Дін атын жамылғандар
Тәуелсіздік жылдарында қоғамда діннің маңыздылығы артып, нығайа түсті. Конституцияның 22-бабында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп белгіленген. 2011 жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, ол барлық діндердің теңдігін, азаматтардың кез-келген сенімді еркін ұстану құқығын немесе ешбірін ұстанбау құқығын жариялады; достық пен конфессияаралық келісімді қалыптастыруға ықпал етті, сондай-ақ барлық діни бірлестіктер өз қызметін дербес жүзеге асыру құқығына ие болды.
Мемлекет діни салада жүргізіп жатқан тең құқықты саясатты шет елдерде пайда болған дін атын жамылған теріс ұйымдар пайдалана бастады. Бұл христиан дінінің түрлі діни ұйымдарының пайда болуына әкелді (оның ішінде деструктивті ойдағы ұйымдар да жиі кездеседі). Қазақстандағы қазіргі діни ахуал азаматтарды өз қатарына тарту бойынша белсенді әрекет жасап жатқан қауымдастықтарды насихаттаудың күшеюімен сипатталады. Оларға балалар, жастар, материалдық жағдайы төмен адамдар және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдар ерекше қызығушылық танытады. Бұл ұйымдардың құрбандарының басым көпшілігі - жастар, жалғызбасты адамдар (зейнеткерлер мен жетімдер) және физикалық шектеулері бар адамдар (олар үшін «іс-қимыл қызметтері» деп аталатын жеке топтар құрылады, яғни іс-қимыл арқылы уағыз жүргізеді. Бұл ұйымдардың тағы да бір ерекшелігі, жиындарын эстрадалық музыкамен және бимен сүйемелдеуі.
Мұндай діни ұйымдарда әр адепт өзіне қойылған талаптарды орындайды және діни сенімдерін одан әрі насихаттауға, бір-бірін өзара бақылауға (жаңадан қосылғандардың тәлімгерлері болады), материалдық, қаржылық тұрғыда қолдау көрсететін белгілі бір функцияларды орындайды (қоғамдастықтың (шіркеудің) пайдасына әр апта сайын ақшалай қаражат түрінде қайырымдылық жұмыстары жүргізіледі) нақтырақ айтқанда, басшының пайдасына, адептердің тегін еңбегі қолданылады. Мұның бәрі, әрине, орынды сылтаулармен жүзеге асырылады. Әр түрлі «жиындар, курстар, ғибадат» арқылы адептерді арбау нәтижесінде адамның мінез-құлқының, көңіл-күйінің өзгеруіне психологиялық шабуылдар жасалады. Мұндай үдерістерден кейін адамдардың жеке тұлға ретінде ұтымды ойлау қабілеттері жоғалады, өз бетінше шешім қабылдай алмайды, тәуелді болады, мойынсұнбаудан және Құдайдың қаһарынан қорқып, діни ұйымнан шығуға қорқады (паникалық шабуылдар, жалғыз қалудан қорқу, галлюцинация пайда болады).
Түйіндеме ретінде неохристиандық теріс діни ұйымдардың арбауынан сақтану үшін оларға тән кейбір сипаттамалық ерекшеліктерді бөліп көрсетейік:
- мақсатты түрде қасиетті жазбаларды бұрмалап, өз ілімдеріне сәйкес бейімдейді;
- психотехнология мен психикалық әсер ету әдістерін қолдану - діни фанатизм, сенім нәтижесінде ауруларды емдеудің «ғажайыптарын» көрсету, діни терминдерді жиі қолдану, сөйлеу кезінде интонацияның өзгеруі (сыбырлауға көшу, дауыстың жоғарылауы, қатты айқайлау), белсенді ым-ишара, тізе бүгу, ұжымдық түрде яғни хормен ән салу және т. б.);
- ұйымға көмек көрсету нәтижесінде міндетті түрде ақша жинау, бұл үрдіс «ерікті қайырымдылық» деп аталады, олар көбінесе қасиетті жазбаларға сілтеме жасай отырып негізделеді (егер сеніміне берік болсаң, ақшаның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмса деп адамды сендіреді).
- басшыға сөзсіз бағыну (басшының және белсенді адептердің мәлімдемелері күмән тудырмайды. Келіспеген жағдайда немесе өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысқанда, қалыптасқан негіздерді бұзбауы үшін адам уақытша немесе біржола ұйымнан шығарылады).
Неохристиандық жалған діни ұйымдардың қызметіне қатысудың негізгі қауіпті тұстарын қорытындылауға тырысайық:
1. Адамның жеке басының бұзылуы (денсаулыққа психикалық зиян келтіру, өмірлік бағдарлар мен құндылықтардың өзгеруі, қорқыныштың, жүйке-жүйе бұзылыстарының пайда болуы, ұйымнан шығу қорқынышынан пайда болған паникалық шабуылдар, басқалардың пікіріне тәуелділікті қалыптастыру). Ақша қаражаты мен мүлігінің бір бөлігін жоғалту, өйткені бұл ұйымдардың басты міндеттерінің бірі - адептердің есебінен материалдық жағдайларын көтеру. Адептер жалған діни ұйымдардың басшылары тарапынан алаяқтық әрекеттерге ұшырап, тұрғын үйсіз және күнкөріссіз қалған жағдайлар да болды.
2. Отбасы мен отбасылық қатынастарды, дәстүрлерді бұзу (оның ыдырауына әкелетін жанжалдарды, келіспеушіліктерді тудыру («олар адасушылар, сені түсінбейді»). Кейбір жағдайларда жалған діни ұйымдарға қатысу денсаулыққа орны толмас зиян келтіреді (медициналық мекемелерге жүгінуге, дәрі-дәрмектерді қолдануға және қан құюға тыйым салады, мұның соңы өлімге алып келуі мүмкін).
3. Қоғамның жойылуы. Идеологиялық әсермен адептер қоғамды құрметтеуді тоқтатады. Оларға өзгелердің көзқарастарына төзбеушілік идеясы жүктеледі, келіспеушіліктермен «қанның соңғы тамшысына дейін» күресуге мәжбүр болады, олар отбасы мен елін қорғаудың орнына өз қауымдастығын қорғайды.
Олег СИНЯКОВ,
дінтану магистрі, Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының дінтанушысы.