"Діни көзқарасы үшін қудалау тоқтаған жоқ". АҚШ мемлекеттік департаментінің дін еркіндігі туралы баяндамасындағы Қазақстан
«Былтыр Қазақстанда билік «дәстүрлі емес» ағымға жатқызатын діни топтарға қатысты шектеулер көбейіп, оларды тексеру жиілеген. Елде азаматтарды діни көзқарасы үшін түрмеге жабу тоқтаған жоқ, тіркелмеген топтарға әлі де еркін құлшылық жасап, сенімін насихаттауға мүмкіндік берілмейді». АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы әлем елдеріндегі дін еркіндігі туралы баяндамасында осылай жазылған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 2 маусымда Вашингтонда баяндаманы қоғамға таныстыру кезінде дін еркіндігін қатаң бұзған елдердің көш басында Қытай тұрғанын айтып, Пекиннің Шыңжаң мұсылмандарына қарсы жүргізген саясатын «геноцид» деп атады. Қытаймен қатар дін еркіндігін шектеп отырған елдер қатарында Ресей де бар.
АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі дін еркіндігі туралы баяндамасында «Қазақстан Конституциясында дін және көзқарас еркіндігіне кепілдік берілгенімен, іс жүзінде діни бірлестік қызметіне қатысу құқығы тіркелген немесе «дәстүрлі» діни топтармен ғана шектеледі. Билік дәстүрлі ағымға Исламның сүннит бағытындағы Ханафи мазхабын, Орыс православ шіркеуін, католицизм мен иудаизмді жатқызады» делінген. АҚШ-та 1998 жылы қабылданған халықаралық дін еркіндігі туралы заңға сәйкес, жыл сайын жарияланатын баяндамада 200 елдегі дін еркіндігінің жайы сипатталып, АҚШ-тың осы бағытта атқарған жұмыстары мен қолдау шаралары айтылады. Биылғы зерттеу 2021 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсан аралығын қамтиды.
ЕСКІ ТӘЖІРИБЕ: ҚУДАЛАУ МЕН ШЕКТЕУЛЕР
Халықаралық Forum 18 үкіметтік емес ұйымының дерегінше, 2021 жылдың соңындағы ақпарат бойынша, Қазақстанда исламның сүннит бағытын ұстанатын 24 мұсылман діни қызметі мен көзқарасына байланысты түрмеде отырған. Алдыңғы жылғы статистика да осы шамалас болған. 2021 жылы сегіз азаматтың бостандығы шектелген. Түрмеге жабылып, бостандығы шектелген кей азаматтар жазасын өтеп шыққаннан кейін банктегі есепшотына қол жеткізе алмаған. Өйткені Қазақстан терроризм және экстремизм бабы бойынша айыпталған азаматтарды қаржы министрлігінің “терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар мен ұйымдар” деп аталатын тізіміне қосады. Бұл тізімдегі тұлғалар мен ұйымдардың шоттары бұғатталады. Жазасын өтеп шыққан азаматтар мен олардың отбасы мүшелері шоттарының бұғатталғанын банк бөлімшесіне барғанда бір-ақ білген. Forum 18 дерегінше, айыпталушының туыстарына басқа табыс көзі болмаса, банк шотынан азын-аулақ ақша шешіп алуға рұқсат беріледі.
Құжатта Жамбыл облысындағы Қордай аудандық соты ақпан, наурыз және шілде айларында Шербу Юбурова, Харсана Ясырова және Келира Нусырова есімді үш дүнгенге рұқсатсыз жиналып, балаларға Құран үйреткені үшін 291 700 теңгеден (671 доллар) айыппұл салғаны баяндалған. Бақылаушылар Қордай ауданында азаматтарды діни көзқарасы үшін қылмыстық қудалау жиі кездесетінін айтады. 2020 жылы ақпанда дүнгендер көп тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр ауылдарында жанжал болып, 11 адам (негізінен дүнгендер) қаза тапқан. Forum 18 ақпаратына сәйкес, 2018-2021 жылдары заңсыз діни сабақтар өткізу айыбымен қозғалған сот істерінің жартысы осы ауданда тіркелген.
8 қаңтарда Оралда полиция және Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері Рождество құлшылығы кезінде жергілікті баптистер қауымына тексеріспен барған. Елдегі басқа баптистер секілді бұл қауым да тіркеуден өтпеген. Полиция құлшылыққа келген адамдарды ұстап, Дмитрий Исаев пен Владимир Нелепинге 140 мың теңге айыппұл салған. Қауым мүшелері Forum 18 ұйымына билік өздерін жіті бақылауда ұстайтынын айтқан. Баптист шіркеулер кеңесі үкіметтен қашық болу саясатына сәйкес, тіркеуден әдейі бас тартып отырғанын жеткізген. Қауым өкілдерінің айтуынша, билік баптистердің кездесулері мен сапарларын қадағалап отырады.
Былтыр христиандардың халықаралық Open Doors үкіметтік емес ұйымы діни көзқарас білдіру еркіндігін мемлекеттік бақылауға алғаны, христиандардың жиындарына тінту жүргізіп, азаматтарды іздерінен аңдып, ұстап әкеткені үшін Қазақстанды бүкіләлемдік бақылау тізіміне қосқан. Ұйым дерегінше, 2021 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда христиандарға күш көрсету туралы хабарлар азайған. Ұйым өкілдері мұсылмандар отбасынан шыққан христиандар қауым тарапынан қатаң қудалауға ұшырайтынын айтады.
Forum 18 ұйымының хабарлауынша, 8 сәуірде билік Кришна қоғамына мүше Тимур Сеитовке Алматының орталығында мантра оқығаны үшін «мемлекеттің рұқсатынсыз діни рәсім өткізді» деген айып таққан. 27 мамырда Алматыдағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттың үкімімен, Сеитов 140 546 теңге айыппұлға кесілген. Сот оған үш айға дейін қоғамдық орындарда рұқсат етілмеген қызметпен айналысуға, оның ішінде ән айтуға тыйым салған. Сеитов сотта өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан. Шілдеде апелляциялық сот үкімді өз күшінде қалдырған.
Жергілікті билік кей діни топтардың мүлкін тәркілемек болған. 2021 жылы 21 қаңтарда Жоғарғы сот Алматыдағы «Новая жизнь» шіркеуінің ғимаратына қолданылған бұғаттау шарасының күшін жойған. Осыған дейін шіркеу қызметкерлері мұқтаж жандарға арналған екі ғимарат тәркіленсе, ол жерді паналап отырған азаматтар далада қалуы мүмкін деп алаңдаған. Билік осы кезде «Новая жизнь» ұйымының 2019 жылы сырттай сотталып, елден кеткен үш пасторының бұрынғы резиденциясын сатуға тырысқан.
«Иегова куәгерлері» діни тобы сеніміне байланысты жедел әскери қызметтен бас тартқан мүшелері қиындықтарға тап болғанын хабарлаған. Жергілікті әскери комиссариат діни қауым ұсынған анықтама азаматтарды әскерден босатуға жеткіліксіз деп тапқан. Нәтижесінде мәселе билікпен диалогқа келу арқылы шешілген. Қауым өкілдері жастардың діни көзқарасына байланысты жедел әскери қызметтен босату туралы хатын тапсырып, жағдайды түсіндірген. Ұйым дерегінше, қаңтар-ақпанда (баяндамада 2020 жылдың деректері берілген – Ред.) қауымның 63 мүшесі заңсыз миссионерлік қызметпен айналысты деген күдікпен ұсталған. Олардың 38-не — ауызша, 14-не — жазбаша ескерту берілген, 11-і дін туралы заңды бұзғаны үшін сотқа тартылған. Тоғыз адам ақталған, екеуі кінәлі деп танылып, әрқайсысына 277 800 теңге (шамамен 640 доллар) айыппұл салынған.
Қазанда жергілікті ақпарат құралдары Тараз қалалық соты психикалық денсаулығына моральдық зиян келтіргені үшін Иегова куәгерлерін сотқа берген ерлі-зайыптыға екі миллион теңге (шамамен 4,6 мың доллар) өндіріп берген. Сотта ұсынылған екі психиатр мен психологтың түсініктемесіне сәйкес, Иегова куәгерлері тобына кіріп, діни әдебиеттерді оқыған ерлі-зайыптыларға “обсессивті-компульсивті бұзылыс және шіркеуге баруға психологиялық тәуелділік” деген диагноз қойылған. Forum 18 ұйымы мен өзге де бақылаушылар сот үкімі қате болғанын, сарапшылар берген түсініктеменің көп бөлігі 2008 жылы Ресейде Иегова куәгерлеріне қарсы істе қолданылған материалдардан көшірілгенін айтқан.
ШЫҢЖАҢНАН КЕЛГЕН МҰСЫЛМАН БОСҚЫНДАР
Мемлекеттік департамент баяндамасында Алматыдағы Қытай консулдығының алдына Шыңжаңда қамауда отырған немесе қаладан шығу құқығынан айырылған туыстарының құқығын қорғап, пикетке шыққан азаматтардың ұсталғаны айтылады. Былтыр 11 мамырда акцияның 93-күні полиция сегіз адамды ұстаған. 23 қыркүйекте Қазақстан астанасында Қытай елшілігінің алдына бейбіт митингіге жиналған және 1 қазанда Қытайдағы мемлекеттік мереке күні Нұр-Сұлтандағы жалдамалы пәтерінен шығып келе жатқан он шақты белсенді ұсталған. Екі жағдайда да ұсталған азаматтарға айыппұл салынған. Наразылық акциясы биыл да жалғасып жатыр.
2021 жылы күзде мемлекеттік органдар Шыңжаңдағы қудалаудан қашқан төрт этникалық қазаққа берілген босқын мәртебесінің мерзімін тағы бір жылға ұзартқан (заң бойынша қарастырылған ең ұзақ мерзім — Ред.). Олар 2020 жылы қазанда “Қытайға оралсақ қудалауға ұшыраймыз” деген өтінішпен босқын мәртебесін алған. Аталған азаматтардың екеуіне қаңтарда бір уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында физикалық шабуыл жасалған. Құқық қорғаушылардың дерегінше, жәбірленушілер Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы ашық мәлімдемелер жасаған. Олар жергілікті билік пен Қытайдан хабарласқан адамдардан Шыңжаңдағы адам құқықтары мәселесіне қатысты пікір білдірмеу туралы ескерту алған.
Шыңжаңнан келген қос мұсылман босқын Қастер Мұсқан мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстанда жаңа қиындықтарға тап болған. Олар өз жағдайын былай түсіндіреді: «Мақсатымыз – Қазақстанда қалу болды. Басында билік “Сендерге азаматтық береміз, тек көзге көп түсе бермеңдер» деді. Келісіп, үндемедік. Енді азаматтық берілмейді деп отыр. Қазір жалғыз амалымыз — басқа мемлекетке кету. Қазақстан азаматтығын берсе, осында қалар едік». Жақында босқындар Азаттық тілшісіне азаматтық болмаған соң, Қазақстанда жұмысқа тұра алмай жүргенін, мемлекеттен берілетін кепілдендірілген медициналық көмек пен банк қызметін пайдалана алмайтынын айтқан.
ЗАҢ ЖӘНЕ ДАМУҒА ҮНДЕУ
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) әріптестік туралы ресми келісім аясында жұмыс істеуді жалғастырып, тәуелсіз діни топтардың қызметін мемлекет бақылауына алған. Мұсылман топтар ҚМДБ-ға қосылу арқылы имамды өз бетінше тағайындау құқығынан бас тартып, жылжымайтын мүлікті сату, басқа қолға беру, жөндеуден өткізу сияқты мәселелерді басқармамен келісіп, мешіт табысының отыз пайызын ҚМДБ-ға төлеп отыруы тиіс.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің дерегінше, 2021 жылдың алғашқы тоғыз айында елде 3824 тіркелген діни бірлестік немесе олардың бөлімшелері болған (2020 жылы – 3818 ). Мемлекет сүннит бағыты, Ханафи мәзхабына жатпайтын мұсылман бірлестіктерін тіркеуге рұқсат бермей, бұл процесті ҚМДБ арқылы бақылап отырған. Исламның қалған бағыттарына тіркеуден өтіп, заңды шаралар өткізуге болмайды. Дінбасшылардың айтуынша, кей мұсылман қауымдары бейресми құлшылықтар өткізеді, бірақ мемлекет олардың ісіне араласпайды.
Мұсылмандардың ахмадий қауымы да тіркелмеген. 2016 жылы билік қауым өкілдерінің тіркеу туралы алтыншы өтінішін қанағаттандырмай, кері қайтарған. Мемлекеттік сарапшылар қауымның ілімі исламға сай келмейтінін айтып, тіркеу құжаттарынан «мұсылман» деген сөзді алып тастауды талап еткен. Қауым мүшелері «Тіркеуден өте алмадық, сондықтан діни қызметпен айналыспаймыз» деген.
Баяндама авторлары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жарияланған халыққа жолдауында «ұлтаралық қатынастардың үйлесімді дамуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді» дегенін еске салады. Президент қазақстандықтарды «ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қадірін түсінуге» шақырған. Кейінірек қыркүйекте ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов заңға Құдайға сенбейтін азаматтардың құқығы туралы норма енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Бірақ жыл соңына қарай заңнамалық өзгертулерге қатысты ақпарат берілген жоқ. 29 желтоқсанда үкімет заңға өзгерістер енгізіп, діни ұйымдарға қойылатын талаптардың бірқатарын алып тастады. Бірақ діни топтар қалған талаптардың өзін негізсіз көріп, олардың түкке қажеті жоқ деген пікір білдірді.
АҚШ елшісі және басқа да өкілетті тұлғалар сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізіп, оларды дін еркіндігіне құрметпен қарауға шақырған. Кездесу барысында АҚШ-тың өкілетті тұлғалары биліктің дін туралы заңды, әкімшілік және қылмыстық кодексті пайдаланып, дін еркіндігін шектеу, бейбіт діни үндеулер жасаған, тіркеусіз құлшылық өткізген азаматтарды қудалау шараларына қатысты алаңдаушылық білдірді.
ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ: ҚЫТАЙ ЖӘНЕ РЕСЕЙ — ЗАҢ БҰЗУШЫЛАР ҚАТАРЫНДА
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 2 маусымда жасаған мәлімдемесінде қуғын-сүргінге жол беріп отырған елдер қатарында Қытайға ерекше тоқталған. Ол Пекиннің Шыңжаң мұсылмандарына қарсы жүргізген саясатын геноцид деп бағалаған. Блинкеннің айтуынша, мыңдаған ұйғыр жақындарының қайда екенін, олармен қашан қайта қауышатынын білгісі келеді. Мемлекеттік департамент дерегінше, 2017 жылдың сәуірінен бастап миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да ұлт өкілдері Шыңжаңдағы саяси қайта тәрбиелеу лагерлеріне жіберілген.
Мемлекеттік хатшының сөзінше, Қытай билігі тибет буддистерін де қудалаған. Билік өз тілі мен мәдениетін насихаттап, Далай ламаның суреттері мен шығармаларын сақтап, будда монастырларында құлшылық жасап жүрген буддистерді қамауға алып, азаптап, құқықтарын бұзған.
Мемлекеттік департамент дерегінше, Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін дін еркіндігі шектелген. Қыздар мен әйелдерге білім алуға, жұмыс істеуге, қоғамдық өмірге араласуға тыйым салынған. Тәліптермен бақталас «Хорасандағы ислам мемлекеті» тобы шиит-хазарейліктер сияқты діни азшылық өкілдеріне шабуыл жасайды. Үндістанда кей ресми тұлғалар адамдар мен құлшылық орындарына шабуыл жасағандарға көз жұма қарап, тіпті оларға қолдау көрсетеді.
АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі мәселелері бойынша елшісі Рашад Хусейн былтыр Ресей алаңдаушылық туғызатын елдер тізіміне қосылғалы, ондағы құқықбұзушылықтар саны артпаса, кеміген жоқ деп есептейді. Ресейлік соттар дін еркіндігін пайдаланған азаматтарға үкім шығарып, «экстремизм» бабы бойынша күдікке ілінгендердің үйіне тінту жүргізеді. Хусейннің айтуынша, президент Владимир Путин Украинаға басып кіріп, бұл әрекетін «елді нацистерден тазартамыз» деген жалған сылтаумен ақтап алуға тырысты. Бірақ әлем елдері Ресейдің өзінде дін еркіндігі шектеліп, дінбасшылар қудаланып жатқанына куә болып отыр.