Діни әдебиет тарату, миссионерлік қызмет: дінге қатысты қандай заң ережелері бар?
26 қыркүйекте актер Нұртас Адамбай әлеуметтік желідегі парақшасында Құранның үзіндісін тәпсірлегені үшін жауапқа тартылды. Ол Әкімшілік кодекстің 490-бабының 1-бөлігі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы» бұзған. Актер елімізде Құран Кәрімнің аудармасын келтіруге болмайтынын білмеген болып шықты. Осы сияқты келеңсіз жағдайға тап болмас үшін Қазақстан заңнамасындағы дінге қатысты қандай ережелерді білген жөн? Діни әдебиеттерді таратқанда, миссионерлік қызмет көрсеткенде нені ескеру керек? Baribar.kz редакциясына дінтанушы Әл-Фараби Болатжан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды негізге ала отырып, өзекті сұрақтарға жауап берді.
1. Қазақстанда дін мәселесі қалай реттеледі?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағы бойынша, Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп санайды. Зайырлы деген ол мемлекеттің діннен бөлек екенін білдіреді. Демек, мемлекет дін ісіне араласпайды, ал дін мемлекет ісіне араласпайды.
Бұл қағида Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында да жазылған. Ол заңның 3-бабы бойынша, мемлекет өз функцияларын діни бірлестіктерге жүктемейді. Сәйкесінше, діни бірлестіктер де оны орындамайды.
«Мүфтият» бірнәрсені заң жүзінде бекітеді деуге де болмайды. Оның үстіне, мемлекет үшін заң жүзінде мүфти, патриарх, раввин және басқа да діни басшылардың лауазымы жоқ. Мемлекет үшін тек діни бірлестіктің басшысы не төрағасы ғана бар. Ал сол басшылар өз жамағатына ғана мүфти, имам, дін қызметшісі, раввин және тағы басқасы болып келеді. Тіпті «мүфтият» деген ресми діни бірлестік те жоқ. Қазақстанда суннизм бағыты, ханафи мәзһабы, мәтуриди ақидасын ұстанатын мұсылмандардың Республика деңгейінде тіркеген діни бірлестігінің атауы – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігі (қысқаша – «ҚМДБ» РДБ). Ал «мүфтият» – ол осы бірлестіктің жамағаты өз арасында ауызекі айтқан атауы.
2. Діни әдебиетті кез келген жерде таратуға бола ма?
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабының 2-тармағы бойынша, діни әдебиеттерді тіркелген діни бірлестіктердің ғимараты аумағында және жергілікті әкімдік мақұлдаған орындарда ғана сатып, таратуға болады. Әрқайсына бөлек тоқталып кетейік.
Тіркелген діни бірлестікке мешіт, шіркеу, синагога және басқа да дін өкілдерінің тіркелген ғимараттары, ғибадатханалары жатуы мүмкін. Мұнда “тіркелген” деген сөзге екпін қойылуы керек. Себебі заңның 3-бабының 11-тармағында тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді деп айтылып кеткен. Демек, діни қызметпен заңды негізде айналысу үшін бірлестік әділет органдарында тіркелуге тиіс.
2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі нұсқаулық бекіткен. Ол бойынша әкімдік мақұлдаған орындарда ғана діни әдеби кітаптар сатуға болады. Демек, адам қалаған жерінде діни әдебиетті тарата немесе сата алмайды. Әуелі ол мекенжайды әкімдік мақұлдауға тиіс. Нұсқаулықта көрсетілген негізгі талаптардың бірі – діни әдебиет тарататын нүкте білім беру ұйымдарынан, кем дегенде, 300 метр алыс орналасуы керек.
3. Қандай діни әдебиеттерді таратуға, сатуға болады?
Діни әдебиеттің сапасына аса мән беріледі. Мәселен, заңның 9-бабының 3-1-тармағында діни әдебиет дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана сатуға болады делінген. Демек, діни әдебиетті сататын орындар тіркелген күннің өзінде кез келген діни әдебиетті тарата алмайды. Олар ол әдебиетті әуелі дінтанулық сараптамаға жіберуге тиіс. Ол сараптаманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті жүргізеді.
4. Сараптама оң шығуы үшін діни әдебиеттер қандай болуы керек?
Дін істері комитеті оң қорытынды берсе ғана әдебиетті таратуға болады. Дінтанулық сараптама барысында мамандар ұсынылған әдебиетте экстремизм мен терроризмге, және басқа да қылмыстарға үндеу бар-жоғын тексереді. Діни әдебиет мәтіні ел заңнамасына қайшы болмаса, қорытынды оң болады.
Кез келген азамат мешітке не діни әдебиет сататын дүкенге барып бір діни кітапты алғысы келсе, бірақ кітаптың мазмұнына күмәнданса, ол сатушылардан дінтанулық сараптаманың оң қорытындысын көрсетуді сұрай алады. Оған сәйкес ресми құжатты көрсетсе, онда ол әдебиет заңды түрде таратылып жатыр деген сөз. Кітапқа оң қорытынды берілмегені анықталса, онда сатушыларға айыппұл салынады. Сайып келгенде, діни әдебиет сату және тарату үшін екі негізгі талап қойылады:
- Ресми тіркелген діни бірлестік немесе дүкеннің аумағы болуға тиіс.
- Діни әдебиеттің дінтанулық сараптамасы оң болуға тиіс.
5. Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттерді қайдан көруге болады?
Сот шешімімен экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында тыйым салынған діни материалдар бар. Оның ресми тізімін мына сілтемеден көруге болады. Сол тізіммен танысып сақ болу керек, себебі ондағы әдебиетті сақтаудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Біреу интернетте тыйым салынған кітаптың электрон нұсқасын байқаусызда жүктеп, оны дұрыс кітап деп ойлап, таратса, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
6. Әлеуметтік желіде діни кітаптардың мазмұнын айтып, тәпсірлеп отыруға бола ма?
Бұл – қиын сұрақ. Діни әдебиет таратуға қандай талап қойылса, «діни мазмұндағы ақпараттық материалды» таратуға да сондай талап қойылады. Заңның 1-бабының
4-тармағында діни мазмұндағы ақпараттық материал туралы айтылған. Бұған интернеттегі пост, пікір де жатады деп түсінуге болады. Демек, үйде отырып, интернетте айтылған кез келген діни тақырыптағы сөзді заңбұзушылыққа балауға болады. Алайда, мәселен, біраз діни бірлестік басшылары интернетте белсенді. Біразының діни ғимараттан тыс жерде - үйінде, далада, дәмханада тікелей эфирге шығып уағыз айта беретіні, діни ақпарат тарататыны бар. Мемлекет адамның жеке көзқарасын сыйлады, сол себепті көбіне ашық деструктивті діни сипаты бар әрекеттерді ғана тоқтатуға тырысады.
7. Діни әдебиеттерді заңсыз таратқан, сатқан адам қандай жауапкершілікке тартылады?
Әкімшілік кодекстің 490-бабы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша, діни әдебиеттерді заңсыз таратқан жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл, ал заңды тұлғаларға 200 АЕК есебіндегі айыппұл салынады.
8. Діни рәсімдерді қайда өткізуге болады?
Заңның 7-бабының 2-тармағы бойынша, діни рәсімдер, ритуалдар, діни жиналыстар діни бірлестіктердің ғимараттарында, зираттарда, крематорийлерде, пәтер, үй сияқты жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталса, тұрғын жайларда, қажет болса мейрамхана, кафе сияқты қоғамдық тамақтандыру орындарында діни рәсім өткізуге болады.
9. Діни рәсімдерді қайда өткізуге тыйым салынған?
Әкімдік, әскери бөлім, сот, мектеп, колледж сияқты мемлекеттік мекемелер мен білім беру орталығында діни рәсім өткізуге тыйым салынған. Дегенмен кей кезде жағдай ескеріледі. Мәселен, түрмеде жазасын өтеп жатқан, ауруханада емделіп жатқан адамдарға діни ритуал өткізуге рұқсат берілуі мүмкін. Оған қоса, бұл тыйымның медресе, семинария сияқты діни білім беру ұйымдарына қатысы жоқ.
Діни ритуалдар мен діни жиналыстар көше, саябақ сияқты қоғамдық орындарда және мектеп, әкімдік сияқты тыйым салынған жерлерде жүргізілсе, жоғарыда келтірілген айыппұл салынуы мүмкін.
10. Миссионерлік қызмет деген не?
Ғылыми тұрғыдан алсақ, миссионерлік қызмет деп бір дін өкілінің басқа дін өкілін өз дініне бет бұрғызуға бағытталған әрекетін атайды. Ал заңның 1-бабының 5-тармағы бойынша, миссионерлік қызмет – ел азаматтарының, шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі.
Миссонер өз қызметін заңды түрде жүзеге асыра алуы үшін әуелі Қазақстан аумағында тіркелген діни бірлестіктің мүшесі болуы керек. Оған қоса қызметінде қолданатын әдебиетін, діни мақсаттағы заттарын дінтанулық сараптамаға беріп, сараптаманың қорытындысы оң болуы қажет. Сонда ғана миссионер заңды түрде қызмет ете алады.
Діни іс-шара өткізуге, діни әдебиет таратуға болмайтын жерлерде миссионерлік қызметті де жүзеге асыруға болмайды. Мысалы, мектеп, мемлекеттік мекемелердің ғимаратында миссионерлік қызметті жүзеге асыруға болмайды. Көшеде жүріп немесе біреудің үйінің есігін қағып, мазасын алып та діни үгіт-насихат жүргізуге болмайды.
Дегенмен адамның жеке пікірі үшін айыппұл салынбайды, себебі ҚР Конституциясы
20-бабының 1-тармағы бойынша, сөз бен шығармашылық еркіндік берілген, цензураға тыйым салынған.
Әрине, экстремизм мен терроризм насихаттау сипаты бар ақпарат болса, мемлекет оған қатысты дереу қатаң шара қолданады.