Теология мен философия және дәстүр мен анархия арасы

Ислам теологиясындағы иман мен амал, ақыл мен нақл, сенім мен білім, дін мен ғылым, кәлам мен фәлсапа арақатынастары мәселесі күрделі тақырыптардың бірінен саналады.

Мәзһабтар мен әрқилы ақидалық бағыттардың қалыптасқан кезінен бастап бұл мәселе дін ілімінің күн тәртібінен түскен емес. Бұл бүгінгі күні де қазақстандық мұсылман жамағатының арасында алауыздық тудыруға ықпал етіп отырған фактор. Шет елдерден енген діни ағымдардың жергілікті дәстүрлі ханафилік-матуридилік бағыттың ұстанымдарымен келіспейтін тұстары баршылық.
Дінімізде адам иманды тілмен айтып, жүректе бекіту арқылы мүмин болады, исламның шарттарын орындау арқылы өзін мұсылман ретінде танытады. Ханафилік мәзһабта иман – негіз, ал амал сол негізден туындайтын нәтиже. Десек те, иманның орны жүрек, амалдың орны ағза болғандықтан, амал жүректегі иманды жарамсыз ете алмайды. Матуриди сенім мектебінің дәстүрінде болған Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Ақыт Үлімжі тәрізді қазақ ойшылдары иманның тақлиди және тахқиқи түрлерін бөліп көрсетеді. Ата-бабаның ұстанған жолы деп ізге ерумен сипатталатын иманның біріншісі әлсіз деп саналады, өйткені азғыруға еріп кету ықтималдығы бар. Ал тахқиқи иман ғылым-білім іздеп, ақылмен, дәлелмен яқини иманға жетуді білдіреді.
Шынайы танымға жетудің бір жолы салыстыру болғандықтан, аталмыш тақырыптың христиан теологиясында бар екендігін ескеру қажет. Осы орайда жалпы теология, ғылым және философия арқатынастары туралы ХХ ғасырдың ұлы философтарының бірі, заманауи ағылшын неолиберализмінің және неопозитивизмінің негізін қалаушы, таным теориясы мен математикалық логикаға, этика мен философия тарихына өлшеусіз үлес қосқан ойшыл әрі қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты Бертран Расселдің пікірін келтіруді жөн көрдім. Б. Расселдің көзқарасы бойынша, философия ғылым (анықталған білім) мен теологияның (догматикалық білім) арасындағы бос жатқан аймақты жайлайды. Теологияның дәрмені келмейтін ғылыми сұрақтарға жауап беруге тырысады, ал өзі ғылым санатына кірмегенімен, қоғамның өмірі мен тарихына едәуір ықпал ететін белгілі бір рухани күшті білдіреді. Рассел қоғам дамуының саяси және әлеуметтік жағдайларымен философияның өзара байланысын мойындайды. Оның пікірінше, философия тарихы – бұл өздерінің жүйелі ілімімен қоғамдық өмірге қомақты ықпалын тигізген көрнекті шығармашыл тұлғалардың төлтума тұжырымдамаларының тарихы.
Рассел жүйеқұрастырушы математик-философ ретінде ғана емес, тамаша прозашы, кәнігі әлеуметтік тарихшы, сұңғыла энциклопедист қабілетін де аңғартып, өз философиялық позициясында тұрып, адамзаттың прогрессивті дамуына үлесін қосқан немесе кедергісін келтірген батыстық ой ағымдарын орнымен дәріптей де, сынай да біледі: «Философия теологиядан бөлек құбылыс ретінде Грекияда б.з.д. VI ғасырда пайда болды. Христиандықтың пайда болуы мен Римнің құлауы тұсында оны қайтадан теология жұтып алды. XI ғасыр мен XIV ғасырлар аралығындағы өзінің екінші ұлы кезеңінде ол католиктік шіркеудің ықпалында болды, тек император Фридрих II (1195-1250) сияқты ұлы бастартушыларды айтпағанда. Бұл кезеңді өзінің шарықтау шыңына Реформация дәуірінде жеткен хаос (шашыраңқылық) аяқтайды. Үшінші кезең XVII жүзжылдықтан бастап біздің уақытымызға дейін, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, басым деңгейде ғылымның ықпалында орналасты». Расселдің пікірінше, дәстүрлі діни нанымдар өзінің маңызын сақтағанымен, ғылымның талабымен олардың трансформацияға түсу қажеттілігі байқалады.
Этикалық тұрғыдан келгенде Рассел эмотивизм ұстанымында болды. Ол өзінің қоғамдық-саяси қызметінде батыстық өркениеттің сыншысы ретінде көрінді, оның негізгі кінәсін шынайы гуманистік құндылықтар мен мұраттардан жұрдай болған ғылым мен өндірісті үстемелетіп дамытудан көрді. Ол ақыл мен сезімді, айғақтар мен құндылықтарды қарама қарсы қоюды жақтамады, этика мен саясатты жақындатуды қостады.
Бертран Расселдің ойынша, дін мен ғылымның тартысы сияқты, қоғамдық байланыс пен жеке еркіндік те бүкіл осы кезеңдер бойы қақтығыстық сипатта немесе тұрақсыз келісім жағдайында болды. Б. Рассел батыстық философияның сонау антикалық заманнан осы күнге дейінгі дамуын әлеуметтік жүйені бекітумен немесе босатумен байланыстырады және мұның барысында антиклерикалдық көзқарасы айқын аңғарылады: тәртіпті жақтаушылар эмпиризмге келмейтін көне немесе жаңа догматтық жүйелерді жақтап, «бақытты» «батырлықтан» тәуір көріп, ақыл мен зерденің әлеуметтік байланысқа өштігін алға тартып, адамзат табиғатының иррационалдық жақтарын құптады.
Ал либерализм жақтаушылары болса, бір жағынан шетен анархистерді теріске шығарып, ғылымилыққа, утилитарлыққа, рационалдылыққа ұмтылды. Олар діннің кез келген терең формаларына қарсы тұруға бейім болып келді. Расселдің пікірінше, кез келген қоғам екі қарама қарсы қатерге ұрынады: бір жағынан тәртіп пен дәстүрге құлдық ұрудан сүрлену қаупіне, екінші жағынан ынтымақтастықты жоқ қылатын жеке дербестік пен индивидуализмнің өсуі салдарынан ыдырау мен басқаға жұтылу қатеріне ұшырайды. Жалпы өркениеттің өркендеуі қатаң да ырымшыл жүйелердің біртіндеп әлсіреуінен және белгілі бір кезеңде сәуегей ғұламаларды тудыруынан басталады, ол кезеңде ескі дәстүрдің игілігі сақталады да, ал осы дәстүрді қирататын зұлымдық өзінің жүгенсіздігіне әлі жете қоймайды. Зұлымдық өзін асыра танытса, ол анархияға әкеледі, соның салдарынан міндетті түрде догмалардың жаңа жүйесі қорғап тұратын тың синтез тудыратын жаңа тирания пайда болады. Либерализм доктринасы адам мен қоғамды осы шексіз тербелістен құтқаруға тырысады. Б. Рассел оның қаншалықты табысты болатынын уақыт көрсетеді деп есептейді.
Автор: Дінтану орталығының директоры - Сатершинов Бақытжан