ислам. Біздің жеріміз жалпы адамзат тарихында аса маңызды оқиғалар болған жер. Айталық, 751 жылғы Тараз түбіндегі Атлах шайқасы түрік халықтарының діни сенімінде елеулі өзгеріс әкелген тарихи оқиға [3].
Қытайдың Таң империясының ықпалы тоқтатылған шайқас, буддизмнің таралуы қытай саясатының негізгі стратегиялық айласы болатын, осы шайқастан кейін мұсылман сеніміне түрік тектес тайпалардың лег-легімен кіріп мұсылмандықты қабылдады. Қазақ тарихында тұңғыш рет ислам дінін ресми дін деп Қарахан мемлекетінің билеушісі Абдулкәрім Сатұқ Боғра ханның (915-955 жж) баласы Мұса Тоңға Ілік хан 960 жылы Баласағұн қаласында жариялады. Ол 200 мың түтін үй мұсылманбыз деп жариялаған екен [3]. Қарахан әулетінің шығу тегі туралы әртүрлі пікірлер болса да, олар басқарған мемлекетте алуан түрлі ру-тайпалар дәулетті өмір сүрген. Атап айтқанда, үйсін, қаңлы, дулу, телі, қырғыз, қыпшақ, арғын, йағма, оғыз т.б түрік тектес тайпалары болды. Және осы мемлекеттің басшысы Сатуқ Боғра ханының Хас Қажыбы болған Жүсіп Баласағұнның «Құтадығұ білігі» атты дидактикалық еңбегі[4], Қ.А.Ясауидің «Диуани хикметі» [5], Махмуд Қашқаридің «Түрік сөздігі» [6] Қарахан мемлекеті биілігі тұсында пайда болған, бүгінде бұлар әлемдік өркениеттік мәдениет тұғырына шыққан ислами мәндегі шығармалар.
Араб деректерінде Талас ғазауаты және Тараз қаласының тарихы туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Араб саяхатшылары Тараз орта ғасырларда мұсылман мемлекеті болғандығын көрсетеді. Тарихшы Ибн Тайфур 893 жылдан қалдырған «Китаб Бағдади» [7] атты еңбегінде Тараз қаласының араб халифатына қарасты қала екендігін және араб халифатының шығыстағы ең ірі қалаларының бірі ретінде көрсеткен. Табғаштар, түріктер мұсылмандар екендігін атап өтеді. Испиджаб қаласы туралы араб, парсы, түрік, қытай деректерінде көптеген мәліметтер кезігеді. Қазақстаннның оңтүстік өңірі ежелден мұсылмандық дінін ұстанған өңір екендігі жан-жақты дәйектелген.
Әсіресе, Әмір Темір билігі және одан кейінгі кезеңде бұл өңір ислам дінін орталығы ретінде араб деректтерінде Мауаранахр аймағы деп баяндалады. Ресей тарихнамасында Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктері» [8], В.В. Бартольдтің «Тюрки-Двенадцать лекций» [9] секілді еңбектер осы тақырыпқа қатысты ой қозғаған еңбектер, ал белгілі археолог А.Н.Бернштам «Советская археология» [10] еңбегінде Тараз қаласында ІХ ғасырда салынған үлкен мешіттің болғандығын көрсетеді. Түрік тектес тайпалардың ислам дінін ұстанғандығы туралы Түркия елінің тарихшылары Хикмет Танйудің «Түріктердің діни тарихы» [11], Фуад Көпрұлының «Қ.А.Ясауи және оның тариқаты» [12] арналған шығармаларынан көптеп деректер кезігеді. Қарлұқ, Аббасилер, Самани, Қарахан, Моғолстан мемлекетеріндегі діни таным дәстүрлі ислам болғандығын ешкім жоққа шығара алмас.
Төңкеріске дейінгі қазақ тарихнамасында Ш.Уәлихановтың мақалаларында және Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Шәкерім Құдайбердіұлының шежірелік мәндегі шығармаларынан ғана тақырыпқа қатысты ой-пікір кездестіруге болады. Дін тарихына қатысты алғашқылардың бірі болып кеңестік тарихнамада ой қозғаған атақты археолог-ғалым Әлкей Марғұлан «Таңбалы тас жазуы, қазақ тарихы» [13] атты еңбегінде қыпшақ, найман, алшын, арғын, үйсін табын, қаракесек руларының дәстүрлі ислам сенімінде болғандығы көрсеткен.
Қазақтың діни тарихы түрік тектес халықтардың діни тарихымен мәндес, ортақ. Қазақ дегенде Тәңіршілдік сенімі емес, дәстүрлі ислам діні, мұсылман халқы деген түсінік қалыптасқан. Әлем жұртшылығы қазақтарды ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылман халқы деп түсінеді.
Икрам АЙТАЕВ
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ғ.Есім. Ұлттық идея-ел санасы. «Егемен Қазақстан» газеті., 24.11.2009
Қазақстан тарихы Қытай деректемелерінде. 5 томдық. «Дайк пресс» баспасы. Алматы. 2005-2007
Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1 том. Алматы. «Атамұра». -2010.- 544 б.
Ж.Баласағұн. Құтты білік. (аударған А.Егеубаев) .-Алматы. 1992
Қ.А.Ясауи. Диуани хикмет. Аударған М.Жармұқамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи.-Алматы: «Мұраттас»,1993
М.Қашқари «Диуан-луғат Турки».( аударған А.Егеубаев).- Алматы. «Хант» баспасы.-1997-1998 ж.
Қазақстан тарихы араб деректемелерінде. 4 томдық. Алматы. -«Дайк пресс» баспасы». 2005-2007 ж.
Л.Гумилев «Көне түріктер». Монография.-Алматы,1994.-478.
Бартольд, В.В. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын, 1998. – с.392
А.Н.Бернштам Советская археология Средней Азии.// КСИИМК.1949. вып 28.С.517
Хикмет Танйу. Түріктердің діни тарихы. Түркістан.-2006
Фуад Копрұлы. Қ.А.Ясауи және оның тариқаты.Түркістан.-1998
Ә.Марғұлан. Ежелгі әдебиет куәлары. Алматы.-1966