Такфир жамағаты Исламнан алыс ағым

Жалпы «такфир» немесе «һижра жамағаты» деген (өздерін «мұсылман жамағаты» деп атаушылар) ағым – исламдағы шектен шыққан топ болып табылады. Бұл ағым сенімдерінің негізі хауариж ағымының такфир ұғымына құрылады. Хауариж – Ислам тарихында ең алғаш пайда болған кереғар ағым. Бұл ағымның мүшелері ІІІ Халифа Осман бин Аффанды және ІҮ халифа Әли бин Әбу Талибті қастандықпен өлтірген. Осман және Әли – ұлық сахабалар, Ислам дініне көп еңбек сіңірген тұлғалар. Хауариждер Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларын ғана емес, мыңдаған бейкүнә мұсылмандардың да қанын төккен.

Ағым өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мысыр елінің түрмелерінде жаппай қамауға алынған мұсылмандар арасында бой көтерді. Әсіресе, ол Мысыр студенттері ортасында ерекше қолдауға ие болды. Ағымның дүниеге келуіне түрткі болған жайт, түрмелердегі адам төзгісіз жағдай еді. Түрмедегі ауыр азаптан көптеген кісілер қайтыс болды. Осындай уақытта ауыр қысымға ұшыраған мұсылмандар осы ағымға кіре бастаған.
1967 жылы Мысырдағы Президент сайлауы қарсаңында ағым екіге бөлінді. Бірі сайлауға қатысуға ниет білдірсе, екіншісі үзілді-кесілді сайлауға қарсы шықты. Сол кезде такфиршілер үкіметті мойындамай, ел президентін және мемлекеттік билікті «кәпір» деп, мемлекеттік жүйені мойындаған халықты «кәпірге» санаған. Олардың оқыған намазы мен ұстаған оразасынан еш пайда жоқ деген пікірді тарата бастаған.
Бұл ағымды қалыптастырушы шейх Әли Исмаил. Әл-Азхар университетінің түлегі. Ол ағасы Саид Қутубпен бірге өлім жазасына кесілген алты кісінің бірі-тұғын. Алайда, Әли Исмаил кейіннен өз ойынан айнып, бұл ағымнан толығымен шыққандығын жариялайды.
Бұдан кейін Шукри Ахмад Мустафа такфир ағымының басшылығын өз қолына алды. Такфир жамағатына басшы болғанда жиырма үштегі Шукри түрмеде еді. 1971 жылы Егін шаруашылығы институтын тәмамдаған ол бұл қозғалыстың жүйесін жасауға кірісті. Ағымның барлық мүшелері деп танып, оны жамағат өз арасында басшы деп жариялады. Осыдан кейін Шукри облыстар мен аймақтарда өз әмірлерін тағайындай бастады. Ең әуелі Каир, Искандария, Алжирде пәтерлер жалдап, өз жұмыстарына кіріскен.
Ұйымның іргетасы «такфир» ұғымына негізделді. Яғни, «үлкен күнә жасаған» әрбір адамды кәпірге шығару. Сондай-ақ, Құранмен үкім етпейтін әрбір биліктегі басшыларға кәпір үкімін тағады. Сонымен бірге Ата заңы Құран болмаған әрбір мемлекет және оның азаматтары кәпір делінеді. Себебі оларды өз басшыларына ризашылық білдірді деп түсіндіреді. Ал, дін ғұламаларын мемлекет басшыларына «кәпір» деп үкім шығармағандықтан, олар да алдыңғылардың қатарына қосылады. Осы жамағат мүшелігіне кірмеген және олардың басшыларына байғат етпеген әрбір мұсылман баласын кәпір деп үкім етеді. Ал, мүшеліктен шыққанға «муртад», яғни дінін тәрік етуші адам деп, өлтіруге рұқсат береді. Осы ағымның ұстанымын естіп, қабыл етпеген азамат та кәпір деп танылады.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күні үлкен күнә істеген үмбетіме мен шапағат етемін», дейді. Иә, адам баласы пенде болғандықтан қателеседі, бірақ, Алла тағала тәубе есігін қиямет күніне дейін ашық қалдырады. Қателігін кешіруді сұрап жалбарынған мұсылманға Алла тағала кешіріммен қарайды. Әрине, «Алла кешіреді» деп арақ ішу, өтірік айту, өсімқорлықпен айналысу немесе пара беру сияқты үлкен күнәні істеп жүре беруге тағы болмайды. Бірақ, шариғатымызда қателескен адамға «кәпір болдың» деп кесіп айтуға тыйым салынады. Ал, мемлекеттік жүйеге қарсы шығу әһли сүннаның сенімі емес. Шын мәнінде Құран және сүннетке құлақ асамын деуші әрбір мұсылман өз елінің Ата заңына және мемлекет басшысына бойұсынуы уәжіп. Міне, сондықтан да бұл топтың бағытын дұрыс дей алмаймыз. Аталған ағым асыл дінімізге де, Отанымызға да зиянды болып табылады. Бұл – Ислам дінінің негізгі ұстанымдарынан алыс кеткен кереғар бағыт.
Ғалымдар болсын, Сахаба сөзі, тіпті төрт халифаның бірі болса да оларға бұл пәтуа ретінде қолданылмайды. Оу, сонда бізге Исламды жеткізуші сахабаларды, яғни мұсылман үмбетінің ұстаздарын мойындамай қалайша дінді үйренуге және мұсылман болып жүруге болады? Сахабалардың, табиғиндер мен ізгі ғұламалардың еңбегінсіз біздер қарапайым мұсылман халқы өз дінімізді дұрыс түсіне алмайтын да едік.
Бұл жамағаттың екінші негізгі ұғымы – «һижрат». Һижрат дегеніміз – дінсіз қоғамнан оқшаулану болып табылады. Олардың көзқарасында қазіргі қоғам дінсіз болып саналады. Оқшаулану мекен ауыстырумен немесе ой-пікір жағынан оқшаулану деп түсіндіреді.
Ағымның келесі ұстанымдары, мұсылмандарды мешітте оқылатын жұма және жамағат намаздарына қатыспауға шақырады. Себебі, олардың түсінігі бойынша «дирар» – елді бұзатын нәрсе ол мешіттер екен. Ал имамдарды кәпір деп есептейді. Олардың түсінігінше тек қана төрт мешіт, олар: Меккедегі «әл-Харам», Мәдинадағы «Пайғамбар мешіті», «Құба» және «әл-Ақса» мешіттеріне баруға болады. Аталған Алла үйлерінде де олар намаз оқымайды. Тек өз қатарларынан шыққан кісі имамдық жасаса ғана сәждеге жығылады.
Асыл дініміздің ең құнды құлшылығы – намаз. Жамағатпен құлшылық ету қоғам мүшелерін бір-біріне жақындата түседі. Ал, мешіттеріміз – рухани орталығымыз. Онда Жаратқанға мінәжат ету үшін, ислам құндылықтарын үйрену үшін барамыз. Сонымен бірге, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әрбір тақуа және күнәһар адамның артында тұрып намаз оқыңдар» деген бұйрығына бойұсынып, қандай мешітте болсын, қандай имам болсын оған ұйып намаз оқуымыз керек. Өкінішке қарай, кейбір мұсылман бауырларымыз сондай сауапты істі білмей келеді.
«Такфир» ағымының ең танымал еңбегі – «Зикрият маъа жамаъат муслимин». Авторы Абдурахман Әбу Хайр, бірақ, ол кейіннен бұл ағымнан біржола ат құйрығын кесісіп кетті. Аталмыш кітапта такфиршілердің сенімдері мен бағытын көрсететін материалдар басылған. Сонымен қатар, Шүкри Мустафаның «Рисалат ал Худжият», «Рисалат ат Тауассуъат» және «Китабул Хилафат», Маһир Бакридің «Рисалат ал Һижрат» және «Рисалат ижмал тауилиһим уар родду ъалейһим» кітаптары жарық көрген.
Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мұндай ағымдарға тез арада шара қолдану қажет.
Кертартпа ағымдардың бет пердесін ашып, теріс пиғылдарын әшкерелеуді діни басқарма өкілдері өз міндеті санайды. Бұл бағытта барынша жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Әйткенмен, олар өздерінің насихаттарын ашық түрде жүргізбегендіктен «такфиршілерді» әшкерелеу қиынға түседі.
Руслан Қамбаров.