Дінтанушы Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің маңызын айтып берді
Қазір елімізде 140 этнос, 18 конфессияның өкілі, 3 977 діни бірлестік тату тұрып жатыр. Олардың дін ұстану еркіндігіне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүрінің сақталуына мүмкіндік берілген. Қазақстанда конфессияаралық саясатты ұстап тұру үшін қандай шаралар атқаралып жатыр? Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің маңызы қандай? Бұл туралы Stan.kz тілшісі философия, саясаттану және дінтану институтына қарасты дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбайдан толығырақ сұрап білді.
Дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай еліміздегі конфессияаралық саясатты ұстап тұру үшін ауқымды шаралар атқаралып жатқанын және дін өкілдері арасындағы диалогтың артықшылықтарын айтып берді.
"Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде діни институттардың сандық және сапалық тұрғыдан өскенін көріп келеміз. Діни бірлестіктер саны бірнеше есе көбейіп, рухани дәстүрлер жаңғырып жатыр. Жаңа мешіттер, шіркеулер, синагогалар салынып, халық арасында дінге сенетін адамдар қатары артты. Сондықтан әлемдегі жағдайларға байланысты дінаралық және конфессияаралық келісімді сақтау үлкен қақтығыстардың алдын алу үшін маңызды. Әсіресе Қазақстан көпконфессиялы мемлекет болғандықтан адамдар арасындағы ынтымақтастық пен диалогты дамытудың орны бөлек", – деді дінтанушы.
Алмасбек Шағырбай елімізде 18 конфессияны қамитын 3 977 діни бірлестіктер тіркелгенін атап өтті.
Инфографика: Stan.kz
18 қазан – "Рухани келісім күні" мереке ретінде енуі қазақ жерінде бейбітшілік болып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама дейді Дінтану орталығының директоры. Ол бұл мерекенің аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің жоспарына сәйкес жыл сайын іс-шаралар атқаралып келе жатқанын айтты.
"Алматы дін істері жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы құрылған. Мұндай алаңдар еліміздегі конфессияаралық татулықтың үлгісін көрсетеді. Бұл басқа елдерге де жақсы мысал бола алады. Бүгінгі қоғамдағы діни алауыздықтарға жол бермеу, арандатушылыққа берілмеу, жастарды отансүйгіштікке, қазақстандық қоғам құндылықтарын ұстануға тәрбиелеу тақырыптарында сөз қозғалады", – деді Алмасбек Шағырбай.
Дінтану орталығының директоры әртүрлі діни бірлестіктер арасындағы ықтимал қақтығыстар мен түсінбеушіліктерді қалай жеңуге болатынын атап өтті.
"Мысалы, мешітке келушілердің арасындағы толеранттық, басқа сенім иелеріне құрметпен қарау деген секілді дүниелерді имамдар жамағатқа түсіндіреді. Сол секілді шіркеу өкілдері де келушілеріне әртүрлі сенімдегі адамдардың өмір сүруге әртүрлі сенімде болуы одардың таңдауы, олардың сеніміне құрметпен қарау дегенді насихаттайды. Діни бірлестіктердің арасында болуы ықтимал қақтығыстардың алдын аламыз. Ақпараттық және түсіндіру жұмыстары да мұның ішіне кіріп кетеді. Дін істері комитетінің жанынан құралған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрамында 100-ге жуық маман, соның ішінде заңгерлер, тарихшылар, дінтанушылар, психологтар жұмыс істейді", – деді дінтану орталығының директоры.
Фото Алмасбек Шағырбайдың жеке архивінен алынған / VII әлемдік және дәстүрлі діндер съезі
Алмасбек Шағырбайдың сөзінше, Дін істері комитеті Қазақстандағы конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту үшін перспективалар мен жоспарлар құрып, зерттеу жүргізіп келе жатыр.
Бұдан бөлек ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің маңызын айтып берді.
"Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылдың 23-24 қыркүйек аралығында Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың бастамасымен өтті. Сол жылдан бастап қазірге дейін 7 съезд, яғни 2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 жылдары ұйымдастырылды. Содан кейінгі съезд карантинге байланысты 2022 жылы өткізілді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің маңызы – жалпы әлемде болып жатқан әртүрлі діни қақтығыстардың алдын алу", – деді дінтанушы.
Сонымен қатар съезде де ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері бас қосты дейді дінтанушы.
"VII Съезд дін лидерлерінің қатысуы тұрғысынан мәртебесі жоғары болды. Себебі форумға Рим Папасы Франциск және жоғары мәртебелі меймандардың қатарында Ахмед әл-Тайеб, Әл-Азхар шейхы, Жоғарғы имам, доктор, профессор, иудаизм мен буддизмнің лидерлері, даосизм, синтоизм және басқа діндердің өкілдері қатысты. Қонақтар әлем елдері съездің маңызын қалай бағалайды және дінаралық диалогты ұйымдастыруға ұмтылыс бар ма деген сұрақтарға жауап берді. Олар іс-шараға жоғары баға беріп, біздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын білдірді. Енді мұндай жоғары мәртебелі тұлғалардың жоғары баға беруі съездің жұмысына, өту барысына беріліп жатқан жоғары баға деп есептеймін. VII съезге Алматы қаласынан бардым. Пленарлық отырыста және мен қатысқан секцияда, келесі жолы съезді біз өткізейік деген ұсыныстарды естімедім", – деді Алмасбек Шағырбай.
Фото Алмасбек Шағырбайдың жеке архивінен алынған / VII әлемдік және дәстүрлі діндер съезі
Сонымен қатар Алмасбек Шағырбай 2025 жылы өтетін съезге тәліптер де қатысып қалуы мүмкін екенін ескертті.
"Тәліптер тыйым салынған 23 ұйымның қатарында болғанын білеміз. Қазір олардың ресми билікке келуіне байланысты біз оларды тыйым салынған ұйымдардан шығардық. Енді тәліптердің болашақта келесі болатын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысу ықтималдығы бар деп айтар едім", – деді дінтану орталығының директоры.