«Бір күні көзімді ашсам – үйінді астында жатырмын»: Сириядан оралған ананың әңгімесі
Раушанның өмірі Қырымдағы жайлы жаздармен басталып, Сириядағы соғыс пен үйінді астында балаларын іздеумен жалғасты. Бұл – бір адамның ғана емес, өз таңдауына ерік берілмеген, бақылауда өмір сүрген әйелдің шынайы оқиғасы.
Раушан Атырауда дүниеге келген. Балалық шағында жаз сайын Қырымға барып демалатын. Бірақ 22 жасында өмір күрт өзгерді — анасы қайтыс болды. Сол кезде ол Шымкентке, анасының сіңлісінің үйіне көшіп кетті.
«Алғаш рет хиджабтағы қыздарды сол жақта көрдім. Қызығып қарадым. Сол кезде намаз оқи бастадым, орамал таға бастадым. Өзімше дұрыс өмірге қадам басып жатқандай көрінді», — дейді ол.
29 жасында тұрмысқа шығып, төрт бала дүниеге әкеледі. Кенже баласын 40 жасында босанған. 2011 жылы үлкен ұлы ауыр жол апатына түсіп, комаға түседі. Тоғыз операция жасалады. Сол кезде күйеуі жұмыс іздеп Дубайға кетеді. Раушан балаларын алып күйеуінің артынан ереді.
«Баламды емдетуге мүмкіндік болады деп ойладым. Бірақ өмір оңай болған жоқ. Кейін тағы да жүкті болып, босану уақыты таяғанда Қазақстанға қайттым», — деп еске алады ол.
2014 жылы күйеуі оларды Түркия арқылы Дубайға апаратынын айтады. Алайда олар жарты жылдай Түркияда тұрақтайды.
«Бір арал сияқты қалада алты ай тұрдық. Тіпті алғаш рет өз үйіме техника алып, кәдімгідей әйел болып өмір сүрген сәттерім сол кез еді. Бірақ күйеуім «Халифат ашылып жатыр» деп Сирияға кетіп қалды. Артынан бізді де алдырды. Барлығы бұйрықпен жүретін. Қайда баратынымды, кім қарсы алатынын мен шешпедім».
Раушан не болып жатқанын толық түсінбей, күйеуінің шешіміне бағына береді. Ол кезде интернет шектеулі, ешкіммен ашық сөйлесу мүмкіндік болмаған. Сирияда алғашында тыныш көрінген. Балаларға ақша беріліп, қаражат жағынан қиындық сезілмеген. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмады.
«Мен бала кезімде ұшақтарды жақсы көретінмін. Бір күні аспанда ұшақ көріп, мәз болып қарап тұрсам – бәрі үйге қарай жүгіріп кетті. Сол сәтте барлығы маған күліп, үйге қарай тығылуымды меңзеді. Сөйтсем, бұл – төбемізден бомба лақтырып жатқан соғыс ұшағы екен», — дейді ол.
Жиілеген бомбалар бұл аймақта тұруға мүмкіндік бермейді, Тіпті қатты жарылыстың ортасында қалады. Дәретханада отырған сәтте әуеден бомба түседі.
«Көзімді ашсам – үйінді астында жатырмын. Балаларымды өзім шығарып алдым. Қалай тірі қалғанымыз – әлі де түсініксіз».
2018 жылы күйеуі сириялық танк шабуылында қаза табады. Сол кезде ол жесір әйелдер мен балаларға жол ашу үшін басқа қалаға кеткен екен. Раушан мен балалары курдтардың лагеріне түседі. Адам өмірінен бұрын, аман қалу ғана маңызды болған кездер басталады.
«Қайта тірі қалдық. Сол үшін ғана шүкір дедік. Кейін Қазақстанның “Жусан” операциясы арқылы елге оралдық».
Қазір Раушан енесімен бірге тұрады. Үлкен екі ұлы бөлек шыққан. Кішкентай балалары өзімен бірге тұрады.
«Енем үшін ұлының өлімі – өте ауыр болды. Тіпті немерелеріне де ауыр сөздер айтатын кездері болады. Сол сәттерде жүрегім қан жылайды».
Раушанға қайта тұрмысқа шығу туралы ұсыныстар түсіп жүр. Бірақ ол қазір өмірге мүлде басқаша қарайды.
«Күйеуім тірі кезінде — ол бақылады. Кейін енем бәрін шешті. Қазір ешкімге тәуелді болғым келмейді. Егер тағы да тұрмыс құратын болсам, ол адам еркін, ашық, менімен бірге саяхатқа шығуға дайын жан болса деймін. Ең бастысы — мен өзім үшін өмір сүргім келеді».
Раушанның оқиғасы – бір адамның жеке трагедиясы ғана емес. Бұл – бостандықты, тыныш өмірді аңсаған мыңдаған әйелдің бейнесі. Соғыс жайлы оқиғалар көбіне ер адамдардың ерлігі арқылы жазылады. Бірақ бұл жолы сөз — өз баласын үйінді астынан өзі құтқарған анада.