Салафизм ағымына тез арада тыйым салу қажет!

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:

-Қайролла Дүйсешұлы, дін саласындағы қолданыстағы заңдарымыз қалай жұмыс істеп жатыр? Еліміздегі діни ахуалды қалыпты ұстап тұрудағы ролі қандай?

-Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы 2011 жылы қабылданды. Бірақ заң шыққанмен ол кезде оны орындайтын, қадағалайтын мамандар да, тәжірибе де болған жоқ. Бұл  заңда миссионерлерді тіркеу,  діни бірлестіктердің қызметін қадағалау, мониторинг жасау, мемлекеттің діни саясатын ұстану, діни материалдарды қалай тарату, кім тарату туралы айтылған. Діни мазмұндағы материалдарды кімдер сата алады, қай жерде сату керек, бәрі белгіленген. 2011 жылы қабылданған бұл заң жұмыс жасаған жоқ. Кейбір өңірлерде әлі де жабық күйінде жатыр.  Жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде Дін істері басқармасының басшысы осы заңды қадағалап, жұмыс жасауы қажет. Бұл заңның жұмыс жасамағаны кесірінен Қазақстанның түпкір – түпкіріне миссионерлер кіріп, орнығып алып, аяқтай жүріп, әлеуметтік желі арқылы жастардың санасын улап,  теріс ағымға алып кетті. Әр мешітте отырып алып, теріс ағымды жастарымыздың санасына сіңірді. Миссионерлерді бетімен жіберген сол кездегі осы орындарда отырған басшылардың заңмен жұмыс жасамауы себеп болды. Егер заңымыз қабылданған сәттен бастап жұмыс жасаған болса, Қазақстаннан шыққан салафиттердің уағызшылары Сайд Бурятский, Дарын Мубаров, Октам Заурбеков, Дильмурат, ағайынды Зайнуллиндер, Абдуррахим Башпаев  және т.б. елге діни теріс уағыздарын емін-еркін жүргізе алмаған болар еді.

Атырау облысы Дін істері басқармасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 мен 453-баптары бойынша 5-6 жылдан бері  жұмыстанып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желі 93 пайызға тазарды. Желідегі діни теріс ағым уағызшыларынан бастап бұғаттап, бұғаттауға жатпайтынын әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жазаға тартып, діни теріс ағым материалдарын парақшасынан өшіртіп жатырмыз. Бүгінде жастардың 83 – 90 пайызы әлеуметтік желіде отыр. Біздің басқарманың алдына қойылған мақсаты – әлеуметтік желіні тазарту арқылы осы жастардың санасын діни теріс ағымнан сақтау.

Әлеуметтік желіні тазартып, босаған алаңды «әлеуметтік желіге кіріңіздер, уағыз – насихат айтыңыздар» деп  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі – ҚМДБ) уағызшыларына, имамдарға беріп отырмыз. Дәстүрлі ислам жайлы ақпараттарды тарату арқылы халықтың бетін ҚМДБ -ға бұру үшін заң жұмыс істеуі қажет.

Егер де бұдан 5-6 жыл бұрын еліміздің өзге облыстары да бізбен бірге қадам басып, осы заңдармен жұмыс жасаған болса, тиісті мемлекеттік органдардан қолдау көрсетіліп, тапсырмалар берілген болса, сөйтіп бәріміз бас қосып осы бағытта бірге жұмыстанған болсақ, бүгінде әлеуметтік желіні 93 пайызға дейін тазартатын мүмкіншілік болып еді.

Біз Атырау облысы оны жасадық, оны көрген кейбір облыстар, соның ішінде Түркістан облысының дін мамандары Атырауға келіп, тәжірибе алып кетті. Қарағанды облысына атыраулық мамандар барып, жұмыс бағытын көрсетті. Қазір Алматы облысы ақырын бет бұрып жатыр. Бірақ бұлар іліп алар облыстар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бетін ашпаған облыстар да бар. Олардың базарларында діни мазмұндағы кітаптар еркін сатылып жатыр, тіркелмеген дүңгіршіктер жұмыс жасап тұр. Мұның бәрін қадағалайтын жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде дін істері басқармалары өкінішке орай, жұмыс бағытын әлі дұрыс түсінбей отырған секілді.

Біздің діни идеология неден құралады? Ең бірінші біз  бұл заңды, яғни заңсыз әрекеттерге не жатады, оған қандай шаралар алынады деген сауалдың жауабын халыққа жеткізуіміз керек. Екіншіден, халық ҚМДБ – ның өкілдеріне бет бұруы қажет. Міне, идеология осыдан басталады. Бірінші – мемлекеттің заңы, екіншісі – біз ұстанатын дәстүрлі исламның жолы.

Үшіншіден, ол ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын салт-дәстүр бағытында тәрбиелеу болып табылады.

 

«Әлеуметтік желіні бүлдіріп отырған дүмше молдасымақтарды, діни теріс ағым өкілдерін сотқа береміз»

-Әлеуметтік  желідегі босаған алаңды муфтиат қалай пайдаланып отыр? Соңғы кезде имамның киіміндегі біреулер әлеуметтік желіге шығып, қазақтың салт- дәстүрін мансұқ ететін әңгімелер айтуда.

-Бұл жерде мынадай мәселе бар. Ол мәселені мен ҚМДБ өкілдерімен кездескенде мысал ретінде көрсеттім. Салафизм уағызшысы Дарын Мубаровтың өзі 2 аптада діни теріс ағымдағы 25 материалды әлеуметтік желіге салыпты. Оны қанша қазақстандық оқып жатыр? Ал ҚМДБ-ның  30 уағызшысы бола тұра осы 2 аптада бар болғаны 35 материал жүктеген. Ал осы 35 материалды 30 адамға бөлсек, бір материалдан ғана келіп тұр. Бұл жерде «кім жеңіп, кім жеңіліп жатыр?» деген сұрақ төңірегінде пікірлестік. ҚМДБ түсініп, бұл бағыттағы жұмыстарын көбейте бастады. Арман Қуанышбаев, Қабылбек Әліпбайұлы, Ерсін Әміре, Ризабек Батталұлы, Ерлан Ақатаев сияқты ұстаздар әлеуметтік желіге материалдарын көптеп салуы керек. Әр өңірдегі дін мамандары да өз алаңдарында жауапты, әлеуметтік желіде белсенді болуға міндетті.

Мониторингтың пайдасын көріп жатырмыз, көптеген имамдар желіде өз парақшаларын аша бастады. Әрине, егер ешқандай діни бірлестікке қатысы жоқ ауылдың бір дүмше молдасы сәлде мен шапан киіп алып әлеуметтік желіге шығатын болса ол заңмен жазалануға тиісті. Ондайлар еліміздің көптеген өңірлерінен шығуда. Оларды да әкімшілік жауапкершілікке тартуды ойлап отырмыз. Неге десеңіз, әлеуметтік желіге жүктелген материалдың шекарасы жоқ. Егер басқа облыстағы бір адам келе жатып шылымды лақтырып тастап, одан өрт шықса ол адам сол жердің әкімшілік сотымен сотталады. Оны Атырау соты соттай алмайды. Ал әлеуметтік желіде ондай шектеу жоқ. Әлеуметтік желіге біреу діни теріс ағым материалын жүктеді ме, оны тұтас  Қазақстан халқы оқиды. Яғни, басқа облыстан әлеуметтік желіге жүктелген материал Атырау облысының да халқын, жастарын улап жатыр деп санаймыз. Бүгінгі таңда осындай бірнеше материалды басқа өңірлерге жібердік. Нәтижесін күтеміз, егер сол өңірлердің Дін істері басқармаларының басшылары шара қолданса жақсы, ал егер қолданбаса соттардың онлайн режимде өтуіне орай, олармен болашақта біз айналысатын боламыз.

Өзге облыстардан шығып әлеуметтік желіні бүлдіріп отырған осындай дүмше молдасымақтарды, діни теріс ағым өкілдерін сотқа береміз.

 

– Жергілікті  жердегі басқармалар қолдарына ұстап отырған заңмен неге жұмыс істемей отыр деп ойлайсыз?

– Олардың бәлкім тәжірибесі жетпей жатқан шығар. Мүмкін соншама маңызды деп санамайтын болар. Бүгінгі жастардың 80-90 пайызы әлеуметтік желіден уланып жатса қалай маңызды болмайды? Ел болып шектеу қоятын уақыт баяғыда болды. Алайда шектеудің алдында біз діни бірлестіктер туралы заңды халыққа жеткізіп, тұрғындардың құқықтық сауатын ашуымыз қажет. Содан кейін 60-70 пайызға жеткізген соң әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жұмыстануымыз керек.

Жұмыс неге жүрмей жатыр дейсіз. Жоғарғы жақтағы басшылар өздері әлі піспеді ме немесе көңіл аудармай жатыр ма деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан дедік пе, ескі заңдарымызбен жаңа Қазақстанды құрайық! Ұйықтап қалған, жұмыс жасамай жатқан заңдарды қолға алайық. Заң жақсы, заң керемет. Діни бірлестіктер туралы заңды Құранмен салыстырсақ та еш қайшылық таба алмаймыз. Мысалы Құранда: «Егер білмесеңдер, кітап иелерінен (білім иелерінен) сұраңдар» деген (Нахл сүресі 43 аят). Сондай ақ- «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?,-де» (Зумар сүресі, 9 аят)  дегенде білім мен білімсіздіктің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтып тұр емес пе? Заңда да солай дейді. Яғни, діни мазмұнды материалдарды тіркелген діни бірлестіктердің өкілдері ғана тарата алады, діни шараларды мешіттер өткізіп, мешіттер уағыз айта алады.

Кейбіреулер «заңды қатайту керек» деп жатыр. Заңды қатайтып қажеті жоқ, қолданыстағы заңымызды тиімді, орнымен пайдаланып, орындау ғана керек. Мысалы көліктің тонировкасын үш күнде шешіп тастадық. Оған әйнегі қап- қара көлікпен келіп қылмыс жасаған, елді тонаған, инкасаторларға қарақшылық шабуыл жасаған рэкеттер себеп болды. Немесе көліктің қауіпсіздік белбеуін алайық. Жол апаты көбейіп, белбеусіз отырған адамдар жарақат алып, кейбірі о дүниеге кету көбейді. Осыған орай қауіпсіздік белбеуін де екі- үш күннің ішінде енгізді. Бұл заң, заңды орындауға міндеттіміз. Сол сияқты заңымыз 2011 жылы шыққан күннен бастап жұмыс жасауы керек еді. Сонда біз әлеуметтік желідегі мынадай сұмдық қоқысқа тап келмес едік. Ол кезде мамандар болмаған шығар, заңдарды өздері дұрыс түсінбеген соң халыққа түсіндіре алмауы да мүмкін.  Бүгінде Атырау облысы 3 жыл бойы еліміздің басқа өңірлеріне шығып, үйретуді қолға алдық. Сол үйреткен жұмыстарды неге жасамасқа?! Біз өзіміз барған облыстарды мониторинг жасап, қарап отырмыз. Үкіметтің ақшасын шығарып, әдейі барып, үйретіп кетсек те жұмыс жүрмей отыр. Сонда олар бізді не үшін шақырды, біз не үшін бардық, не үшін үйреттік?

 

– Сонда  басқа өңірлер  тек қана жеке тұлғаларды оңалту жұмысымен айналысып отыр ма? Мына жақта теологтар 20-30 адаммен жұмыс істеп жатқанда әлеуметтік желіде 200-300 адам діни теріс ағыммен уланып жатпай ма?

– Әрине, оңалту жұмыстары жүріп жатыр. Ол міндетті түрде жүреді. Бірақ көбі тіркелген діни бірлестіктермен жұмысқа, мемлекеттік мекемелерде өтіп жатқан  ресми шараларға көп мән беруде. Бұл Дін істері басқармасы жұмысының тек бір бағыты ғой. Ресми шараларды қадағалайтын, мешіттегі жұма, шіркеудегі сенбі күнгі ғибадаттарды бақылап отыратын Дін істері басқармалары жанындағы Ақпараттық талдау орталығында арнайы бөлімдер бар. Олар өздері мониторинг жасап, бақылап отыр. Егер де заңға қайшы  тәртіп бұзушылық болса, бізге, басқармаға ақпарат келеді. Тіркелген діни бірлестіктер тарапынан үкіметтің саясатына қарсы шыққан әрекеттер болса міндетті түрде жұмыстанамыз.

 

«Заңымызда  балалардың құқығын қорғайтын арнайы бап жоқ»

– Қайролла Дүйсешұлы, тағы қандай өзекті мәселе бар?

– Әлі қаралмай жатқан мәселелер бар. Соның бірі – жасөспірімдер туралы мәселе. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды діни  мазмұндағы рәсімдерді орындауға мәжбүрлеуге болмайды» деген діни бірлестіктер заңында және  балалардың құқықтарын қорғау заңында да бар. Екі заңда да болмайды деп айтылып отыр. ал шара қолданатын қай заң, қай баб? Жоқ! Айтылмаған. Бұл заң шығарушылардың қателігі. Балаларды мәжбүрлеп дінге тартқан фактілер болды, ал бала құқығына қол сұғушыны жазаға тартайық десек  заңда арнайы көрсетілген баб жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды балалар жылы деп белгіледі. Балалар жылында балаларды қорғайтын осы заңды енгізу керек. Қаншама ұсыныс бердік, бәрі аяқсыз қалуда. Заңда қолданатын әкімшілік шара жоқ. Сол себепті біз балаларды діни рәсімдерге баланың еркімен тыс мәжбүрлеп жатқан ата-аналарға шара қолдана алмай отырмыз.

 

– Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды. Соңғы жылдары Қазақстан бойынша мешіттер балалармен көп айналысып кетті. Мысалы, каникулда 200-300 баланы жинап алып, діни сауаттарын ашып жатыр. Ол балалар оңалтудағы ата-аналарлың балалары  болса жақсы. Мешіттер тұрмыстары төмен отбасыларға материалдық көмек беріп жүр. Мешіттің жинағаны да осы топтағы балалар шығар. Оларға неше түрлі тәттілер мен киімдер, оқу құралдарын беріп жатыр. Бұл баланың психологиясына ерекше әсер етеді. Бұл кәмелетке толмаған және  өзі шешім қабылдай алмайтын 6-7 жастағы балаларды мешітке тарту ма? Бүкіл Қазақстанды мұсылмандандыру жұмысы жүріп жатыр ма, әлде? Мұны қалай түсінуге болады? Өзіңіз айтып отырған балалардың құқығы қайда қалды сонда?

– Бұл жерде халықтың діни сауатын арттыру мақсаты жатыр. Біз салафизм өкілдерімен көп кездесеміз. Оңалып, Абу Ханифа мазхабына оралғандар діни сауатсыздықтан адасқандарын айтады. Әрине адам баласы сауатсыз болған соң адасып, көшеде кездескен адамға еріп кетеді. Мешіттер, жалпы діни бірлестік болып тіркелген ұйымдардың мақсаты – діни сауатсыздықты азайтып, халықтың діни сауатын көтеру. Бұл жерде кім жақсы ұғып алады десек, әрине, жасөспірімдер. Таза, жас милар ақпаратты тез қабылдайды. Мешіттер вахабисті, талибанды тәрбиелеп шығарады деп қарауға болмайды. Бұл жерде ең бастысы – балалармен жұмыс істейтін ҚМДБ-ның өкілдері білікті маман болуы керек. Бұл бір. Екіншісі –  балаға дұрыс ақпарат беру. Бұл бала өсіп, жасөспірім болған кезде көшедегі теріс ағымдағы біреуге ілесіп кетпеуі үшін алынып жатқан шара. Негізі бағыты дұрыс. Ал балалар мешітке қандай құжаттар арқылы бара алады? Бастысы – ата- анасы қарсы болмауы керек. Ауызша болсын, қол қойылған өтініш арқылы болсын, ата-ананың өтініші, келісімі, рұқсаты керек. Мысалы бізде мынадай бір мәселе болды. Баланың әке-шешесі айырылысып кеткен, анасы баланы сауат ашуға мешітке апарады, ал әкесі қарсы. Олар заңды түрде айырылған, бірақ әкесінің бала тәрбиесіне араласуға құқығы бар. Бұл мәселені біз мониторинг жасап отырмыз. Ақпарат маған апта, ай сайын келіп тұр. Мысалы сауат ашу курсындағы 200 адамның 10-ы жасөспірім. Біз имамдармен жұмыс істеп отырмыз. Олар мешітке келген баламен сөйлесіп, кімнің баласы екенін, мешітке келуге ана-анасы рұқсат берген-бермегенін анықтап алуға міндетті.

 

– Сауат ашуға келген балаларға дінді ғана үйретпейтін шығар. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиым, ұлттық құндылықтар туралы айтыла ма?

– Әрине, мешітте балаға «бұл жерден рухани  азығыңды ал, бірақ сен профессор бол, инженер бол» делінеді. Оқыған 30 баланың бәрі шейх болып шыға алмайды ғой. Бұл жерде мақсат – балаға рухани азық беру. Мақсат – ала жіпті аттама, ұрлама, кісі өлтірме, басқа да адамзатқа зиян әкелетін жаман істерге барма, әке-шешеңе жақсы қара, Аллаға құлшылығыңды жаса» деу арқылы иманды, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару.

Мешіт діни бірлестік. Мешіттің сауат ашу курсы, медреселері мен колледждері ғана бар. Мешіттің лагер ашуы заңда көрсетілмеген. Мешіт діннің әліппесін, араб тілін, муфтиаттың бекіткен бағдарламасымен дәріс өткізеді. Әрі қарай ғимараты, жататын орны, тамағы санэпидстанцияның рұқсаты бойынша жұмыс істейді. Лагер болғасын ол жерде бала тамақ ішеді, ұйықтайды, әр баланың өзіне тиісті шаршы метр алаңы болуы, баланың қауіпсіздігі сақталуы керек. Сондықтан лагер ашу үшін 5-6 мемлекеттік органның рұқсаты алынады.

Жалпы заң бойынша мешіт ішінде қандай курс ашса да өз құқықтары. Ол үшін мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы орындардан рұқсат сұрамайды. Егер мешіттен тыс жерден мысалы, тау етегінде, табиғат аясында діни лагер ашатын болса, онда әрине, діни басқарманың келісімін және басқа да мемлекеттік органдардың рұқсаты болуы қажет. Балаларға үйрететін дәріс материалдары сараптамадан өтуі керек.

 

Мешіт балаға ұлттық құндылықтарымызды бере ала ма?

– Қайролла  Дүйсешұлы, бүгінгі еліміздегі діни ахуалдың күрделеніп бара жатқанына орай баланың діни сауатын ашу дұрыс. Бірақ  бала мешітте дінмен қатар салт – дәстүр, ұлттық санамыз туралы дәріс, тәрбие алады деп сене аламыз ба?  Санасы тап- таза бала тек қана діни білім алып, «Құранды тек қана араб тілінде оқу керек» деп имамдардың айтқанымен  арабтануға бет алып, діннің таза фанаты болып кетпей ме?

– Біз бұған алғашқы жылдары сенімді болған жоқпыз. Ол кезде сауатты мамандар болған жоқ. Ол кезде 2-3 ай ғана оқыған адамдарды имамдыққа жұмысқа алып жүрді.  Ал олардың қай жерден қандай білім алып келгені бір Құдайға ғана аян еді. Басқа елден оқып келген вахабистер имам болып жастардың санасын улаған жағдайлар  біраз болды. Қазіргі таңда біздің де, ҚМДБ–ның да  қойып отырған талабы – имамның міндетті түрде жоғары діни білімі болуы керек. ҚМДБ мен мемлекеттің рұқсаты бар оқу орындарын бітірген мамандар ғана балаларға дәріс бере алады. Шетел мемлекетімен екі арадағы келісім шарты бар оқу орындарының ішіндегі ең ірісі – Аль -Азхар ислам университетінде исламның төрт мазхабы, соның ішінде Ханафи мазхабын оқытады. Бізге керегі осы Ханафи мазхабының мамандары.

Сұрағыңызға орай, бүгінгі таңда имамдарға міндетті түрде сенуге болады деп айта аламын. Біз халыққа айтамыз, егер балаңыз дінге қызығушылық білдірсе, өзіңіз рухани азықты бере алмасаңыз, онда баланы қолынан жетектеп әкеп мешітке беріңіз. Бұл біріншіден қауіпсіздік. Себебі дінге қызыққан бала  білімді көшеден, интернеттен алып, адасып кетуі әбден мүмкін. Дінге қызыққан балаға ата-анасы «жоқ саған әлі ерте» деп көңілін басып тастаса, бір қызыққан бала білімді бәрібір басқа жерден іздеп, көшеден деструктивті діни ағымдағы біреуді тауып алады. Ал олар баланы қуана- қуана ертіп әкетеді. Біз күні бүгін тап осы жағдайда отырмыз, балалар, жастар діни теріс ағымға тап осы жолмен кетіп жатыр. Қорқынышты заманға тап келдік. Қазір теріс діни ағым өкілдері бұрынғыдай мешітке еркін кіріп, баяғыдай бір бұрышта отырып алып жастарға діни уағызын айта алмайды. Олай етуге имамдар жол бермейді. Сондықтан олар өз қатарын көбейту үшін адамды базардан, шиномонтаждан, тағы да басқа орындардан іздейді. Соның ішінде негізгі орындары базар.

 

– Бүгінде  орамал тартып алған жас қыздар, келіншектер әлеуметтік желіде ауыздарына келген әңгімені айтып отыр.  Мысалы Құраннан үзінділер мен хадистерді салуда. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелерде істеп жүрген, діннен түк хабары жоқ қыздар мен әйелдер бар. Олардың дінді насихаттауға, әлеуметтік желіге діни материал салуға құқығы бар ма?

– Әлеуметтік желіде бір келіншек бар, басқа өңірдікі. Құдай сақтасын, ол әйел басқасын былай қойғанда әйелдерге күйеулерімен төсекте қалай жату керектігін үйретіп отыр. Ең сорақысы – ол әңгімеге дінді араластырып және мүлде ұятты, қазақтың діліне жат нәрселерді айтып отыр. Оның парақшасына мыңдаған қазақ әйелдері тіркелген. Ал ол әйел шариғат бойынша мұндай ұят әңгімені айта ала ма деп не ҚМДБ-ға, не дін басқармасына сұрау алған адам болды ма? Жоқ, болған жоқ. Жергілікті дін істері басқармасы не үшін жұмыс істеп отыр? Егер әлеуметтік желіде осындай дәрістер туралы сұрақтар түссе біз сараптамадан өткізуге жіберіп, ол жақтан қорытынды келгенше  жұмыстанып, соныңда дайын сараптаманы сотқа жібереміз. Әлеуметтік желідегі осындай қыз- келіншектер мен исламды жамылып, қазақтың ұлттық құндылықтарына нұқсан келетін уағыздар айтып отырған адамдарға сол жердегі  жергілікті жауапты органдар мән бермей отыр. Біз енді осы жұмысты да қолға алмақпыз. Ол қай облыста болған жағдай болса да, интернет арқылы бүкіл Қазақстан халқына залалын тигізуде.

Мысалы ағымдағы жылдың 22 мамыр күні Атырауда өткізілген «Мәлика ұстазбен рухани кездесу» атты шара әкімшілік сотпен заңсыз деп танылды. Ұйымдастырушы С.Г деген азаматша  ӘҚБтК – нің 490 бабы 1-бөлігі, 1) -тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, 107 205 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Спикер ретінде заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан Е.М. ӘҚБтК-нің 490 бабының 3- бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 214  414 теңге айыппұл салынды.

Біз Атырауды, өзіміздегі осындай бассыздықтарды тазарттық, енді өзге облыстардағы осындай адамдарды Атырауда отырып онлаин режимде соттайтын болсақ көп нәрсеге қол жеткізетін боламыз. Әлеуметтік желіге кез-келген адамның діни материал жүктеуін, уағыз айтуын, қазақтың қыз-келіншектерін бұзып жатқан психологтарды тоқтата аламыз, яғни  жолын кесеміз. Мұндайлар өзге облыстардан көп шығып кетіп жатыр.

 

– Бұл адамдар сол әңгімесімен  ақша жасап отыр емес пе?

– Ия, бәрі ақша жасап отыр. Мысалы Алматыдан діни сауаты жоқ бір блогер Атырауға келіп халықты жинап, дін туралы талқылап кетті. 5 мың теңгеден билет сатып, 250-ге жуық адам қатысты. Біз ол азаматтың қозғаған тақырыбын және Атырау тұрғындарына таратқан ақпаратын дінтану сараптамасына жібердік, қорытынды келген соң блогерге қатысты процессуалдық шешім қабылдаймыз. Енді қараңыз, бұл жағдайда заңды бақылайтын жергілікті қадағалаушы, бақылаушы органдар неге көңіл аудармайды деген сұрақ туындайды. Аталған органдар дін істері басқармасы басшыларына «осындай заңсыз бассыздықты неге қадағаламайсыз, қолыңыздағы екі статья бойынша неге шара қолданбайсыз?» деп бақылауына неге алмайды? Шара алмай отырған басқармаларға осылай деуге де және әкімшілік шара қолдануға да олардың құқығы бар.

Мониторинг жасау, әлеуметтік желідегі діни ахуалды зерттеу, бақылау –  біздің міндетіміз. Біз фейсбукты ғана қарап отырмаймыз, әрі қарай зерттеп, қазып кете береміз. Бір адам желіге бір ай бойы кірмейді, біз оны таба алмай қаламыз, бірақ бақылауда тұрған теріс ағым өкілі 3-6 айда желіге қайтадан шығады. Міндетті түрде. Неге десеңіз, санасына сіңген теріс ағымның уағыздары ішіне сыймай, жарып бара жатады. Сөйтіп қайтадан назарға ілігеді. Біз қазір шекарашы болып отырмыз. Бірінші кезең – табу, екінші әкімшілік шара алу, алдын алу тәжірибесі. Біз бұл жұмыстарды атқарып тазартып болдық, бұл кезеңді біз 5-6 жылда өттік. Енді үшінші  кезең  шекаралық бақылаудамыз.

Жалпы әлеуметтік желіге шыққан теріс бағыттағы материалдарды «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологтары немесе ислами бағыттағы теріс көзқарастарға ҚМДБ өкілдері  контрнасихат жасайды. Ислам діні, Ханафи мазхабы бойынша ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып ілезде жауап береді. Салафизм ағымын уағыздаушылардың қатесін тауып халыққа дұрыс ақпарат беріп отыр. Міндетті түрде. Бұл халықтың теріс ағымға алданбауы, дұрыс ақпаратты уақытында алуы үшін қажет. Желіге ислам бағытында қате уағыз шықты ма, мысалы біреу бет сипауды харамға шығарды ма,  ҚМДБ «мынау менің үмметіме қауіп төндіріп отыр ғой» деп жалма-жан желіде жауап беруі қажет. Міне, ҚМДБ-ның жұмыстарының бір бағыты осы деп есептеймін. Желіге діни теріс уағыз шықты ма, санаулы минуттар ішінде дұрысын көрсетіп жауап бер! Бұл адамдардың адаспауы, күдік пен күмәнға берілмеуі үшін аса қажет. Діни идеологиямыз осындай шаралардан құралады, Идеология құрамы бірінші – мемлекеттің заңы, екінші – дәстүрлі Ханафи мазхабын насихаттау, үшінші  салт–дәстүр, ұлттық құндылық бағытындағы тәрбие. Осы үшеуін жас баланың миына салып жіберсең ешқайда кетпейді, адаспайды. Осы үшеуін бойына сіңірген бала өзге идеологияны қабылдамайды. Ал қабылдап қойған, ойланып, дүдәмал болып жүргендер осы үшеуінен сауаты болғандықтан қадам жасамас бұрын ойланады. «Егер мен мынаны істесем сотталып кетемін» дейді немесе «бұл неге сәлем салуға болмайды деп отыр? Сәлем салу ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиеміздің үлгісі емес пе, келін менің ата-анама сәлем салмай ма сонда?» немесе «Ханафи мазхабында  намазда қолды былай ұстамайды ғой» деп қарсылық жасайды. Бала ойлайды да «мен кішкентай кезімде имамдардан соны үйрендім ғой, кет, басты ауыртпа!» деп қарсы шыға келеді. Міне, бұл теріс ағымға қарсы иммунитет. Иммунитеті қалыптасқан адамға ешқандай теріс идеология қауіпті емес. Ал ол қарсылықты біз жоғарыда айтып кеткен мешіттегі діни сабақпен қатар ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіре білу арқылы қол жеткіземіз.

 

«Нихабқа, паранжаға тиым салу діни ғана емес, адамның жеке басын куәлендіру тұрғысынан қажет»

– Қайролла Дүйсешұлы, сіз бір сөзіңізде Астанаға ұсыныстармен шықтық дедіңізШешімін таппай отырған тағы қандай мәселе бар?

– Әрине, әлі де шешілмеген көптеген мәселелер бар. Соның бірі – нихаб пен салафизм ағымына тиым салу. Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдеріне  кей жерде мән беру де керек шығар, тағы да үкіметтік емес, халықаралық, бақылаушы ұйымдар бар, қысқасы еліміздің ішкі жағдайына араласқысы келіп, қыстырылып отырған елдер және Франция, Англия нихаб пен паранжаны қоғамдық орындарда киюге заңмен тиым салды. Ал біздің елімізде әлі тиым салынбай отыр.

Қоғамдық орындарда бетін тұтас жауып жүруге тиым салу туралы жоғарыға ұсыныс бердік. Ауғанстанда әскерде болдық, Сирия, Иракта қаншама еркек террористер әйелдің нихабын, паранжасын киіп, жасырынып жүріп жарылыс жасады? Бұған мысал жетіп артылады.  Нихабқа, паранжаға тиым салу діни тұрғыдан ғана емес, дұрысында адамның жеке басын куәлендіру  мақсатында қажет. Халықтың, елдің қауіпсіздігі үшін адамның беті ашық болуға тиісті. Мүмкін бетін жауып жүрген адам халықаралық  қылмыскер, интерполда іздеуде тұрған адам шығар. Ол қауіпті қылмыскер нихаб киіп алып біздің Қазақстанда жасырынып жүрсе ұлттық қауіпсіздігімізге төнген үлкен қауіп емес пе?

 

«Ғазиз Байтасов  секілді батырларымыздың өлімі аз ба еді?»

– Бүгін Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайымыз шатқаяқтап тұр. Елдегі орын алған саяси жағдай, қаңтар оқиғасы, сыртқы күштердің қарапайым халыққа көрінбей «күл астынан су жіберіп» отырғаны,  Ресей мен Украйна соғысы, елдегі қымбатшылық, ұлттық алауыздық тудыру, тіпті қазақтың өзі қазаққа қарсы шығып, әлеуметтік желіде қырық пышақ болуы, ауызбіршіліктің ақсап тұрғаны халықты қауіптенуге мәжбүр етіп отыр. Бұл жағдайлар еліміздегі діни ахуалға қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Соңғы айда ғана діни теріс ағым өкілдері кәсіпкерді тонады, пышақтап, өлтіріп жатыр.

– Елдегі діни ахуалды мониторинг, әлеуметтік сауалдар, мешіттегі діни рәсімдерді бақылау, әкімшілік құқық бұзушылық статистикасы арқылы бақылап отырмыз. Мешіттерде қанша адам сауат ашып жатыр, имамның алдынан дін ұстаған қанша адам өтті, көптеген бағыт назарымызда. Қай жерде діни жанжал болмаса ол жерде жұмыс жүріп жатыр деген сөз. Әрбір діни бірлестік мүшелері, сол жердегі органдар өз жұмыстарын дұрыс атқарып жатса, халыққа уақытында қажет, дұрыс ақпарат беріп отырса ол жердің діни ахуалы тұрақты болады. Қазір Аллаға шүкір дейік, облыста діни ахуал тұрақты десек те кейбір жерлерде мәселе бары шындық. Себебі дін бір орында тұрмайды. Дінге жастар көп келіп жатыр. Сол жастарға біз дұрыс діни білім мен рухани тәрбие бере білуіміз қажет. Бірақ рухани тәрбиенің алдында баланың үйден алатын салт-дәстүр  тәрбиесінің орны ерекше. Ең бірінші кезең, баланы қоғамға, ортаға жіберердің алдында отбасында әке- шешесі үйден тәрбие беруі керек. Ол тәрбие «көршінің баласына тиме, ұрма, соқпа, көршімен тату болу керек» деп басталып, қазақтың салт-дәстүрі, әдет- ғұрпын өмір бойы ұстап жүре алатындай санасына сіңіруі керек. Содан кейін ғана «балама енді қауіп жоқ, ешкімге ермейді, теріс жолға түспейді және балам да көшеде еш жанға зиян тигізбейді» деген сеніммен бисмилла деп баланы көшеге жіберуге болады. Егер балаға үйден тәрбие болмаса көршінің баласының көзін шығарып, басын жарудан басталған тентектік бара-бара қылмыс жасауға ұласады. Сондықтан бала бойына имандылықты, салт-дәстүрді, ұлтшылдық пен отаншылдықты, патриоттық сезімді сіңіру ата-ананың ең басты міндеті.

Екінші, үшінші кезең – балаға рухани азық беру. Егер ата-ана балаға рухани азық бере алмады ма, балаға кейін өмірден өз орнын табу қиынға түседі. Көшеге шыққан баланы деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылар  бұйдалап, ертіп әкетеді. Өмірге, дінге деген дұрыс сана қалыптаспаған мұндай жастарды адастыру оңай.

Ең басты мәселе – діни теріс ағымдарға тыйым салатын уақыт баяғыда болды. Кезінде  елімізде болған терактіден соң тұңғыш Президент «Мұның дәстүрлі емес салафизм ағымы жолын ұстанушылар тобының шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз» деген болатын. Сөйткен салафизм  ағымына әлі күнге дейін заңмен тыйым салынбай отыр.

2009 жылғы атыстар, жарылыстар, 2011 жылғы терактілер, 2012 – 2013 жылғы, 2016 жылғы Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғалардан қанша адам қырылды? Лаңкестер өздері де өлді, сонымен бірге қаншама бейбіт тұрғын қаза тапты. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғаймыз деп қаншама құқық қорғау қызметкерлері қаза тапты? Таразда болған терактіде лаңкесті ұстар сәтте гранатты өз денесімен жауып опат болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов  секілді батырларымыздың өлімі аз ба еді? Жазықсыз төгілген қан, қыршыннан қиылған өмірлер ше? Әлде оларға тыйым салу үшін тағы бір жойқын жарылысты күтеміз бе? Тыйым салу үшін  осыдан артық енді нені күтіп отырмыз?

Егеменді мемлекетпіз дейміз, тәуелсіз елміз, заңымыз тәуелсіз, халық мен мемлекет тәуелсіз. Ата-бабамыз аттың жалында, түйенің қомында бодан күйде армандап кеткен, бүгінде қолымыз жеткен сол тәуелсіздігіміздің Көк байрағын аяққа таптаған, қазақ елінің перзенті бола тұра қолын жүрегіне қойып Әнұранымызды тыңдай алмайтын, салт-дәстүрімізге саңғыған, құрсағын жарып шыққан анасы мен өзі үшін өзегін үзіп беретін әкесін «кәпір» деп қағынан безген ғасырдың дүбара – жарылған жұмыртқаларын қатарымызға қайта қосамыз деп бірнеше ондаған жылдар үкілі үмітпен тер төгіп жүрміз ғой. Нәтижесі қандай соның? Азаймақ түгілі, жыл санап қатары өсіп бара батқан бұл ағымдағы қаракөздерімізді енді қалай құтқарамыз? Мұның емі – тыйым салу емес пе?

Басқа елде бесінші мазхаб болса бола берсін, бірақ соны дұрыс түсінбей Қазақстанға алып келіп, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, «Қазақстанда шариғат және Құран ережелері сақталмайды, ел халқы, мемлекет «дінсіз кәпірлер» деп мемлекетті мойындамай отырған салафизм ағымын заң шеңберінде тоқтату – уақыттың талабы екенін неге түсінбей отырмыз?

 

– Тыйым салынбай отырғаны  мұсылман елдерімен арадағы қарым –  қатынасты сақтауға ұмтылу,  халықаралық ұйымдардан сескену салдарынан емес пе?

 –  Елінің  ішінде мынадай радикалды идеология болатын болса қайдағы қарым-қатынас, қайдағы экономика? Теракты болып жатқан елдің экономикасы көтерілмейді, кәсіпкер қауіпсіздікті сезіне алмайды. Күні кеше ғана Оралда кәсіпкерді өлтіріп тастады ма? Өлтірді. Кәсіпкердің жалақы төлемегенін, тағы да басқа болжамдарды айтып жатыр. Бірақ ол жігіт радикалды идеологияда болмаса адам өлтіруге бармас еді. Адасқан ағымда екені қылмыскердің бетінен-ақ  білініп,  сақалы сапсиып деструктивті діни теріс ағымды  ұстанатыны көрініп тұр емес пе? Сақалы да Ханафи мазхабына жатпайды, себебі сақалы төрт еліден асып, қауғадай болып тұр емес пе?

 

– Ендеше қылмыскердің радикалды діни теріс ағымда екені неге ресми түрде хабарланбай отыр?

 – Бұл жерде басшыларда бір түсінбестік бар немесе ресми ақпарат беру үшін бір кедергі болып немесе әлдебір жағдайды күтіп отыр деп ойлаймын.

 

– Салафизмге тыйым салу үшін не істеу керек?

 – Ештеңе жасап керегі жоқ. Салафизмге тыйым салу үшін елімізде дәлел жетерлік. Қылмыс жасап түрмеде отырғандар кімдер? Вахабизм, салафизм ағымындағылар. Терактілер, жарылыстар бар, неше түрлі олар жасаған қылмыстар, ҚР рәміздерін мойындамау, мемлекетті, намаз оқымаған Қазақстан халқын «кәпірге» шығару бар, соның бәрін жинап-теріп бақылаушы, қадағалаушы орган сотқа беруі керек. Болды, бітті!

Мысалы «Таблиғи джамағат» ұйымына  ұлттық салт – дәстүрімізден айырғаны, тағы да басқа мемлекетке төндіретін қауіптері үшін Қазақстан аумағында тыйым салынды. Ал салафизм ағымы салт- дәстүрден айырып қана қойса ештеңе емес, олар тонап, қарақшылық жасап, адам өлтіріп жатыр ғой. Өздері нашақор, есірткіні өсіріп, өндіріп, сатып, жастарды бұзып жатыр емес пе? Салафиттер Құранға қайшы әрекеттермен айналысып отыр. Біз оларды қалай мұсылман деп айта аламыз? Алла Тағала «адам өлтірме!» десе, олар адамды пышақтап, атып кетіп жатыр. Олар қазақтың ата сақалының абыройын түсірді. 17 жастағы жап- жас балалар селтеңдетіп сақал өсіріп, оны қауғадай етіп еркіне жіберді. Халық сақал көрсе шошитын жағдайға жетті. Ел үрей мен қорқынышқа берілуде. Бұрын сақалдыларды төрге шығаратын еді, қазір  үйіне де кіргізбейді. Халықты шатастырып, исламға күйе жағып, сақалды осындай төмен деңгейге түсіріп жіберген салафизм ағымының өкілдері. Бұларға неге заңмен тыйым салынбайды? Олардан зардап шеккен қарапайым адамдар түгілі басшылық қызметтегі біздер де неге тыйым салынбайтынын түсінбей, дал болудамыз. Дін мәселесінде әр адамның қауіпсіздігіне дін істері басқармасы басшысы ретінде жауапты болғандықтан салафизм ағымына тиым салу туралы жоғарғы органдарға талай ұсыныс жібердік. Ал ол құжаттарда осы ағымның жасаған бүкіл қылмыстары тізіліп тұр.  Енді нені күтіп отырмыз? Ақша ұрлап, қыз, әйел зорлап, қарақшылық тонау жасап, кісі өлтіріп, есірткі сатып, таратып, жарып, теракт жасап жатқан салафизм ағымына тез арада заңмен тыйым салынбаса, қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төніп тұрғаны шындық.

 

«Шетелге күмәнді теологиялық оқуға кетуді тоқтататын заң керек»

 -Соңғы мәліметтер бойынша еліміздегі діни теріс ағым мүшелерінің саны 20 мыңнан асты делінді. Әлеуметтік желіге шықпайтындар, ештеңе бүлдірмей    бұғып жүргендер есепке алынбай қалып жатқан жоқ па?

  Қазақстанда салафиттер саны көп және күн санап өсіп жатыр. Бұған өз дәрежесінде өзге өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың, интернет-ресурстардағы діни теріс материалдардың таралуының алдын алудың, уақытылы мониторинг жүргізбеудің және  оларға тиым салатын заңның жоқтығы себеп болуда.

 

– Шетелде күмәнді діни білім алып келгендердің үлесі қанша?

 – Әрине, олардың көбею бағытының тағы бірі – қазақ жастарының шетелдегі күмәнді оқуларға барып, сол жақтан вахабизм идеологиясын Қазақстанға әкеліп, таратуында жатыр. Шетелге баруға шектеу қойылмаған себепті сол жақта 4-5 жыл жүріп, марказ, қысқа курс сияқты күмәнді оқу орындарында оқып, сол идеологиямен уланғандар елге келіп «Исламдағы тура жол осы» деп жастарды адастыруда. Бұлар өте қорқынышты. Неге десеңіз, кезінде бұл теріс ағымды Сайд Бурятский жалғыз өзі уағыздаса, ал бүгінде Қазақстан бойынша шетелде күмәнді оқуға жүргендер саны өте көп. Себебі мемлекет тарапынан шетелдегі күмәнді оқуға баруға болмайды деген заң жоқ. Мысалы Атырау облысы бойынша 30 жуық адам  шетелде күмәнді оқуда жүр. Олар күні ертең елге келіп діни  теріс ағымды таратушы миссионер  болып шыға келеді.

Шетелге ҚМДБ жолдамасымен барған жастар оқуларын бітіріп келіп, елдегі тіркелген діни бірлестіктерге қызметке орналасуда. Оларда ешқандай мәселе жоқ. Ал өз бетімен мұсылман елдеріне оқуға кетіп, ол жақтан жат иделогияны елге әкеліп, қазақ жастарын қынадай қырып өз қатарына қосып жатқан салафизм ағымындағы адамдарды тоқтатудың бір амалы –олардың шетелдегі күмәнді оқу орнына шығып кетуіне тосқауыл қою. Ол үшін мемлекет бұл мәселеге де қатты көңіл бөліп, заңмен шектеу жасауы қажет.

 

– Дін істері басқармаларының құрылымдық деңгейін және штаттық санын қысқарту, Ішкі саясат басқармаларының қатарына қосу мәселесі кезең-кезеңімен көтерілуі жөнінде не айтасыз? Олай болған жағдайда діни мәселелердің өткір, өзектілігі ескерілмей қалмай ма?

 – Бүгінгі күні өңірде Басқарма штаттық саны тиімді кадрлық менеджменті ұйымдастырылып, дін саласы бойынша білікті мамандармен қамтамасыз етілді. Басқарма құрамындағы мамандардың қысқартылуы немесе Ішкі саясат басқармасына қосу өңірде сапалы идеологиялық және талдамалық жұмыс ұйымдастыруға кері ықпалын тигізіп, өз кезегінде жергілікті деңгейде діни шиеленістің алдын алу бойынша жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігінің төмендеуіне және мемлекеттік саясаттың тиімді орындалуына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осы орайда, өңірде жалпы діни ахуалды тұрақтандыру және теріс діни ағымдардың таралуына жол бермеуде өңірлік Басқарма қызметі аса маңызды. Сондықтанда Дін істері басқармаларының құрылымдық деңгейін және штаттық санын қысқартпай, керісінше ауқымын кеңейткенін қалар едім.

 

– Қайролла Дүйсешұлы, шындықты бүкпей, батыл айтқан әңгімеңіз үшін рахмет! Мемлекеттің қауіпсіздігі, тәуелсіздігі үшін атқарып жатқан жұмысыңызға табыс тілейміз.

Сұқбатты жүргізген  Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

durbi.kz