Теріс ағымның келеңсіздігі
Халқымыздың 70 пайызға жуығы мұсылман дінінің өкілдері. Дін ұстануға еркіндік берілгелі 30 жылдан астам уақыт өтті. Алайда алғашқы жылдары мұсылмандық діннің дұрыс бағыт-бағдарын білетіндер қатары сирек еді.
Сол жылдары білім іздеген отандастарымыз Түркия, Мысыр, Сауд Арабия корольдігі секілді елдердегі діни жоғары оқу орындарына көптеп кете бастады. Олардың алды 2000-жылдарға қарай оқуын тәмамдап, елге қайта оралды. Міне, осы уақыттан бастап қазақ даласында деструктивті діни ағым өкілдері пайда болды.
Өйткені бұл азаматтардың басым көпшілігі арабтың не түріктің дінін емес, жат дәстүрін және теріс пиғылды ағымдардың қате пікірлерін (хужра) үйреніп келді. Яғни олардың дені мәзһаб ұстанбайтын еді немесе араб тілін, құранды және хадисті білген адам мәзһабқа мұқтаж емес деген пікірмен оралды. Салдарынан «сәләфизм» және «уахабизм» сынды мәзһабсыз діни ұстанымдағы ағымдар пайда болса, Түркия Республикасынан келгендер арасында жамағатшыл жастар көбейді. Осылайша, қоғамда дін ұстанушы азаматтар арасында топтық тартыс басталып кетті.
Қазақ қоғамының дәстүрі мен салты, әдеті мен ұстанымы, ділі мен тілі, ұлттық ұраны мен қоғамдық түсінігі Әбу Ханифа мәзһабына негізделген. Алайда мәзһаб ұстанбайтын азаматтар осының барлығын жоққа шығарып, жат түсінікті терең сіңіріп, дінді арнайы оқу орындарынан емес, хужралардан үйреніп, діннің ғылыми түсінігінен гөрі, дамыған мына заманда фундаменталистік түсінікке баса назар аударды. Діннің өміршеңдігін мойындағысы келмеген бұл азаматтар дін ұстанушы адамның түсінігі мен амалына ноқта салғысы келеді.
Соның бірі – ұлтты мойындамау. «Біз тек мұсылманбыз» деудің астарында діни емес, саяси пікірдің барын айта аламыз. Алайда Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» деген аятты жоққа шығарып, жергілікті ұлттың намысы мен ұстанымдарын менсінбей, өздерін жоғары санай отырып, қоғам арасында іріткі салу арқылы елімізде діннің тұрақтылығы мен өміршеңдігіне кедергі келтіріп отыр. Ұлтын мойындамаған адам тіліне, дәстүріне және отанына құрметі мен қастері болмайтынын ұмытпағанымыз абзал.
Екіншіден, мәзһабты мойындамау. Мәзһаб дегеніміз – діни ұстанымды жүйелеген мектептердің атауы. Мәзһаб имамдары мен ислам ғалымдары дінді жан-жақты зерттеп, зерделеп, қағаз бетіне түсіріп, діннің бұрмалануы мен жансақ пікірлерден қорғаған. Мәзһабты мойындамаймын деу – ислам ғұламаларын мойындамау деген сөз. Ал ислам ғұламаларын мойындамайтын болсақ, Құран мен хадисті әркім өз бетінше жорамалдайтын боламыз. Бұл бірлік ұстаным қағидасы жойылып, діннің бұзылуына алып келеді. Мәзһаб – біртұтастық пен бейбітшіліктің кепілі. Ал мәзһабсыздық болса тұрақсыздық пен алауыздықтың белгісі. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан насихатталып келе жатқан «Әбу Ханифа» мәзһабы – біздің дініміз бен діліміздің кепілі.
Қоғамдағы тағы бір келеңсіздік – өзгелерді «кәпір» деп айыптау. Кәпір деп шариғатта «Ислам дінін қабылдамаған» адамға айтылады. Яғни мұсылман емес деген сөз. Өкінішке қарай, теріс ағым өкілдері біреуді кәпір дей отырып, оның жаны, малы мен арына қол салуды «адал» деп біледі. Оны күнә деп есептемейді. Мұндай әрекет Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бен оның сахабаларының дәуірінде болмаған. Алайда бүгінгі теріс сенімде жүрген азаматтар оны тілімен айтып, әрекетімен көрсетіп жүр. Бұл – қоғамға төнген үлкен қауіп. Тіпті олар намаз оқымайтындарды да кәпір деп айыптап, оның ішінде өз туыстарымен байланысын үзіп, қоғам ішінде дүрдараздық тудырып жатыр. Әкем, шешем немесе бауырым намаз оқымайды деп олармен араласпай қойғандар жетерлік.
Мұндай түсінікте жүрген азаматтар қазақ қоғамы мен дәстүріне, ділі мен дініне, ұстанымы мен әдет-ғұрыптарына және отанына қиянат ететіні баршаға аян. Жаратқан Алла еліміз бен жерімізді бүліктен сақтасын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының теолог маманы, PhD