Шамиль Аляутдиновтың сабақтарынан кейін өмірім қиындап кетті
Күні кеше әлеуметтік желілерде Ш. Аляутдиновтың Астанада болу керек іс-шарасы өтпейтін болды. Осы жаңалықтан кейін редакцияға Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, танымал коучтың сабақтарына қатысамын деп өмірі одан сайын қиындап, белшеден қарызға батып кеткені жөнінде жеткізді. Қазіргі таңда елімізде белгісіз мамандардың әртүрлі тақырыптағы тренингтері көбейіп кетті. Соның кесірінен қанша отбасының ойраны шықты. Әңгіменің мән-жайын білу үшін Ажар есімді (аты өзгертілген) азаматқа хабарласып көрдік.
-Ажар, қайырлы күн. Әңгімені бастамастан бұрын өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
-Қайырлы күн, хабарламама бей-жай қарамай, көңіл аударғандарыңға алғысымды білдіргім келеді. Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Жасым 40-та. Тұрмыстамын, 3 баланың анасымын.
-Бізге хабарласқанда Ш. Аляутдинновтың сабағына қатыстым дедіңіз. Тренингтің құны қанша? Не жайлы айтылады?
-Бірнеше жыл бұрын отбасымызда қиындық болып кетті, бизнесіміз алға баспай, сырттан көмек іздедім. Біресе Исламнан сұрағыма жауап іздеймін, біресе неше түрлі коучтардың сабағын аламын. Инстаграмда Шамильге жазылған болатынмын. Кітаптарын оқып шықтым. Оның өзінің сайты бар, сол жердегі барлық мақалаларды оқыдым. Сол сайтта, сұрақ-жауап деген айдар бар. Сұрақ қойсаң, жауабын кітаптан алуға болады немесе тренингке қатыссаңыз толығырақ жауап аласыз дейтін. Бір күні Бишкекке келетінін естіп, қатысамын деген шешім қабылдадым. Бағасы 3000 АҚШ доллары тұрады. Ақшам жоқ болмасада кредит алдым. Бишкекке бардым, тренинг басталды. Күнде сабақ өтеміз, рухани және материалды қалай баюға болатынын айтады. Бірақ, сол жерде өзінің кітабында және сайтта жазылған ақпараттан басқа ештеңе айтылмады. Инстаграмда жазылған кері байланыстарды оқып алып, үлкен үміт күттім. Суға айқайлап секіру деген практика да болды. Исламға қарсы келетін тұстары да болды. Мысалы, оразаны Меккенің уақытымен ұстаған дұрыс деген пікір айтты. Семинардың соңында ақшаны желге шашқаныма өкіндім. Кейін депрессияға түсіп кеттім. Үйде ұрыс-керіс басталды. Кредитті әр ай сайын төлеу қиынға түсті. Күйеуім мені тастап кетемін деп қорқытты. Отбасымнан береке қашты.
-Одан басқа тренингтерге қатысып көрдіңіз бе? Әдетте әйелдер қауымы осындай тренинг, мастер-класстарға құмар ғой.
-Айнұр Тұрсынбаева, Құралай ханым сияқты келіншектердің сабағын алғанмын. Олардың бағасы шамамен 10-50 мың арасында. Шымкентте Құралай ханымның сабағына да қатыстым. Өзімді дамытамын деп, әртүрлі тренингтердің құрбаны болдым. Олар өз аттарын жарнамалап алып, жақсы маман болмаса да сабақтар өткізе береді. Бір өкініштісі елімізде осындай адамдардың тренингтерін бақылайтын органның жоқтығы. Мен өз басымнан қиындық өткеннен соң, отбасымды сақтап қалу үшін психологқа бардым. Ол кісі университет бітіріп, Америкада оқып келген өте юбілікті маман еді. Менімен сөйлесе келе, әртүрлі семинарларды бұрынғы «травмаларымды» одан сайын өршітіп жібергенін жеткізді. Әр адамның бойында өзінің басынан өткен қиын жағдайлары болады. Дер кезінде оны білікті маманмен емдемесе, мен сияқты депрессияға түсіп, отбасыммен ұрыс-керіс болып, өмір қиындап кетеді.
-Өзіңіздің замандастарыңызға қандай кеңес бересіз?
- 40 күн дұға оқимыз деп, сиқырмен әйелдерді алдап кететін адамдар бар. Ойлап қараңызшы, сіз өзіңізге кесірі тиетін дұғаны 40 күн оқисыз. Осыдан кейін өзіне қол жұмсаған әйелдер бар. Кішігірім қалалар мен ауылдарда тұратын әйелдер өздерін дамытамыз деп, кез-келген курсқа жазыла береді. Сондықтан, сізге көмек керек болса, қолында дипломы бар, дұрыс бағыт көрсете алатын мамандарға жүгінсеңіздер. «Соқыр тауыққа бәрі бидай»,- деген сөз есіме түсіп тұр. Алданып қалмаңыздар дегім келеді.