Өзбек сарапшысы: Талибан қазір не десе де айтатыны – өтірік

Өзбек сарапшысы, «Ma'no» бастамаларды зерттеу орталығының директоры Бахтияр Эргашев Ауғанстандағы ахуалға байланысты пікірін білдірді. Сарапшының айтуынша, өзбек билігі Ауғанстанмен қандай да бір қарым-қатынас жасағысы келсе, тарихта болған оқиғаларды есепке алуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz. 


«Ауғанстанда модернизациялаудың кезекті мүмкіндігінің күлі көкке ұшты. ХХ ғасырда бұл бағытта кем дегенде үш рет мүмкіндік жасалған: біріншіден өткен ғасырдың 20-шы жылдары, екіншісі 60 және 70 жылдары болса (Зәкір шах патша кезінде), үшіншісі Сауыр төңкерісінде тіркелді. ХХІ ғасырда Батыс та жаңғыртуға тырысып еді – болмады», – дейді өзбек сарапшысы. Бахтияр Эргашевтың айтуынша, Ауғанстанда кезекті рет қыстақ қаланы жеңіп кетті. Жергілікті алпауыттар мен молдалар бастаған ауыл тұрғындары Кабулдағы орталық биліктің аяғын аспаннан келтірді. Елді жаңғырту мүмкіндігін құрдымға жіберді. Әрдайым жаңғырту саясатының діңгегі болған қала студенттері, зиялылар тағы да жеңіліп қалды.  «Талибан – радикалды, клерикалды-фундаменталды, жаңғыруға қарсы, әскери-саяси қозғалыс. Олар ауғандағы ауыл тұрғындарының жаңғыруға қарсы, дәстүрлі-патриархалды көңіл-күйінен шығып, жеңіс туын желбіретті. Сол себепті Талибан қолдан жасалған қозғалыс десеңіздер, қателесесіздер. Талибан Ауғанстандағы алыс ауыл тұрғындарының жаңғыруға қарсы көңіл-күйін көрсетеді. Сол себепті олар жеңіс тұғырынан көрінді. Қазіргі Талибан 2.0. – салмақты әрі ұзағынан келген билік. Солтүстік Альянс жоқ, Ахмат шах Масутқа тең келетін тұлға қалмады. Меніңше, қазіргі Талибан билігін бұдан да көп мемлекет тез арада мойындайды»,– дейді ол. Бахтияр Эргашевтың пайымдауынша, Талибанның қазіргі күші – бір уақытта әлсіздігі де болады. Бүгін де ауыл тұрғындарына сүйеніп, Ауғанстанда тәліптер билікті тартып алды. Бірақ айналып келгенде дәл осы тірек Талибанның елдің экономикалық, әлеуметтік күн тәртібін бекітуге кедергі болады. Талибанның көшбасшылары елге келген инвестицияның, инвестордың қорғалатынына кепілдік бере алмаса, экономиканы қалай дамытып, инвестиция құюуға болады? Шынтуайтында «тәліппін» деп, нағыз осы жолда жүргендердің саны бар-жоғы 15-20 мың адам ғана шығар. Бұл айналып келгенде елдегі билікті тартып алған тәліптерге қойылатын сұрақтардың бір шоғыры ғана. «Өзбекстанға мұның әсері қалай болмақ? Өзбекстан ауған саясатына қатысты шешім қабылдарда Достум секілді ойыннан шығып қалған картаға енді сенбейтін шығар. Ол тоқсаныншы жылдары тәліптерден қашып жүрген. Соңғы бір жарым айдың ішінде тағы екі рет қашты. Менің ойымша, бұл кейіпкер жасарын жасады, мұның бәрін біздегі биліктегілер де ұққан болар... Ауғанға байланысты шешім қабылдайтын өзбек басшыларының ішінде Талибан өзгерді деп сенетіндер жоқ шығар деп сенемін. Сұр қасқыр, қара қасқыр, ақ қасқыр – бізге олардың еш айырмасы жоқ. Ол бәрібір қасқыр. Талибанның қазіргі билігі не десе де (біз олар үшін жаумыз және бұл сұраққа келгенде басқа ой болмауы керек), олардың айтатыны өтірік. Иә, бәлкім олар бізге тікесінен шабуыл жасай алмайтын шығар. Бірақ 2018 жылдың өзінде Ауғанстандағы мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты басшылардың бірі Ауғанстан аумағында ДАИШ-тың 10 мыңға тарта жауынгері жүргенін мәлімдеген болатын. Менің ойымша, содан бері жағдай ушықпаса, жақсарған жоқ», –деп ескертеді сарапшы. Талибан өзгерді-ау деп сенетіндерге сарапшы мына жағдайды еске салады: 90-шы жылдардың екінші жартысында Ауғанстан билігіне тәліптер келген кезде бірден Баткен оқиғасы тіркеліп, Өзбекстанның Ислам қозғалысы бандалары Сурхандарияға кіріп кеткен. Дәл сол сценарийдің қайталану қаупі бар: тәліптер билікті жаулап алса, халықаралық террористердің бандасы Орталық Азияға шабуылдауы мүмкін. Себебі оларға кедергі болатындай қазір Солтүстіктегі Альянс атымен жоқ. «Ауғанстанмен ірі экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында біздің ішкі және сыртқы саясатқа жауапты адамдарда прагматизм басымырақ болар деген сенімдемін. Бірақ бұл қасиет кейінгі жылдары бізге жетіспей келеді. Ауғанстанға қатысты біздің саясатымыздың басты қағидаты бірыңғай болуы керек: «Өзбекстан Ауғанстанға ештеңе қарыз емес». Иә, сауда жасауға, өнімдерді экспорттауға болады. Қалғанының бәрін, ірі жобаларды кем дегенде орташа перспективаға қалдырамыз. Бәрі де Талибанның Ауғанстанның ішіндегі экономикалық мәселелер мен саяси проблемаларды реттей алуына келіп тіреледі. Ал бұл шаруа өте күрделі»,– дейді ол.

Аян Бекенұлы, inbusiness.kz.