Теолог деген кім? Қазақстанға теологтар не үшін керек?
Қазақстан зайырлылық қағидатын ұстанғандықтан, теология саласы елімізде өзекті. Қоғам арасында діни ақпарат беріп, халықтың деструктивті ағымнан қорғау - теолог-мамандардың міндеті. Алайда қоғам арасында дінтанушы мен діни қызметкер, теолог айырмашылығын және олардың маңызын түсіне бермейтіндер көп. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Мейманхожа Рысбайұлы теолог деген кім және оның маңыздылығы қандай деген сауалдарға жауап берді.
Теолог – дін маманы
Теология латын тілінен аударғанда "тео" - құдай, "логос" - ілім, Құдай туралы ілім деген мағынаны білдіреді. Теолог дінді, ондағы маңызды мәселелерді зерттеп, сауалдарға жауап іздейді. Маманның айтуынша, теолог бір дінді ғылыми тұрғыда тереңінен қарастырады. Мысалы, Ислам дінінің, христиан немесе иудаизм теологтары болады. Дін пайда болғаннан бастап олар соны халыққа таратумен айналысқан.
"Теолог маманы алғаш христиандарда пайда болды", - деді Нұрмұхаммед Мейманқожа. Б.з І ғасырда христиан діні, VІІ ғасырда ислам діні пайда болғаннан кейін теологтар аяттарды жинақтай бастады. Мысалы, Ислам дініндегі 114 сүре 6000-нан астам аятты сұрыптады.
Теолог, діни қызметкер, дінтанушы: Айырмашылықтары қандай?
"Діни қызметкерге діни имам, уағызшылар жатады. Олар халыққа сенім бойынша, дін жолымен жүру, дінде рұқсат етілген немесе тыйым салынған нәрселерді түсіндірумен айналысады. Ал теолог оны ғылыми тұрғыдан қарастырады. Теолог-мамандар дінді қоғаммен жанастыру, оның бұрмаланбауы немесе діни заңдардың себебін іздейді", - деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ, ол теологтардың мешіт, шіркеулерді тексеріп, діни қызметкерлердің уағызына баға беретінін атап өтті.
"Ал дінтанушы жалпы діндерді зерттейді. Әлемдік, дәстүрлі, ұлттық діндерді жан-жақты қарастырып, жаңа діни бағыттар туралы ілім жинақтайды. Дінтанушылар алғаш 19 ғасырда Батыс Еуропа елдерінде пайда болған. Олар барлық дінге тән құндылықтар мен діни бағыттардың айырмашылықтарын да саралайды", - деді дінтану орталығының қызметкері.
Елімізде теолог-мамандарды дайындайтын оқу орындары
Дін саласы маманының айтуынша, еліміздегі геосаяси жағдай, әлемдегі діни ахуалға қатысты теология мамандарына сұраныс жоғары. Ол елде мұндай мамандықты оқытатын оқу орындарының санаулы екенін атап өтті.
"Қазақстанда діни сала бойынша білім беретін негізгі оқу орындарының бірі - Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті. Ол 2001 жылы Египет пен Қазақстанның үкіметаралық келісімі негізінде ашылды. Онда дінтанушы, исламтанушы, теолог, араб филологы мамандықтары оқытылады. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде "Дінтану" мамандығы 1999 жылдан бері оқытылады, 2010 жылдан бастап "исламтанушы" кадрлары дайындалады. Мен осы университетте бакалавр және магистратура дәрежесі бойынша оқып шықтым", - деді ол.
Сонымен қатар, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды мемлекеттік университетінде "Дінтану" мамандығы оқытылатынын тілге тиек етті.
Діни экстремизммен күресте теологтардың рөлі
Қазақстанда 20-дан астам экстремистік топ мен лаңкестік ұйымдарға тыйым салынған. Олар сот шешімімен қауіпті деп танылып, ондай топтармен қарсы күресті құқық қорғау органдары жүзеге асырады.
Сарапшының мәлімдеуінше, 2022 жылғы "Діни экстремизммен күрес" бағдарламасында теологтарға бірнеше міндеттер жүктелген. Өйткені бағдарлама бойынша, шаралардың басым бөлігі ақпараттық және түсіндіру-оңалту жұмыстарына арналған.
"Теологтардың екі міндеті бар: бірі – түсіндіру жұмысы, екіншісі – оңалту шаралары.Мамандар тұрғындармен онлайн және оффлайн форматтарында кездесулер жүргізеді. Діни ақпараттарды Қазақстанның ұстанымына, халықтың ұлттық құндылықтарына негіздеп, қоғамды дәстүрлі ислам дініне баулиды. Біздегі теологтар көбінесі Суниттік бағыттағы Ханафи мазһабы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысады", - деді Мейманқожа.
Оның айтуынша, теологтар мешіттерде, Қазақстан діни басқармасы негізінде жұмыс істейді.
Сонымен бірге, елімізде дін істер комитетінің басқаруымен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, Нұр-Мүбаракта діни зерттеу орталығымен "Діни экстремизге қарсы" мамандар даярлау академиясы құрылған. Ал Абу-ханифа зерттеу орталығы араб тіліндегі кітаптарды аудару жұмыстары жасайды
Екіншіден, мамандар деструктивті ағымға еріп адасқандармен оңалту шараларын өткізеді. Олардың түзеліп, қоғамға қайта сіңісуін қамтамасыз етеді.
Сарапшы діни ақпараттарды оқыған кезде сақ болып, интернет желілеріне көп сене бермеуге кеңес берді. Оның айтуынша, киберщит бағдарламасы арқылы қазақстандықтардың қандай деструктивті топтардың парақшаларына жазылғанын тексеруге болады. Соңғы зерттеулер бойынша, 5000-нан астам алматылық жастар діни культтардың топтарына тіркелген. Кейін оларға ескерту беріліп, аталмыш топтардың дұрыс емес бағытта екенін мәлімдейтін ресми хабарламалар жіберілді.
"Интернеттегі әрбір ақпаратқа, соның ішінде шетелдік уағызшы-идеологтарға сене бермеу керек. Осы тұста мен дін туралы сұрақтардың жауабын Muftyat, Azan.kz деген ресми сайттардан қарауды ұсынамын", - деді маман.