Жақыным деп жүрген адамдар теріс айналды...
Деструктивті діни ағым өкілдері өз жақтастарын әр жерден табады. Ол мейлі әлеуметтік желі болсын, мейлі көшеде, кейде мешіттен де жанына жалау іздеп келген жандарды өз құрықтарына түсіреді. «Мешіттен» деп бекер жазған жоқпыз. Иә, мешіттің есігі келем деушілердің бәріне ашық. Арам пиғылдарын асыратындар адамдарды Алланың үйінде де өз қармағына түсіреді екен. Бұл туралы Анна есімді кейіпкеріміз айтып берді.
-Анна, сіз қателеспесем орыс ұлтынансыз. Қай жақтың тумасысыз? Қарасам қазақшаңыз керемет..
-Иә, ұлтым орыс. Оңтүстік өңірдің тумасымын. Мектепте қазақша оқыдық. Көршілеріміздің бәрі қазақ болды. Ата-анам христиан дінін ұстанады. Бұрын көршілерімізге айт мерекесінде құттықтап барсақ, олардың балалары бізбен бірге пасхада жұмыртқа бояйтын. Жаңа айтқанымдай айт мерекесінде немесе ораза кезінде исламға қызығушылық танытып, көрші апайлардан сұрап отыратынмын. Кейін мектеп бітіріп, оңтүстіктен Астанаға көшіп кеттім.
-Исламға бала кезден қызықтым дедіңіз, кейін дінді қалай қабылдадыңыз?
-Осында қазақ достарым болатын. Мен жатақханада тұрдым ғой, қыздардың намаз оқып жатқанын көргенде Ислам туралы сұрайтынмын. 2 курс оқып жүргенімде әкем қайтыс болды. Мен үлкен күйзеліске түстім. Анам алыста, бауырларым жоқ, жанымдағы қыздар үлкен көмек көрсетті. Сол қыздардың бірі қатты қиналғанымды көріп, «Алла тек мықтыларға ғана сынақ береді»- дегені әлі есімнен кетпейді. Адам өлгеннен кейін не болады деген көкейімде сұрақ пайда болды. Жауабын діннен іздей бастадым. Жанымдағы қоршаған ортам Исламға жақын болғансоң мені мешітке алып барды. Имамды тыңдап, жаным рахат табатын. Мешітке бірінші кіргенде жүрегімде үлкен тебіреніс болды. Өз –өзімді тапқандай күй кештім. Кейін Ислам дінін қабылдадым. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Мешітке жиі баратынмын. Сол жерде отырсам жаным тыныш табатын. Мешітке барып жүріп өзіме жаңа таныстар таптым.
-Осы жерде толығырақ айтып берсеңіз. Кімдермен таныстыңыз?
-Мені жолымнан адастырып, жүрегіме күман салған адамдармен жолықтым. Бұлда Алланың маған берген сынағы деп қабылдадым. Оқу –білімімнің аздығынан шалыс бастым. Жоғарыда айтқанымдай жаңа таныстарым көбейе бастады. Бір күні мешітте отырғанмын, өз-өзіммен ойланып, арасында кітап оқып, жамағатпен намаз оқыған ұнайтын. Намаздан кейін жаныма бір әйел келді. Жасы 30-дан асқан, бірақ, түрі шаршаңқы еді. Әңгімеге тарта бастады. Түрім қазаққа ұқсамайтынын, бірақ, қазақша сөлегенімді көріп таң қалғанын жасырмады. Тұрмыста екен. Күйеуі де намазхан ер азамат екен. Исламға енді-енді аяқ басып жатқанымды естіп, қандай да сұрақ туындаса көмегін аямайтынын айтты. Нөмерлерімізбен алмасып, сөйлесіп тұрдық. Кейін өздері қыздар болып жиналатын отырыстарға шақырды. Бәрі орамал таққан әйелдер, мені де үгіттей бастады. Орамал тағу керектігімді айтты, намазды да мешіттегіндей оқымайтынбыз. Мешітте имамдар білімсіз деп басқа араб шейхтардың видеоларын жіберді. Нағыз Ислам, дұрыс дін соларда екенін айтып, біздің имамдарды мүлде мойындамаймыз деді. Менде оларға ілесіп, намаз оқып, орамал тақтым. Жиындарынан қалмайтынмын. Осылай исламға «баспен» кеттім.
-Анаңыз қалай қабылдады? Туған туыстарыңызбен араласып тұрасыз ба?
-Анам барлық шешіміме дұрыс қарайтын. Туған-туысымыз көп емес еді. Бірақ, олар христиан дінінде болған соң, мен үшін олар «харам» болды. Өзімнің туған екі бауырым бар, олармен де араласпай кеттім. Анама Ислам дінін қабылда деп едім көнбеді. Кейін анаммен де жиі сөйлеспейтін болдым. Жаңа танысқан құрбыларым мені күйеуге бергілері келді. Бір жігітпен таныстырды. «Браттарымыздың» жанында жүретін. Екінші әйел етіп аламын деді. Ойланып жүріп, келісімімді бердім. Екінші әйел қылып алды, бөлек үйде тұратынмын. Аптасына 2-3 рет келіп тұратын. Бірінші некесінен төрт баласы бар. Менде көп ұзамай бала көтердім.
-Күйеуіңіз сізге қалай қарым-қатынас жасайтын еді?
-Басында бәрі жақсы болды. Кейін Сирияға кеткісі келетінін айтты. Жан-жағымыздағы адамдарды жек көретін. Қолынан келсе «жаһилдер» отыратын ғимараттарды жарып тастағысы келетінін айтатын. Мені ұратынды шығарды. Әйелдің жынын шығарып тұру керек дейтін. Аяғым ауыр кезде қатты соққы алып, баламды түсіріп алдым. Сол кезде жанымда жүрген «сестраларыма» айтқанымда шыда деді. Егер жәннатқа барғым келсе күйеуімді разы қылу керектігімді айтты. Өмірім қиын болып кетті. Бәрінен көңілім қалды. Күйеуім бала тастағанымды естіп, «талақ» айтып тастап кетті. Не ақша жоқ, не оқуым жоқ далада қалдым.
-Кімнен көмек сұрадыңыз?
-Анам көмектесті. Сырт айналған бауырларым жаныма демеу болды. Олар мені кешірдім. Оңтүстікке қайтып барып, бірнеше жыл тұрдым. Мешітке барып, басымнан өткен оқиғаны имамға айтып бердім. Ол кісі бәрін тыңдап, жат ағымның етегіне еріп кеткенімді айтты. Бірақ, Алланың сынағынан тек мықты адамдар ғана өтетінін және дұрыс бағыт көрсетуде маған тегін сабақ бере алатындығын айтты. Күнде мешітке баратынмын. Имамнан дәріс алдым, көптеген кітаптар оқыдым, қай жерден қателескенімді түсіндім. Қазір Астанаға қайта оралдым.
-Жұмыс жасайсыз ба? Қазір немен айналысасыз?
-Иә, дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Басымнан өткен қиыншылыққа қарамастан, орамалымды шешпедім, намазымды тастамадым. Жақсылықтан үмітімді үзбеймін. Менің қателігімнен жас қыздар сабақ алса екен деймін. Бұл әлемде қара пиғылды адамдар бар. Олардан сақ болу керек. Жастарға өміріңнің ойранын шығармаймын десең, білім ал, оқы, дамы деп айтар едім.