Сегіз рет тұрмысқа шықтым...
Жат ағымға түсіп кету діни сауатсыздықтан ба, әлде рухани әлсіздіктен бе? Адамдарды отанын тастап, отбасынан бас тартып, шекара асып кетуге не итермелейді? Редакциямызға хабарласатын әр адамның өз тағдыры бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Айман (есімі өзгертілген) Таяу Шығысқа «ғажап» өмір іздеп кетіп, «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралғандардың қатарында. Тілшіміз аталған азаматшамен тілдесіп, мән-жайды анықтап білді.
-Айман, әңгімемізді бастамастан бұрын, өзіңіз туралы, өскен ортаңыз туралы айтып өтсеңіз.
-Өзім Ресей жерінде дүниеге келгенмін. Балалық шағым да сол жерде өтті. Орыстанған орта болғандықтан, дін мен салт-дәстүрден алшақ болдым. Бойжеткен шағымда ата-анаммен елге оралып, Батыс өңіріне көшіп келдік. Мектепті де осы жерде бітірдім. Қиындық көріп, ерте жұмысқа араластым деп айта алмаймын. Ата-анам барын беріп, жақсы киіндіруге, ешқандай таршылық көрсетпеуге тырысты. Жағдайымыз орташа болды.
-Өзіңіздің айтуыңыз бойынша отбасыңыз діннен алшақ, ал сіздің Исламға деген қызығушылығыңыз неден басталды?
-Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, туған-туыстармен араласа бастадық. Олар «құдайы тамақ», «айт» сынды мерекелерде бізді қонаққа шақырып тұратын. Сол кезден бастап, аз да болса дін туралы мағұлмат ала бастадым. Кейін тұрмысқа шықтым. Некеде екі жылдан аса уақыт болып, ортада бала болмаған соң ажырасып кеттік. Қатты қиналдым. Бәрі осымен біткендей көрінді. Өмірімді басынан бастаймын дегенді желеу етіп, Алматыға көшіп кеттім. Бұрынғы күйеуімді ұмыту үшін, ойымды барынша басқа жақа бұруға тырыстым. Жаңа достар, жаңа орта таптым.
-Ал жат ағымның арбауына қалай түсіп қалдыңыз?
- Достарымның арасында намазхан қыздар пайда болып, Исламға деген қызығушылығым ашыла басталды. Алайда, діни білімім болмағандықтан олардың нені дұрыс, нені бұрыс айтып отырғандарын ажырата алмадым. Басты мақсатым, жүрегімдегі мұңды дінге келіп басамын деп ойладым. Күнде қыздармен жиналатынбыз, уағыздар тыңдап, әртүрлі әңгіме айтып, иманымды күшейтетінмін. Тек шейхтардың уағыздарын тыңдап, біздің имамдарды мүлдем тыңдатпайтын. «Сестралардың» айтулары бойынша, олар білімсіз, дінді дұрыс түсінбейтін, «адасқандар» дейтін. Алматыға келген бір жылдың ішінде намазға жығылып, хиджаб киетін болдым. Ата-анам басында түсінбейтін, әкем орамалыңды шеш деп ұрыста шығарды. Үйге барсам, намазды тығылып оқитын едім. Мені ең жақын адамдарым түсінбейтін сияқты көрінді. Кейін «сестраларым»: «Егер ата-анаң сені осы қалпыңда қабылдамаса олармен араласпа, себебі, Алланың алдында әркім өзі үшін жауап береді. Ақірет болғанда әке баладан безеді», - деді. Содан кейін, ата-анаммен, бауырларыммен, туыстарыммен араласпайтын болдым. Араға уақыт салып, «сестра» деп жүрген қыздың күйеуі мені өзінің досымен таныстырды. Бірнеше рет көрісіп, сол жігітке күйеуге шығып, некемізді қидырдық.
-Таяу Шығысқа кету туралы ой қашан пайда болды?
-Бірнеше отбасы болып араласатын едік. Сол кезде «сестраларым» Сирияға кету туралы ойлары бар екенін айта бастады. Біздің елдегі өмір алдамшы, жан-жағыңның бәрі «жаһилдер», ал елден кетсек бізге үлкен мүмкіндіктер ашылып, «Халифат» құрамыз, дейтін. Менің бар арманым елден кету болды. Осылайша, күйеуім екеуміз Түркия елі арқылы қауіпті аймақтан бірақ шықтық. Елден кетпестен бұрын аяғымның ауыр екенін білдім, сол жерге барып босандым.
-Ал күйеуіңізге не болды?
-Баламыз дүниеге келген соң күйеім «шаһид» болды деген хабар келді. Кейін Макарда әйелдерге арналған лагерьде болдым. Күйеуі жоқ әйелдерді ол жерде адам сияқты көрмейтін.
-Соғыс аумағындағы өміріңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
-Күйеуім қайтыс болған соң, сол жердегі араб жігітіне үшінші әйелі болып тұрмысқа шықтым, үш айдан соң ол да жарылыс кезінде қаза болды. Күйеуім жоқ болған соң, өмірім қиын болды. Далаға шықпақ тұрмақ, көзімізді тек төмен түсіріп жүру керек еді. Сол жерде күзетші жігіт мені байқап, өзіне әйелдікке алды. Күйеуің болса, ең құрғанда жейтін тамағың мен тұратын жерің болады. Күзетші күйеуімнен де балалы болдым. Ол күйеуім бірнеше уақыт өткен соң хабарсыз кетті. Екі баламен тағы жесір қалдым.
-Елге қайтудың жолдарын қайдан естідіңіз? Қазақстанға қалай оралдыңыз?
-Күзетші күйеуім жоғалып кеткенсоң тағы да екі рет тұрмысқа шықтым, екеуі де соғыста қайтыс болды. Соңғы рет сегізінші күйеуім қазақ жігіті еді. Ол кісінің екінші әйелі болуға келісімімді беріп, екі жыл тұрмыста болдым. Үшінші баламды дүниеге әкелдім. Сол күйеуім болған жігіт, елге қайтуға болатынын естігені жөнінде айтып келді. Шыны керек, соғыстан күнде үркіп, өлім қай жақтан келеді екен деген өмірден шаршаған едім. Бірден кетуге әрекет ете бастадық. Осылайша, Қазақстанның атынан келген бір жігіт бізді тізімге алып, елге оралдық. Әрине, қазір айтуға оңай болғанымен, Қазақстанға қайту үлкен бақыт пен узақ уақыт алды.
-Елге оралғаннан кейінгі өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз. Келген кейін қандай сезімде болдыңыз?
-Оралғаннан кейін Ақтауда оңалту шараларын өттік. Бізге көмегі тиген әрбір маманға алғысым шексіз. Психологтар, теологтар мен көптеген мамандармен күнде сөйлесетінбіз. Әртүрлі ойындар ұйымдастырып, өмірге деген ынтамыз ашылды. Кейін күйеуім талақ беріп, ажырасып кеттік. Қазір үш баламен жалғызбасты анамын. Алладан сұрайтыным - тек қана тыныш, әрі бейбіт өмір. Отбасыммен, ата-анаммен қарым-қатынасым да түзеліп келеді. Олар мені қабылдамайды ма деп қорыққан едім, бірақ, сыртқа тепкен жоқ. Аллаға шүкіршілік айтамын. Менің өткен өмірімді, көрген қиыншылығымды жадымнан өшіріп тастай алмаймын. Бірақ, осы айтқандарымды күнде еске түсіріп айта бергім келмейді. Қорқынышты түс сияқты. Сонымен қатар, діннен хабары жоқ адамдар, мен сияқты дәстүрлі емес діни ағымның алдауына түсіп қалған адамдар көп, солардан сабақ алса екен. Сіздердің армандаған «ғажап» өмірлеріңіз Сирияда емес. Көзбен көрген адам ретінде айтамын. Саналы ғұмырыңызды құртып алудан сақ болыңыздар.