Қазақстанда «Таблиғи жамағатына» не себепті тыйым салынған?
Елімізде «Таблиғи жамағатына» 2013 жылдан бері тыйым салынған. Ұйым қоғам тәртібін және ұлттық қауіпсіздікті бұзғаны үшін экстремистік ұйым болып танылды. Десе де кейбірі «Таблиғи жамағатының» қандай ұйым екенін және олардың нақты қандай амалдары Қазақстан заңнамасына және Мүфтият бекіткен елдегі дәстүрлі исламға қайшы екенін біле бермейді.
Бүгінгі материалда Baribar.kz редакциясы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Данияр Кенжалиннің және философ-мәдениеттанушы Ақтөре Көпбайдың пікіріне сүйеніп, бұл жамағаттың шығу тарихын және идеологиясын тарқатып жазады.
«Таблиғи жамағаты» деген кімдер?
«Таблиғи жамағаты» ұйымы 1926 жылы Үндістанда пайда болды. Оны Мәулана Мұхаммед Ілияс әл-Қандаһлауи құрған. Ол бала кезінен сауатын ашып, медреседе білім алған. Кейін өзі де «Мазахирул-улум» деген медреседе ұстаз болып істеген. Осыдан соң ол қызметін тастап, «Таблиғи жамағатын» құруды шешкен. Философ-мәдениеттанушы, Yessenov университетінің оқытушысы, Анкара университетінің докторанты Ақтөре Көпбайдың айтуынша, «Таблиғи жамағаты» — жаһандық деңгейде жұмыс істеп келе жатқан ауқымды діни ұйым.
«Исламофобия ушыққан бүгінгі таңда бұл жамағатты жақыннан таныған абзал. Академиялық һәм негізгі әдебиеттер «Таблиғи жамағатын» «Исламдық миссионерлік қозғалыс», «Исламдық қайта құрушы ұйым» немесе «Трансұлттық исламдық пиетистік қозғалыс», «Трансұлттық исламдық реформалар қозғалысы» және тағы басқа терминдермен сипаттайды. Алғаш Үндістанда пайда болған «Таблиғи жамағаты» діни білім беру ошағы — медресені місе тұтпай, Ислам дінін адамдарға тікелей таратуды көздейді. Үндістанның Делхи қаласындағы Низамуддин орталығы «Таблиғи жамағатының» орталық басқармасы болып саналады. Үндістаннан бастау алған жамағат қозғалысы Пәкістанда, Бангладеште жалғасын тапқан. Ол жақтардан да Ислам әлеміне жайылып, соңында жаһандық сипат алып отыр», — дейді философ.
Мәдениеттанушы бұл жамағаттың нақты тіркелген ресми саны жоқ екенін, бірақ жамағат жұмысына атсалысқандардың 100 миллионнан асатынын айтады.
«Оларды басқа діни топтардан ерекше ететін қасиеті – саяси мүдделерден тыс, сыпайы бір діни қозғалыстың құралы болуы. Оларда мәзһаб түсінігі жоқ. Жамағат мүшелері сүннит болған соң, мұсылмандарға қарсы ешқандай мәзхабтық мәлімдеме жасамайды. Осындай байсалды позицияларының және қандай да бір саяси көзқарастарының болмауы, олардың әлемнің көптеген еліне оңай кіріп, уағыз-насихат жұмысын жүргізуге септігін тигізді деуге болады», — дейді Ақтөре Көпбай.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Данияр Кенжалиннің айтуынша, ұйымның атауы арабтың «әт-Таблиғ» деген сөзінен шыққан. Бұл сөзбе-сөз аударғанда «жеткізу» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз ислам дінінде пайғамбарларды сипаттайтын негізгі бес сипаттың бірі болып саналады.
«Таблиғи жамағаты» ұйымы Үндістандағы индуизм және христиан миссионерлеріне қарсы құрылған ислам бағытындағы ағым болып саналады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген діни ағым мен ұйым келе бастады. Солардың ішінде осы «Таблиғи жамағаты» ұйымы да бар. Әсіресе, 2000 жылдардың ортасы мен соңында бұл ұйым ел аумақтарында көптеп тарады», — дейді шариғат және пәтуа маманы Данияр Кенжалин.
«Таблиғи жамағаты» ұйымының мақсаты қандай?
«Таблиғи жамағаты» ұйымының мүшелері «ілім», «таблиғ», «тәшкыил», «амал», «дағуат», «машура», «әмірсап» деген сияқты терминдерді жиі қолданады. Олардың негізгі миссиясы – елді мекендерді аралап жүріп, уағыз айтып, адамдарды ислам дініне, өзінің ағымына тарту. Ұйым мүшесі көшеде кезіккен бейтаныс адамдарға «кәлима шәһәда» сөзін айтқызып, оның мән-мағынасын жеткізуі керек.
«Бұл ұйымның мүшелері исламдағы дағуатқа аса ден қояды. Мұндағы дағуат деп отырғанымыз «дінге шақыру» ұғымын білдіреді. Ұйымның мүшесі болған адам міндетті түрде белгілі бір уақытқа дейін дін жолын уағыздап айтуы керек. Әдетте олар бұл амалын 40 күн немесе төрт ай орындайды. Олар осы уақыт ішінде отбасы мүшелерін, жұмысын тастап, үй-жайды, ауыл-аймақты, елді мекенді аралап, уағыз оқып, өзгелерді дінге шақыруы керек. Еліміздегі дәстүрлі ислам бойынша, өзге адамды жақсылыққа шақырып, жамандықтан алыстату ұғымы бар. Алайда оған қатысты белгілі бір қағидалар мен ережелер қою – дін негіздеріне қайшы әрекет. Кез келген жекелеген ұйым секілді, «Таблиғи жамағаты» мүшелері де өз қатарластарының саны артқанын қалайтынын ұмытпаған жөн», — дейді шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.
ҚМБД ақпараты бойынша, «Таблиғи жамағаты» өкілдері төрт айлық миссиясын орындау үшін Пәкістанға, Индонезияға, Үндістанға барады.
Неге бұл жамағатқа көп елде тыйым салынған?
«Таблиғи жамағаты» көп елде экстремистік ұйым болып танылған. Мәселен, Сова ақпарат және талдау орталығының дерегі бойынша, Ресей Федерациясы 2009 жылы бұл жамағатқа тыйым салған. АҚШ та ұйымның ұстанымын құптамайды.
«АҚШ билігі бұл жамағаттың тероризмге тікелей қатысы болмаса да жанама байланысы бар деп санайды. Себебі олардың сенімі радикал топтардың қалыптасуына елеулі әсер етеді деп ойлайды. Мысалы, АҚШ барлау қызметі «Таблиғи жамағаты» әрекеттерін «Әл-Қаида» сияқты халықаралық террористік ұйымдар пайдаланады деп біледі. Атап айтар болсақ, 2003 жылы ФТБ (FBI) Халықаралық терроризм бөлімі басшысының орынбасары Майкл Дж.Хеймбах «Құрама Штаттарда «Таблиғи жамағаты» үлесі айтарлықтай бар және біз «Әл-Қаиданың» оларды қазір де, бұрын да адам жинау үшін пайдаланғанын анықтадық» деген. Қысқаша айтқанда, АҚШ барлау агенттіктері «Таблиғи жамағаты» адам тартатын ұйым ретінде террористерге қызмет етеді деген қорытындыға келген. Құқық қорғау қызметкерлері мен зиялы мұсылман ғалымдарының ойынша, «Таблиғи жамағатқа» қатысты ең көп алаңдаушылық тудыратын нәрсе – олардың қоғамнан қол үзуі», — дейді философ Ақтөре Көпбай.
Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан сияқты Орталық Азия елдерінде де ұйымның жұмысы заң жүзінде тоқтатылған. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда 2013 жылғы 26 ақпанда Астана қаласының Сарыарқа соты «Таблиғи жамағаты» халықаралық ұйымына тыйым салу шешімін қабылдады.
«Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Үндістанның мәдениеті мен менталитетіне ыңғайланған уағыз-насихат әдісі қазіргі Қазақстан үшін жат екені белгілі. Мұндай дәстүрлі емес діни ағымдар мен экстремистік ұстанымдар зайырлы мемлекетіміздің бірлігі мен ынтымағына, әлеуметтік қоғамның тұрақты болуына кері ықпал жасайтыны анық», — дейді ҚМБД маманы Данияр Кенжалин.
ҚМБД-ның ресми сайтындағы деректерге сенсек, «Таблиғи жамағатының» өкілдері сырттай ізгі ниетті адам болып көрінгенімен, амал-әрекеттері, ұстанымдары Мүфтият бекіткен, Қазақстан азаматтары ұстанатын дәстүрлі исламға сай келмейді.
Біріншіден, олар ғылымға, білімге, Құран үйренуге ықылас қоймайды. Фикһ, ақида, һадис ілімдерін үйренудің орнына шектеулі әдебиеттерді ғана оқиды. Олар қиссалар мен ауыздан-ауызға тараған өз әңгімелерін негізгі дереккөз деп санайды. Ал бұл – Ислам шариғатына қайшы нәрсе. Екіншіден, олар Құран кәрімнің аяттары мен һәдистерін бұрмалап, басқаша түсіндіреді. Кейде өз қиссаларын қосып, жалған ақпарат тартады. Үшіншіден, олардың белгілі бір күнді арнап, елді мекенді аралап жүріп, уағыз айтуы да шариғатқа қайшы. Себебі шын мәнінде де, ислам дінін ұстанатын мұсылманның іс-әрекеті мен сөзі белгілі бір уақытта емес, күнделікті басқаларға үлгі болуы қажет.
Ал философ-мәдениеттанушы Ақтөре Көпбай бұл жамағаттың ұстанымы қарулы жиһадқа апаруы мүмкін екенін айтады.
«Олардың түсінігінде «таблиғ» сөзі Ислам шариғатындағы жиһадтың бірінші кезеңін білдіреді. Бұл кезеңде барлық адамға Ислам дінінің ережелері, ерекшеліктері мен сұлулықтары түсіндіріледі. Адамдардан бұларды қабылдау сұралады. Мұның атауы «Таблиғ» болмақ. Осы ауызша үгіт-насихат әрекеттеріне қарамастан адамдар сізге сенбесе, жиһадтың екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде сізге сенбейтін адамдарға/кәпірлерге «жизийа/харач» деп аталатын міндетті салық төлеу керек екені ескертіледі. Бұған қарамастан адамдар уағызға сенбесе, ақша беруге дайын болмаса, үшінші кезеңге өтіледі. Бұл кезеңде Исламды қарумен қабылдату басталады. Демек, мұның соңы қарулы жиһадқа апаруы мүмкін», — дейді мәдениеттанушы.
«Таблиғи жамағаты» ұйымның мүшелеріне ұрынып қалмас үшін не істеу керек?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа маманы Данияр Кенжалиннің айтуынша, Қазақстанда бұл жамағатқа тыйым салынғаннан кейін оның мүшелері үй-жайды аралап уағыз айтуды азайтқан. Дегенмен олар түрлі себепті негізге алып, үйінде дастарқан жайып, көршілері мен туыс-тумаларын қонаққа шақырып, дастарқан басында ұйым ұстанымдарын таратуы мүмкін. Сол себепті маман адамдарды діни сауатты болуға шақырады. Ол «Таблиғи жамағаты» ұйымының өкілдерін бірнеше белгісінен байқауға болатынын айтады.
«Тыйым салынғанға дейін ұйым көптеген өңірде белең алған еді. Сот шешімінен кейін, ұйым белсенділігі күрт төмендеді. Тек заң талаптарына мойынсұнбаған жекелеген ұйым мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатады. Әдетте «Таблиғи жамағаты» мүшелері Үндістан, Пәкістан сияқты өңірлерге тән киім үлгісін киеді. Оған қоса қазақ тілінде қолданыста бар, қазақша айтуға болатын ұғымдарды араб немесе урду тіліндегі сөзбен айтады», — дейді Данияр Кенжалин.
Маман діни сауатын арттырғысы келетін азаматтар ҚМДБ-ға қарасты мешіттер мен медреселерге барып, білім алғаны дұрыс екенін айтады.
«Қандай да бір жерде кезіккен бейтаныс адамның діни уағыздарына еріп кетуден сақ болу қажет. Ең әуелі, «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» құжатымен таныс болуы қажет. Бұл құжат 2015 жылы имамдар форумында қабылданған. Тұғырнама мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиіс діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастарын айқын көрсетеді», — дейді шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.
Оның сөзіне қарағанда, ел азаматтары жат діни ағымдарға ілесіп кетпес үшін діни басқарма жүйелі және кешенді жұмыстарды атқарып жүр. Атап айтсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамында арнайы Діни оңалту бөлімі бар. Өңірлердегі жауапты қызметкерлер жергілікті дін саласына уәкілетті мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жат ағым идеологиясына еріп кеткен азаматтарды дәстүрлі ислам негіздеріне қайтаруға бағытталған жұмыстарды жүргізеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан аумағында тыйым салынған, діни экстремистік-террористік саналатын ұйым мүшесі болған, олардың ұстанымын таратқан, үгіт-насихат жүргізген адам Қылмыстық кодекстің «Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу» деген 405-бабы бойынша жауапқа тартылады.