Дін туралы айтатындар көбейіп кетті – дінтанушы
Бүгінгі күні деструктивті діни ағымдар (ДДА) қоғамдағы ең қауіпті құбылыстардың бірі. Себебі, ДДА қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адамның физикалық және психикалық денсаулығына қауіп төндіретіні сөзсіз. Толығырақ ДДА туралы, олардың қызметі, әдістері мен мақсаттары туралы дінтанушы, Астана қаласы діндерін зерттеу орталығының маманы, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Темірлан Советовтен сұрап білдік.
– Темірлан Жанатұлы, деструктивті діни ағымдар дегеніміз не?
Деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, прозелетизмді насихаттайтын, дін атына сай емес іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
– Олардың негізгі мақсаты қандай?
Экстремистік діни ағымдардың деструктивті идеологияларын біржақты қарастыра алмаймыз. Мемлекеттік билікті басып алу, діннің атын жамылып алаяқтық жасау, өздерін пайғамбар ретінде көрсетіп, адамдарды өздеріне табындырып қою деген сияқты мақсатты көздеулері мүмкін.
– Деструктивті ағымдардың әсеріне кім көбірек ұшырайды?
Көп жағдайда жастар жат ағымға еріп кетіп жатады. Оған себеп діни сауаттылықтық мен әлеуметтік жағдайдың төмендігі әсер етеді. Сондай-ақ, психикалық тұрғыда әлсіз адамдар да деструктивті діни ағымдардың құрбаны болып жатады. Бірақ, бұл орта немесе егде жастағы адамдар адаспайды деген сөз емес.
– Деструктивті ұйымдар жаңа ізбасарлаын қандай әдістермен өз қатарларына тартады?
Оның әдістері өте көп. Бастапқы әдістерінің бірі-парақшаларды, діни әдебиеттерді таратудан тұратын белсенді миссионерлік қызмет, ол арқылы белгілі бір ұйымның өкілдері адамдармен белсенді сөлесу арқылы арбап алуға мүмкіндік туады. Әдетте ондай адамдар сізді қызықтыратын әңгіме айтып, мақтап, әдемі сөздерін аямай, сізді зерттеп, жеке ақпараттар алып алады. Өзіңіз оны байқамай қалуыңызда мүмкін. Сіздің жеке басыңызда қандай да бір проблема болса немесе депрессиялық күйде тұрғаныңызды айтып қойсаңыз, сол жанды жеріңізден басады.
Айта кету керек, діни жат ағымдар алдында тұрған адамның қызығушылығына қарай өз қызметтерін ұсынады. Мысалы, сіз белгілі бір тіл үйренгіңіз келсе, сол тілді үйрететін курстар ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдар адамдарды әлеуметтік желілер арқылы алдайды. Онлайн, сізге бармай-ақ, қашықта отырып миыңызды улап тастағанын түсінбей қаласыз. Ондай жағдайлар көп болған. Интернет арқылы сөйлесіп, шекара асып кеткен отандастарымыз жетерлік.
– Бұл ағымдардан қалай сақтанамыз?
Менің ойымша, ең алдымен, кез келген ақпаратқа сын көзбен қарау керек, ешбір жағдайда барлық адамдарға бірдей сене беруге келмейді. Егер діни ақпарат алғыңыз келсе, интернетте білмейтін сайтқа кіріп ақпарат алудың қажеті жоқ. Тексерілмеген ақпараттың әрқашан қаупі жоғары. Егер Ислам бойынша сұрақтарыңыз болса, мешітке барыңыздар, имамадардан сұраңыз, оған уақытыңыз болмаса ресми аккаунттардан қараңыздар. Қазір әлеуметтік желіде отыратын имамдар көбейіп келе жатыр. Осы жерде жастарға ескерту жасағым келеді, соңғы уақытта «Тик-ток» әлеуметтік желісінде бет-аузын жауып алып, тікелей эфир өткізетіндер көбейіп кетті. Олар Ислам туралы білімдері болмаса да, дін туралы сұрақтарға жауап беріп отырады. Бұндай аккаунттардан абай болыңыздар. Қазір интернет қажетсіз «қоқыстарға» тола. Оның бәрін көріп алтын уақыттарыңызды кетіргенше, қандай да бір сұрақтаыңыз болса, ресми орындардан сұраған абзал.
– Жат діни ағымның ықпалына түскен адамдар қайда шағымданы алады?
Егер жақындарыңыз немесе таныстарыңыздың діни ұстанымынан күмәнданып тұрсаңыз 109 байланыс номеріне хабарласыңыздар немесе Астана қаласында болсаңыз Діндерді зерттеу орталығына келе аласыздар.
– Сұхбатыңызға алғыс білдіремін!