Кейбір дінтанушы, исламтанушылар діни насихатшы болып кетеді, бұл қауіпті үрдіс – дінтанушы Әл- Фараби Болатжан
Осы орайда, Caravan.kz тілшісі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Әл- Фараби Болатжанмен тілдескен еді.
— Әл-Фараби мырза, алдымен сұхбатқа келісіп, уақыт тапқаныңызға алғыс айтқым келеді. Сұхбатымыздың басын өзіңізді біздің оқырмандарымызға таныстырудан бастасақ? Дінтанушы ретінде жалпы қазіргі таңдағы Қазақстандағы діни ахуал туралы ойыңызды білсек деп едік?
Сұхбат ұсынғаныңызға рахмет! Аты-жөнім Әл-Фараби Нұрбекұлы Болатжан, дінтанушымын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдағанмын. Қазіргі уақытта діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесімін. Жалпы айтсақ діни ахуал тұрақты, елімізде 18 конфессияны құрайтын 4000 мыңға жуық діни бірлестік тіркелген. Сонымен қатар Қазақстанда 22 ұйымға сот шешімімен ресми тыйым салынған. Оның ішіндегі 20 ұйымның діни экстремистік және террористік сипаты бар, ал қалған 2-і – күрд пен түрік ұлтшылдық бағытындағы ұйымдар болып отыр.
— Соңғы жылдары жастар арасында дінге деген қызығушылық байқалады. Бұған қандай факторлар ықпал етіп отыр деп ойлайсыз және бұл үрдістің соңы немен аяқталуы мүмкін, жалпы осындай үрдістің қалыптасып жатқаны дұрыс па, әлде бұрыс па?
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде идеологиялық вакуум пайда болды, сол вакуумды коммунизм идеологиясының орнына діндер толтырды. Жалпы дінге бет бұру ол қалыпты процесс. Ең бастысы ол үрдіс деструктивті бағытта кетпесе болғаны. Яғни діни алауыздық қоздыратын, конституциялық құрылысты жойғысы келетін, еліміздің зайырлылық сипатына қарсы шығатын діни топтардың өршуі аса қауіпті.
— Қазақстанда діни радикализм мәселесі әлі де өзекті. Діни экстремизм мен радикализммен күресу үшін қандай шаралар қажет деп санайсыз?
Деструктивті идеологияға қарсы насихат және бұзушылық пен қылмыс үшін жауапкершілікке тарту шаралары қатар жүруі тиіс. Діни экстремизм надандықтың нәтижесіне пайда болады, сол себепті оның алдын алу үшін халық арасында оқу-ағарту жұмыстары қажет. Сонымен қатар, конституциялық құрылысты жоюға, діни алауыздықты қоздыруға бағытталған үгіт-насихат орын алса әрине жауапкершілікке тарту керек.
— Дінтанушы ретінде дәстүрлі бағыттағы діни ілімді оқыту жұмысына қандай баға бересіз?
Бізде жалпы білім беретін оқу орындарында, колледждерде, яғни зайырлы сипаттағы оқу орындарында дінге насихат жүргізуге болмайды, оған Заң жүзінде тыйым салынады. Тек арнайы діни білім беру ұйымдары діни бағытта оқыта алады. Мысалы, 9 сыныптан кейін оқитын 9 медресе-колледждер және т. б. діни білім беру мекемелері бар. Сонымен қатар 11 сыныптан кейін қабылдайтын ислам бағытындағы «Нұр-Мүбәрәк» университеті, ортодокс мәсіхшілердің «Алматы православиелік рухани семинариясы», католиктердің «Мария — шiркеудiң шешесi» семинариясы және протестанттардың «Библиялық институты» бар. Ал, басқа мекемелерде діни ұйым болмаса, ол жерде діни білім беруге болмайды. Ол жерде зайырлылық қағидаты, діни бейтараптық болуы тиіс. Сол себепті меніңше бізге мектептерде діни ілім таратудың қажеті жоқ және болмайды да, оның орнына дінтануға, яғни діндерді объективті тұрғыдан зерттеу, оны әлеуметтік феномен ретінде зерттеуге мән беру керек. Себебі әр діни ұйым өзінің дініне қарай, діни догмаға қарай бұрады. Бізге сыни ойлайтын адамдар керек. Ол үшін дінтанулық сауаттылықты арттырып, діндердің тарихын, діндерді әлеуметтік феномен ретінде оқытуымыз тиіс. Мәселен, бұрындары мектепте дінтану пәні болды, бірақ оны қазір алып тастады. Өйткені кей мұғалімдер өзі ұстанатын дінін оқушыларға насихаттап кететін, ал ол дегеніміз заң бұзушылық. Яғни, бейтараптық, объективтілік деген кейде жоқ болатын. Мектептерде зайырлы бағытта жұмыс жасау керек. Тек содан кейін ғана, 9 немесе 11 сыныптың түлегі зайырлылықты ұстанатынын немесе діни бағыттағы мамандықты таңдайтынын өзі шешуі тиіс.
— Елімізде тіркелмеген діни ұйымдардың саны соңғы жылдары өскенін байқауға болады. Осы ретте олармен қалай күрескен дұрыс, әлде діни бірлестіктерге қатысты заңнаманы қатаңдату қажет деп ойлайсыз ба?
Тіркелген ұйымдар болса, онда оларға қарсы күресудің қажеті жоқ және заң тұрғысынан болмайды да. Себебі заңды діни қызметке кедергі келтіру заң бұзушылық болып танылады. Егер тіркелген болса, олармен күресе алмаймыз, ал астыртын жұмыс істейтін, тіркелмеген, деструктивті бағыттағы діни ағымдар болса, оларға әрине іс-шара қолдану керек. Өздеріңіз білесіздер, бізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бар, егер осы заңды бұзған жағдайда ғана діни ұйымдар жауапкершілікке тартылады. Мысалы, діни ұйымдарға өздерінің ғимараттарынан тыс жерлерге діни насихат жүргізуге болмайды, олар тек өздерінің ғимараттарында ғана мұндай жұмыстарды жүргізе алады. Сол сияқты қалада қандай да бір шара ұйымдастырғысы келсе, онда алдын ала әкімдікті ескертуі тиіс. Яғни, мақұлданғаннан кейін ғана, өз ғимаратынан тыс жерде діни рәсімдерді өткізе алады. Сосын егер кәмелет жасына толмаған баланы ата-анасының рұқсатынсыз, олардың мақұлдауынсыз діни ағымға тартса, онда ол діни ұйымның өзі мен басшылығы да жауапкершілікке тартылады. Демек, кәмелет жасына толмаған бала діни ұйымға баруы үшін, екі ата-анасынан да рұқсат алуы керек.
— Сұхбатымыздың соңында Қазақстандағы діни жағдайды келесі 10 жылда қалай көретініңізді білгіміз келеді? Елдегі дін саласын қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр?
Бізге ең бастысы зайырлылық қағидатын мықты ұстану керек. Сондықтан діни саладағы тәртіп бұзушылыққа жол берілмеуі тиіс. Күмәнді, деструктивті алауыздықты тудыратын ағымдарға жол бермеу қажет. Одан бөлек, бізде білім беру саласында қауіпті үрдіс бар. Біздің жоғары оқу орындарында («Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті универистеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті) мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін дін саласына қатысты үш мамандық бар: дінтану, исламтану және теология. Түсіндіріп кетсем, дінтану ол жалпы діндерді ғылыми тұрғыдан зерттейді, исламтану исламды зайырлы сипатта зерттейді, яғни ғылыми тұрғыдан қандай ағымдар барын, олардың догматикасын зерттейді. Теология көбінесе дінді ұстанушылардың атынан сөйлейтін мамандық. Яғни, теология латын тілінен аударғанда құдай туралы ілім дегенді білдіреді, біздің жағдайда ол ислам теологиясы. Демек исламтану да, дінтану да зайырлы болуы керек. Бірақ бізде кейбір дінтанушы, исламтанушылар діни догмалардың насихатшысы сияқты, объективті болмай, бір жақты ұстанымды ұстанады. Сол себепті ол қауіпті үрдіс ден санаймын, бізге дінтану мен исламтанудың ғылыми сипатын сақтап қалу қажет. Теология туралы айтсақ, ол ілім қазақы мәдениетімізді жоққа шығарып, ұлттық болмысымызға қарсы болмауы керек. Ақырында мемлекетіміз ақша бөліп жатыр ғой сол мамандыққа! Алайда бізде теология дипломын алып, исламның сәләфи және арабшыл бағытын насихаттап жүрген «дін мамандары» да бар, міне осыдан сақтануымыз керек деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рахмет!