Христиан мен мұсылман арақатынасының түйткілді тұстары

Христиан мен мұсылман арақатынасының түйткілді тұстары туралы Ғылым және жоғары білім беру министрілігінің Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Бахытжан Сатершинов айтып берді.

Кезінде Р. Киплинг «Батыс дегеніміз Батыс, Шығыс дегеніміз Шығыс, олар ешқашан бір-бірімен қиылыспайды» деп айтқаны белгілі, Шығыс-Батыс дихотомиясының мағынасы олардың географиялық жағдайларының айырмашылығын білдіріп қана қоймайды.

Тереңірек үңілсек, бұл жер бетінің екі тарабын, дәлірек айтқанда, Жерорта теңізінің екі атырабын мекендейтін халықтардың өркениеттік дамуының өзіне тән белгілері мен сипатын айқындайтын мәнді білдіреді. Шығыс пен Батыстың арасындағы өркениеттік сұхбат (немесе қақтығыс) тарихындағы ерекше рөл христиандар мен мұсылмандар арасындағы қарым-қатынасқа тиесілі.

Жалпы баршаға мәлім, христиандарға да, мұсылмандарға да белгілі бір ортақ рухани түпнегізді мойындау тән болып келеді, бұл ортақ негіз Левант аймағындағы Ыбраһим пайғамбардың дәстүрінен қалған біртұтас рухани бастауға барып тіреледі (яһудилік, христиан және ислам діндерін ыбырайымдық діндер деп атайды, мұсылмандар алдыңғы екеуін «аһли кітап» дейді). Сонымен бір мезгілде бұл қос өркениет өкілдерінің мәдени-діни тәжірибелерінің едәуір алшақтығы да ескеріледі.

Ислам діні пайда болысымен білім мен ғылымды дұрыс жолға қойып, орта ғасырларда мың жыл бойы әлемде алдыңғы орында болған ислам өркениетін құрды. Алайда соңғы ғасырларда мұсылмандық Шығыс діни догматизм мен буквализмге ұрынып, ақырында адамзаттың алдында тұрған мәселелерді шешуге араласа алмай рухани деградацияға ұшырады. Мүмкін, бұл сенімнің ақылмен, біліммен және рух еркіндігімен суарылмағанының салдарынан да болар. Ислам мен христиан арақатынасына қатысты батыс ойшылдарынан исламофобиялық та, исламофилиялық та көзқарастарды кездестіруге болады.

«Ислам христиандықты жек көреді, онысы әбден дұрыс: исламға ер жігіт қажет... Христиандық антик мәдениеттің өнімін жойды, кейінірек ол ислам мәдениетінің бітік егінін бұзды. Шын мәнінде, Рим мен Грек өркениетінен гөрі біздің сезім мен талғамға анағұрлым жақын Испаниядағы ғажайып мавритандық мәдениетті аяққа таптады (қандай аяқпен екенін айтпай-ақ қояйын). Неге? Өйткені ол асыл текті де ерік-жігерлі мәдениет болатын, өйткені ол сирек кездесетін мавритандық нәзік талғаммен өмірді құптады... Айқыш арқалағандар кейін тағы сол мәдениетті күйретті, оны күйреткенше өздері күл боп кеткендері артық еді, ол мәдениеттің қасында, тіпті, біздің от тоғызыншы ғасыр «артта қалған», жадағай көрінер еді». Романтик-ойшыл Фридрих Ницше «Антихрист. Христиандықты қарғау» еңбегінде осылай дейді.

Неоориенталист Б. Льюстің пікірінше, «Азия мен Африканың және басқа құрлықтардың анағұрлым алшақ мәдениеттерімен, бөлек ғұрыптық ғибадаттарымен салыстырғанда ислам мен христиандық орасан зор ортақ әрі жалпы мұрасы бар туысқан діндер болып табылады және сол мұраны иеленуде олардың өзара бәсекелестігі бар. Олардың әрқайсысы өздерін Жаратушыдан түскен қасиетті аянды біз қабылдадық, бұл ақиқатты адамзаттың қалған бөлігіне жеткізуді міндетіміз деп санайды. 

Бұл ақиқатты тарату міндетімен сипатталатын миссияны жүзеге асырудағы ең басты және жалғыз қарсылас ретінде ислам мен христиан діндері өзара өшпенділікке келеді. Бұл өзара қырқыстардың салдары көне заманғы діни соғыстардан, яғни жиһад пен крест жорықтарынан бастап конкиста мен реконкистаға ұласып, Еуропадағы мұсылман империялары мен ислам аймағындағы еуропалық империялардың орнығуы мен құлдырауынан көрінеді. Өкінішке орай, ұзаққа созылған және әлі күнге дейін аяқталмаған бұл күресте қос өркениетті айырмашылықтардан гөрі ұқсастықтар ажыратып тұр».

Соңғы онжылдықтардағы діни алшақтықтарға негізделген төзімсіз көңіл-күйлердің шиеленісуі аясында ғасырлар бойы қалыптасқан жағымсыз стереотиптер мен таптаурындарды игеру үшін заманауи диалогтың іргесі ретінде қолдану мақсатында христиандық-мұсылмандық қатынастарды тарихи және мәдени тұрғыда жағымды қарастырудың маңызы зор.