Жат ағымнан сенің байлығың құтқармайды

Дін – адамның бойындағы ең құнды, әрі нәзік дүние. Сезім мен эмоцияға беріліп, таныс емес адамдарды тыңдау арқылы діни білімді толықтырам деу –өзіңе үлкен қатер болып келуі мүмкін. Қоғамда сондай қатермен кездесіп, кейін опық жеп қалған отандастарымыз қаншама?! Сондай радикалды ортаға тап болып, жат ағымға еріп кеткен қаракөз қазақ қызы Марал (есімі өзгертілген) редакциямызға сұхбат беріп, өз өмірінен сыр шертті.

-Марал (есімі өзгертілген) ханым, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?

-Жасым 30-да, Өзбекстанда дүниеге келгенмін. Үйдің кенжесімін. Әке-шешем ата-жұртты аңсап, елге мен 5-жаста болғанда көшіп келдік. Әкем жеке кәсіппен айналысып, жағдайымыз жақсы болды. Ақшадан таршылық көрген адамдар қатарынан емеспін. Шымкентте өсіп, мектепті сол жерде бітірдім. 17 жасымда әкем оқуға Түркия еліне жіберді. Отбасымды қатты сағынатынмын.

-Ал, отбасыңыз дінге жақын болды ма?

-Оңтүстікте тұрғандықтан біз жақта дінді жақсы ұстанады. Бірақ, отбасымызда ол тақырыпта көп сөз қозғалмайтын. Аллаға сенеміз, үйде құран оқытып, ырымын жасап тұратынбыз. Діни сауатты болдым немесе дін туралы жақсы білдім деп айта алмаймын. Бізді ешкімді алдама және жүрегің таза болсын деп өсірді ғой. Діни сауаттылықты арттыру керектігі жөнінде ойламаппын.

-Әңгімеміз дін жайында өрбіген екен, деструктивті ағымға қалай түсіп кеттіңіз? Кім немесе не итермеледі?

-Түркияға оқуға түскеннен кейін, сондағы қазақтармен жақсы араласып кеттік. Қыздар болып жиналып тұратынбыз. Ортамыздағы бір қыз намаз оқып, орамал тағатын. Сол қызбен құрбы болып, ол мені өзінің ығына жыға бастады. Араласа келе, құрбы болып кеттік. Құрбымның ықпалымен менде намаз оқып бастадым. Бір жылдың ішінде орамал тағып, өмірім күрт өзгерді. Құрбым көп тыйымдар айтатын. Исламда анау болмайды, мынау болмайды деп, менің де көзқарасым түбегейлі өзгеріп кетті. Күнде бірге жүреміз, бірге тамақтанамыз, бірге уағыз тыңдаймыз. Намаз оқымайтын жамағатпен араласуды да қойдық. Оларға жаман көзбен қарап, көрсем араласудан қашатынмын. Кейіннен сол құрбым өзінің бұрыннан танитын діндес ағасымен таныстырды. Ол да намазхан. Телефон арқылы сөйлесетінбіз. Кейін елге оралдым. Ата-анам сырт-келбетінді, киім үлгімді көріп шошып кетті. Шет елден орамал тағып оралады деп күтпеген болар, әкем басқа ағымға түсіп кетті ме деп уайымдап жүрді.

-Әкеңіздің уайымының рас болып шыққанын қалай білдіңіз?

-Жоғарыда айтқан құрбым із-түссіз кетті. Хабарлассам мүлдем жауап жоқ. Кейін өзі таныстырған кісімен сөйлесіп отырсам, оның Сирияға кетіп қалғанын айтты. Сол кезде ата-анам дабыл қаға бастады. Ол қызбен қалай араласқанымды сұрап, қандай кітап оқып, қандай уағыз тыңдайтыныма дейін сұрады.  Әлгіндегі жігітпен де араласуыма ата-анам қарсы болды.

-Ал, Сіз өз тарапыңыздан жат ағымға түсіп кеткеніңізді түсіндіңіз бе?

-Басында ата-анаммен ұрысуға дейін бардым. Үйден кетіп, мүлдем өз өмірімді өзім сүремін деген шешім де қабылдадым. Бірақ, әкем оңалту орталығына жетектеп алып барды. Сол жерде психологтармен, теологтармен көп сөйлестік. Барлық мән-жағдайды естігеннен кейін «ақидамның» дұрыс еместігін айтты. Басында қарсыласып, бой бермедім. Кейіннен имамдармен сөйлесе келе, көп білім алдым.  Оқуымды елде жалғастырып, психология мамандығына оқуға түстім. Білім алған сайын адамның көкжиегі ашылып, жаңа мәліметтермен сусындайсың. Өз қателігімді сол кезде мойындадым. Қателігімнен сабақ алуға тырыстым.

-Қазір немен айналысасыз?

-Қазіргі таңда психолог болып жұмыс жасаймын. Аптасына бір оңалту орталығына барып, өзім сияқты адасқан әйел жамағатына семинар, дәріс жүргіземін. Оларға дұрыс бағыт көрсетуге тырысамын. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса»,- деген қазақта аталы сөз бар емес пе?! Өзіміздің қаракөздеріміз дұрыс жолдан тайып кетіп жатса, оларда кеудесінен қақпай, қоғам болып, оларға көмектесуіміз керек. Менің басымнан өткен жағдай, ол маған ғана емес, барша адамға сабақ болса екен. Қайта, әке-шешем дер кезінде шара қабылдап, мен өз жолымды таптым, қателігімді түсіндім. Ал, адасып, шекара асып, өмірлері ойран болып жатқан отандастарымыз қаншама?! Егер, діннен хабарың болмаса, жат ағымнан сенің байлығыңда, атағың да құтқармайды. Сол себепті де, қоғамның діни сауаттылықты арттыруға барыншы септігімді тигізгім келеді.

-Сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!