Масанчи ауылындағы "Қордай медресесінің" артында кімдер тұр?
Танымал исламтанушы, Асқар Әкімхан Деобанд ілімі жүйесінде білім беріп жатқан "Қордай медресесі" жөнінде өз пікірін білдірді. деп хабарлайды Adaspa.kz
Айта кетейік, Қордай ауданы Масанчи ауылында ресми түрде ашылған медреседе 100-ге жуық шəкірт тəлім алуда. Медресенің негізгі қызметі - қари даярлау.
"Деобанд жүйесі негізінде білім беретін Масанчидегі медресенің статусын нақтылайтын уақыт келді деп ойлаймын", - дейді исламтанушы, ғалым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Егер Қордай оқиғасынан кейін медресенің ҚМДБ-ға толық қарағаны рас болса, онда:
- Неліктен кейбір мешіт имамдары сол медресенің шәкірттерін практикадан өткізуден бас тартады?
- Неліктен медресеге Муфтият тарапынан тағайындалған басшылықтан медресенің оқу бағдарламасын қайта-қайта сұрап ала алмадық? Онда қандай құпия бар?
- Егер Масанчи медресесі толығымен ҚМДБ-ға қарайтын болса, ондағы білім беру мерзімі ҚМДБ медреселері сияқты 3 жылмен шектелу керек емес пе, сондай-ақ ондағы оқу бағдарламасы ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімі бекіткен бағдарламаға толық сәйкестендірілу керек емес пе, бұл мәселе қаншалықты қолға алынған?!, деген сияқты, Деобандты зерттеп келе жатқалы өзімді мазалап жүрген осындай сұрақтар бар!
2022 жылдың аяғында Масанчиге арнайы барып, Медресе директоры және ұстаздарымен жолыққанымызда, оқу бағдарламасын сұрасақ та, көре алмадық, басшылық кейін жібереміз дегенімен, сол күйі жібермеді, десек те, сондағы Деобандта оқып келген дүңген ұстаздардың сөзінен әлі күнге дейін білім беру бағдарламасының еш өзгеріссіз Деобанд медреселері жүйесіне негізделіп келе жатқанын анық ұқтық. Сәйкесінше көкейімізде мынандай заңды сұрақ туындады: егер аталған оқу орнының директоры айтқандай, медресе ҚМДБға қарайтын болса, оқу бағдарламасы 3 жылмен шектелу керек еді, алайда ондағы бұрыннан басшылыққа алынып келе жатқан Деобанд медреселерінің 7-8 жылға арналған оқу бағдарламасын 3 жылда игеру физический мүмкін емес, демек бұдан Масанчи медресесі де-юре ҚМДБға қарайды, де-факто бұрынғы Деобанд жүйесін оқытуды жалғастырып жатыр деген тұжырым шығады. Бұл анық диссонанс!
Масанчи медресесін бітірген түлектердің біразы бүгінгі күні ҚМДБ бұйрығымен мешіттерде имам немесе ұстаз болып қызмет атқарып жүргені бәрімізге мәлім, олар Деобанд жүйесі негізінде біржақты білім алғандықтан, олардың діни санасы мен түсінігі қазақ халқына тән салт-дәстүрмен сабақтасқан діни танымға толық сай келеді деп айту қиын. Жоғарыда айтқанымдай, кейбір имамдардың аталған медресенің шәкірттерінің мешіттерде практикадан өтуіне қарсы болуы сол себепті деп ойлаймын.
Масанчи медресесінің статусы мен жүйесі толықтай ҚМДБның оқу-ағарту жүйесіне сәйкестендірілмесе, болашақта еліміздегі мешіттердің тізгінін ұстап отырған имам-молдалар мен діни сауат ашу бағытында жұмыс істейтін мешіт ұстаздары арасында діни таным мен түсінікте, әсіресе дін мен дәстүр сабақтастығы мәселесінде үлкен қарама-қайшылық орын алары сөзсіз. Бұл өз кезегінде еліміздегі діндарлардың ханафи-сәләфи боп бөлінгені аз болғандай, ханафи жамағатының өз ішінде бөлінуіне алып келетін қауіпті жағдай. Өйткені мұндай бөлінушіліктің алғышарттарын еліміздің Батыс өңірлерінен көріп те жүрміз.