Деструктивті ағымдармен күрес: Дін психологтері немен айналысады?
Деструктивті діни идеология – елімізді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отырған мәселе. Жат ағым жетегінде кеткендердің саны күн санап артып жатыр. Мамандардың айтуынша, оларға тек діни сауаттылық қана емес, психологиялық білім де жетіспей отыр.
Адамдардың экстремистік ұйымға не себепті кіретінін зерттеген кезде психологиялық аспект маңызды орын алатынын байқауға болады. Сарапшылардың пікірінше, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен жұмыс істей алуы үшін дін саласында жүрген мамандар психологиялық сауатты болуы керек. Сол себепті де биыл Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Діндер психологиясы» мамандығы ашылып жатыр. Бұл мамандықтың мақсаты не, онда кімдер білім ала алады? Оқу бағдарламасы қандай? Оқу бітірген мамандар қайда жұмыс істейді? Олар деструктивті діни ағымға кіріп кеткендердің радикалды көзқарастан арылуына көмектесе ме? Осы және өзге де сауалдар жөнінде материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
«Дін психолгиясы» мамандығы не үшін қажет?
ҚР Терроризмге қарсы орталығының мәліметінше, 2019 жылдың соңында Қазақстанда деструктивті діни идеологияларды ұстанушылар саны 20 мыңнан асқан. Мамандардың пікірінше, содан бері олардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Деструктивті діни ағым жетегінде кеткендерді кері қайтару оңай жұмыс емес. Сол себепті де елімізде бірқатар іс-шара қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Соның бірі ретінде жуырда ғана Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылған «Дін психологиясы» мамандығын айтуға болады. Осы салада маман даярлау мәселесі мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынасы мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар үшін де, үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар үшін де бұрыннан өзекті тақырып. Философия ғылымдарының докторы, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Юлия Шаповалдың сөзінше, «Дін психологиясы» мамандығы дінтану саласында да, психология саласында да білімі бар мамандарға деген қажеттіліктен туындап отыр.
«Әсіресе, бұл теологтар мен психологтардың 2011 жылдан бері түзету мекемелерінде діни экстремизм үшін сотталғандарды оңалту жұмыстарын жүргізуімен, «Жусан» гуманитарлық операциясы және одан кейінгі қоғамға бейімдеу шараларымен байланысты болып отыр. Практикалық жұмыс барысында тиімді жұмыс істеу үшін теологтардың психология туралы, ал психологтардың дін туралы білімі жеткіліксіз екені көрініп қалды»,-деді университет өкілі.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов та осыны айтады.Оның сөзінше, дін психологиясы мамандарына деген қажеттілік діни экстремизм бойынша жазасын өтеп жатқан адамдарды немесе қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту жұмыстары кезінде қатты байқалған.
«Дінтанушы мамандар мен теологтардан тек діни білімі ғана емес, сонымен қатар олардың жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттыратын психологиялық білімі де болуы керек екені анық болды. Діни экстремизмге қатысты зерттеулер көрсеткендей, адамдардың экстремистік ұйымдарға кіру себептерінің ішінде психологиялық аспект маңызды орын алады»,-деп атап өтті вице-министр.
Оның сөзінше, елімізде дін саласындағы салааралық құзыретті мамандар жоқ. Дінтанушы, теолог, психолог секілді бөлек-бөлек мамандар ғана бар. Ал дін мен психология білімін ұштастыра алатын мамандар жоқ.
«Мұндай бағыт дүниежүзінде бұрыннан бар әрі қазір дамып жатыр, ал дін психологиясы қазақстандық білім мен ғылым үшін жаңа бағыт саналады. Сондықтан бүгінгі таңда дін психологиясы саласында ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар жүргізетін мамандар аз»,-деді Қанат Ысқақов.
Вице-министрдің айтуынша, азаматтардың деструктивті діни ағымдарға қосылу себептері - күрделі, ол діни білімнің жеткіліксіздігімен қатар жеке психологиялық проблемаларды да қамтиды. Сонымен қатар экстремистік ұйымдар өзіне адам тарту үшін түрлі психологиялық технологияларды пайдаланады, олардың жұмысы да психология біліміне негізделген.
«Сондықтан да оңалту мамандары деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен жандардың діни көзқарасы мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, әр адаммен жеке жұмыс істеуі үшін олардың діни білімімен қоса психология туралы да білімі болуы керек», - деп Қанат Ысқақов та Юлия Шаповалдың сөзін қуаттай түсті.
«Дін психологиясы»: қандай дүниелер басшылыққа алынды?
«Дін психологиясы» білім беру бағдарламасы – пәнаралық, сондықтан да оны ЕҰУ Дінтану кафедрасы мен психология кафедрасы бірлесіп әзірлеген, енді бірлесіп жүзеге асырады.
«Дін психологиясы» білім беру бағдарламасын әзірлеу кезінде екі кафедраның ғалымдары пәнаралық көзқарас пен ғылыми әдістерге сүйене отырып, дін психологиясын ғылыми зерттеу саласы ретінде зерттеудің әлемдік академиялық дәстүрін, қоғамдағы жеке және топтық діни сананың даму тенденцияларын басшылыққа алды. Білім беру бағдарламасының негізгі принциптері бүкіл әлемнің діни психологтары ұстанатын қағидаға негізделеді. Олар – объективтілік, конфессиядан тыс болу, ғылыми, жүйелілік және діни плюрализм қағидаттары», - деді Дінтану кафедрасы міндетін атқарушы Юлия Шаповал.
Жалпы дін психологиясы саласындағы зерттеулер әлемде айтарлықтай кең тараған. Сондай-ақ өзінің ғылыми мектептері мен Дін психологиясын зерттеу халықаралық журналы (The International Journal for the Psychology of Religion) сияқты өзінің арнайы журналдары мен дін психологтарының бірлестіктері де бар екенін айта кеткен жөн.
Юлия Шаповалдың айтуынша, бұл мамандық адамның жан дүниесімен байланысты діни құбылыстарды жан-жақты және тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл сенім феномені, діни тәжірибе, психологиялық көзқарастар, діндарлар мен діни топтардың құндылықтары мен мінез-құлқы, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі дін, сенім және психикалық денсаулық, психологиялық аспектілерді зерттеу сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды.
«Дін психологиясы» мамандығы ғылыми білім саласындағы оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және практикалық жұмыстарды қазақстандық контексті ескере отырып, әлемдік тәжірибеге негізделген ғылыми негізде құруға мүмкіндік береді, деп есептейді Ю. Шаповал.
Униерситет өкілінің мәліметінше, биыл «Дін психологиясы» мамандығы бойынша магистратураға алғашқы тоғыз адам қабылданған.
Мамандар қандай дағдыларды меңгереді?
Енді болашақ мамандар қандай дағдыларды меңгереді дегенге тоқталсақ, вице-министр Қанат Ысқақов олар теология-психологиялық, психология-әлеуметтік, зерттеушілік, сараптама-аналитикалық және психология-педагогикалық дағдыларды меңгеретінін атап өтті.
«Болашақ маман діни сананың жай-күйін, өзгерістері мен даму тенденцияларын, діндарлар мен діни топтардың психологиясын талдай алады. Сондай-ақ мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды ғылыми негізде құру мақсатында осы мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу; діндарлармен және діни топтармен жұмысты діни танымға да, діндарлардың психологиясына да негіздей білу; діндарлармен жұмыс кезінде диагностика жасау мен кеңес беруді, әрбір адамға жеке қарым-қатынас жасау тәсілін таба білу; деструктивті радикалды ағымға түскендерге сауықтыру және қайта әлеуметтендіру бағдарламаларында пәнаралық білімді қолдана отырып, әр адаммен жеке жұмыс істеу дағдыларын меңгеру; діни негіздегі экстремистік ағымға түскендерді оңалту жөніндегі бағдарламаларға сараптама жүргізу және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу секілді дағдыларды меңгеретін болады»,-деп түсіндірді министрлік өкілі.
Мамандар қай жерде қызмет ете алады?
Енді «Діндер психологиясы – 7М02206» мамандығын бітірген магистранттар қайда жұмыс істей алатынын қарастырып көрейік. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, олар көп жерде қызмет істей алады. Мәселен, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардағы діндарлармен және діни бірлестіктермен жұмыс істейтін психологиялық кеңесші, практикалық психолог, дағдарыс психологы, зерттеуші психолог; теолог-реабилитолог, теолог-психолог, дінтанушы-реабилитолог, діни психолог; мемлекеттік орталық және жергілікті билік органдарындағы дінтану маманы; әртүрлі меншік нысанындағы ғылыми-зерттеу және талдау орталықтарында дінтанушы-зерттеуші-ғалым; ұлттық және халықаралық сараптамалық және аналитикалық ұйымдарда жоба менеджері; сондай-ақ орта және жоғары оқу орындарында оқытушы болып қызмет атқара алады.
Бұл мамандықты бітірген мамандардың деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтардың радикалды көзқарастарынан арылу жұмысының тиімділігін арттыра ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің маманы Жаңабай Кожиннің пікірінше, әзірге оқу бағдарламасын білмегеннен кейін оны бітіріп шыққан мамандар деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендердің радикалды көзқарасынан арылу жұмысының тиімділігін арттыра ала ма, жоқ па, оны айту қиын.
«Бізде мәселен, теологтар жұмыс істейді, алайда деструктивті ағымдар исламның белгілі бір бағытын ұстанатын болғандықтан, исламнан хабары жоқ. Сондықтан кейбір теологтар олармен тіптен сөйлесе де алмайды. Оған дәрежесі де жетпейді. Сол себепті айта алмаймыз»,-деді ҚМДБ өкілі.
Қорыта келе, бұдан біз діни салада қызмет істейтін мамандардың адамдармен, әсіресе түрлі деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтармен жұмыс істеуі үшін психологиялқ білімнің ауадай қажет екенін байқап отырмыз. Жоғары оқу орнына мұндай мамандықтың қосылуы қаншалықты нәтиже беретінін бірер жылдан кейін ғана айта аламыз...
https://kaz.inform.kz/news/bolashak-stipendiyasinan-ayirilgandardin-sani-belgl-boldi-f11fd4