Дін атын жамылып зұлымдық жасайтындар көп
Деструктивті діни ағым – ол үлкен қауіп. Адам санасын улап, дұрыс жолдан тайдырып, дінді зұлымдықтың белгісі сияқты көрсетіп, қоршаған ортаға деген өкпе-ызаны тудырады. Жылына қанша мыңдаған адамдар деструктивті діни ағымдардың құрбандарына айналуда. Мәселен, Ұлыбритания зерттеу орталығының талдау мәліметі бойынша Сирия мен Ирак жеріндегі дінмен байланыстырылған соғысқа әлемнің 80 елінен 41 490 адам қосылып, құрбандыққа ұшыраған. Құрбандар спекуляция арқылы құрылған идеологияға елігіп, алданумен тұзаққа түсіп жатады. Осы мақалада деструктивті діни ағым өкілінің құрбанына айналған Айнара есімді отандасымыз өз оқиғасымен бөліседі.
Балалық шағы
Мен қарапайым қаза отбасында дүниеге келдім. Әкем әскери қызметкер, анам мұғалім. Балалық шағым қызықты, әрі қиындықсыз өтті. Мектепте үлгерімі жақсы оқушы болдым. Мектепті үздік бітірдім. Алматы қаласына оқуға түстім. Солай студент атанып, ата-анамнан бөлек шықтым.
Студенттік шақ
Жатақханада тұрдым. 2 курстан бастап жұмыс жасай бастадым. Ата-анама көмек болсын деп, өз керек-жарағыма өзім ақша тапқым келді. Солай бір дүкенге сатушы болып тұрдым. Ол дүкенде орамалды әйелдерге киім сататын. Дүкеннің иесі де орамалдағы әйел еді. Мені сіңіліндей көріп, өз білгенімен бөлісіп жүрді. Намаз оқитын болғандықтан менің де дінге деген қызығушылымды арттырды.
Дінге бет бұру
Осылай күнде сабақтан кейін дүкенге барамын, жәймендеп жұмысымды жасап жүрдім. Бір күні дүкеннің иесі мені үйіне қонаққа шақырды. Тек орамалдағы жамағатты жинап, рухани кеш ұйымдастырды. Тек дін туралы айтып, бәрі орамалға қалай келгендерін баяндады. Мен жас қыз болғандықтан аузым ашылып барлық әңгімеге зейін қойып тыңдап отырдым. Қызықты кеш болды. Бірақ, отырған әйелдер бір ауыздан біздің мүфтиятты мойындамайтын болып шықты. Маған да имамдар сауатсыз, оларды тыңдама деді. Басында түсінбей қалдым. Сосын оған көзімді жұмдым.
Тек шейхтарды тыңдайтын едік
Біздің ортақ чат болды. Сол жерге күнде иманымызды көтереміз деп видеолар жіберетін. Мен Арман Қуанышбаевты тыңдағанды жақсы көретінмін. Соның видеоларын жіберсем, оның айтқандары дұрыс емес, білімі жоқ деп оны өшіріп тастауымды өтінетін. Орта маған қатты әсер етті. Сол жердегі бір «сестра» өзінің күйеуінің інісімен таныстырды. 3 рет жүздесіп, некемізді қидық. Ата-анам асығыстық жасама дегенін тыңдамай, тұрмысқа шығып кеттім.
Тұрмыстан кейін өмір
Күйеуім жұмыс істемейсін, оқуыңды тастайсың деп шарт қойды. Ақымақ басым оған да келісті. Қатты қызғанатын. Үйден оның рұқсатынсыз шықпайтынмын. Егер оның рұқсатынсыз ата-анаммен сөйлессем басында ұрсатын, кейін ұратын болды. Күндіз ұйқтап, түнде «браттармен» деп кетіп қалатын. Немен айналысатынын да білмейтінмін. Екі айдан кейін аяғымның ауыр екенін білдім. Күйеуім бір күні дүкенге сұранбай шыққаным үшін аямай ұрып тастады. Баламды түсіріп алдым. Сен қатын болмайсың деп маған талақ беріп, үйден қуып жіберді.
Ата-анам қолдау көрсетті
Қатты қиналып, туған үйіме бардым. Бар мән-жайды ата-анама айттым. Олар барынша қолдады. Дінде жүрген адамдар осылай істесе, басқа адамдар қалай істейді деп қатты кейідім. Кейін түсіндім, дін – ол адамдар арқылы өлшенбейді. Дін атын жамылып зұлымдық жасайтындар көп екен. Біздің салт-дәстүрімізді мойындамайды, тек сүннет жолымен жүреміз деп ауызбен айтып, жасаған істері сәйкес келмейді. Қазір өмірім орнына түсті. Оқуыма оралып, адамдармен араласа бастадым. Дін туралы көшедегі адамдардан сұрамайтын болдым. Менің қателігімді басқалар қайталамаса екен деймін.