Елдегі діни радикалдарды оңалту жұмысы қалай жүріп жатыр – сарапшымен сұхбат
Бүгінгі таңда қоғамда қордаланған мәселенің бірі – жат ағымның ықпалына түскендерді оңалту. Әр облыс пен ірі қалаларда бұл жұмыспен негізінен арнайы оңалту орталықтары айналысып жатыр. Аталған орталықтардағы теолог, діни психолог сынды мамандар адасушы ағымның айтағына еріп, өмірде адасқан жандармен тікелей жұмыс істейді. Оларға теологиялық дәрістер өтіп, Қазақстанның заңдарын түсіндіріп, психолог мамандар көмек береді.
Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі деструктивті діни ағым өкілдерімен жүргізіліп жатқан оңалту жұмыстарының және халық арасында діни экстремизмнің алдын алудың маңыздылығы туралы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының директоры Әлім Шәуметовпен сұхбаттасты.
– Әлім Фазылжанұлы, «Ақниет» орталығының жұмысы туралы айтып берсеңіз?
– Орталығымыз 2014 жылдың 10 қаңтарында құрылғаннан бастап қазақстандық қоғамға үлкен пайдасын тигізіп, діни және радикалды идеяларға қарсы жұмыс атқаруда. Сондай-ақ жат ағымдардың құрығына түскендер, жазасын алушы репатрианттар мен «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралғандарды оңалтумен айналысады. 2020 жылдан қазіргі таңға дейін «Ақниет» қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау» деген атпен гранттар береді. Біздің психологтарымыз елдің барлық аймағында қызмет етеді. Олар ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде діни экстремизм және терорризм белгілерімен отырғандарға дәрістер оқиды. 2021 жылы біздің тарапымыздан 4 мың азаматты қамтитын жалпы саны осындай 200 іс-шара өтті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.
– Орталық әлеуметтік желі профилактикасына қатысты жұмыстар атқарумен айналыса ма?
– Әрине, жат ағымнан зардап шегушілерді оңалтудан бөлек, біз ақпарат саласында да жұмыстар атқарамыз. Біздің мамандарымыз танымал әлеуметтік желілердің көмегімен радикалдардың қарапайым діни адасушылыққа апаратын, жастарды құрыққа түсіретін айла-тәсілдерімен бөліседі. Одан бөлек, түрлі форматтағы бейнероликтер мен вебконтенттер өндірумен айналысамыз. Өткен жылдың өзінде желідегі бейнематериалдарды 160 мың қолданушы көрген. Азаматтардың діни сауаттылықтарын арттыра отырып, біз діни экстремизмнің таралуына, сондай-ақ, осының аясында болатын түрлі дискрминация формалары мен экстремистік әрекеттердің пайда болуына қарсы тұрамыз.
Атқарушы органдардың бағалауы бойынша, интернеттегі әртүрлі дәрістер мен психологиялық тренингтер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолданушылардың радикалды үгіт-насихатқа деген иммунитеттерін қалыптастырады.
– Атқарылып жатқан оңалту жұмысының аясында теологтардың ең бір есте қалған жетістіктері қандай?
– «Ақниет» орталығының мамандары жұмыс істеп жатқан адамдар мен зардап шегушілердің дербес ақпараттарын айта алмаймын. Бірақ психологтар мен теологтар өздері жұмыс істеген азаматтарды дерадикалдандыра алды деп сенімді түрде айта аламын. Мұндай нәтижеге әр адамға жеке қарым-қатынас жасай отырып, кешенді атқарылған жұмыстың нәтижесінде жеттік.
Мұндай діни фанаттардың қатарында 2011 жылы Атырауда болған терактілерді ұйымдастырушылар, Қазақстанда тыйым салынған Ислам мемлекеттерінің әскерлері мен Ауғанстан, Сирияға барып келгендер де бар. Біздің жұмысымызды Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов жоғары бағалады.
– Сіздің ойыңызша елімізде жат ағымға ерушілердің қатары азайып жатыр ма?
– «Ақниет» қоры республика бойынша мәліметтер мен статистика жүргізбейді, өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарға қарай отырып айтатын болсақ, олардың қатары азайып жатыр. Мамандар өздері жұмыс істеген экс-радикалдар мен олардың жақындарын таниды. Өздерін дінге сенушілерміз дейтіндердің радикалды ниеттерінің азайғанын қаңтардағы оқиғадан біле аламыз. Себебі бізге белгілісі бірде-бір танымал радикал қаңтар қырғынына қатыспады.
Бас прокуратураның құқықтық статистикасы діни террористік және экстремистік бағыттағы заң бұзушылықтардың тіркелуінің азайғанын көрсетіп отыр. Жыл басынан бері терроризм мен ұлтаралық қақтығыс пропагандасына қатысты 3 факті, террорлық топқа қатысы бар – 1 факті, тыйым салынған діни бірлестіктерге қатысқан – 5 факті тіркелген. «Терроризм актісі» бабы бойынша қылмыс жасау әрекеті Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарында атап өтілгенімен, олардан діни мотив анықталмады.
– Радикалды ағымдардың ықпалына қай жастағылар көп түседі?
– Дін атын жамылған ағымдардың ықпалына діни сауаты төмен 17 мен 35 жас аралығындағы адамдар жиі түседі. Біздің бақылауымыз бойынша, бұл категорияға бірінші кезекте максималды көзқарастағы бозбалалар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтары кіреді.
– Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жүйесіндегі радикалдармен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Жазасын өтеп жатқан түрмедегілердің басым бөлігі оңалтудан жақсы өтіп, Қазақстандағы азаматтық қоғамға әлеуметтенді. Оңалту орталығының мамандарымен байланыстарын үзбей келеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жүйесіндегі жұмыстарда жазасын алушының радикалды көзқарасынан қайтқаны біз үшін өзекті.
Кейбір жағдайда жазасын өтеушілер еркіндікке мерзімінен бұрын шығу үшін жақсы жаққа өзгергендей кейіп танытатын кездер де болады. Олардың шынайылықтарын анықтау үшін біз бірнеше белгілерді қолданамыз. Мұндай тұжырымдарды объективті түрде жасауға «теолог-психолог» тандемінің нәтижесі мүмкіндік береді. Мамандардың пікірлері сәйкес келген жағдайда ғана біздің теологтар дерадикализация туралы қорытынды шығарады.
– Дін саласында қандай оң өзгерістерді атап өте аласыз?
– Біріншіден, бұл радикалдар санының төмендеу үрдісі. Жыл сайын көбейіп келе жатқан ҚМДБ қызметкерлерінің жұмысының стилі мен мазмұны сапалы түрде өзгерді. Дін туралы терең білімі бар жоғары білікті имамдар түрлі өзекті мәселелер бойынша пікірталас жүргізе алады. Дін қызметкерлерінің көпшілігі ақпараттық кеңістікте белсенді жұмыс істейді. Сенушілердің өзекті мәселелерін түсіндіреді және жауап береді. Олардың әлеуметтік желілердегі ресурстары 150 мың жазылушыға, оның ішінде шетелдік тыңдаушыларға ие. Көптеген мешіттердің Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде өз топтары мен қауымдастықтары бар.
Елімізде террористік және экстремистік қызмет белгілері бойынша құқық бұзушылықтарды тіркеу санының төмендегені байқалады. Мысалы 2016 жылы Қазақстанда экстремизм мен терроризмге байланысты негізгі топ деп аталатын 497 құқықбұзушылық тіркелген болса (ҚР ҚК 174, 256, 257-баптары), кейіннен бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұндай 124 әрекет тіркелген.
«Мемлекет-дін» жүйесін жетілдіру жалғасуда. Өткен жылы діни қызмет мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Бұл – зайырлы билік пен Қазақстанның діни бірлестіктері арасындағы сындарлы диалогтың көрсеткіші.
Дерадикализация саласында шаралар жүйесі мен инфрақұрылым енгізілген. ҚР ІІМ ҚАЖК деректері бойынша, сотталған радикалдардың көпшілігі радикалды түрде бостандыққа шығады. Олардың кемі 2% уақыт өте келе қайтадан қауіп тобына түседі, ал қалғандары қоғамдық өмірге сәтті бейімделеді. Еліміздің дін саласындағы оң өзгерістердің саны тек өсе түсетініне сенімдімін.