Діни ақпаратты саралап алыңыз
Ең мықты ел бірлігі бекем, тұрақтылығы айқын мемлекет. Қазір әлемнің көп елінде діни қақтығыстар орын алып, соңы қаншама жазықсыз жанның зардап шегуімен аяқталып жатыр. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласы «Діндерді зерттеу орталығының» оңалту және бейімдеу бөлімінің басшысы Жанбота Қарашолақовпен сұхбаттасқан едік.
– Діндерді зерттеу орталығы қандай жұмыстармен айналысады?
– Біздің орталық – елорда әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты мекемесі. Орталықтың атауына сай қаламыздағы діни ахуалды зерттеп, талдаумен айналысамыз. Сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық қатынастарды нығайтып, Президенттің дін саласындағы саясатын халыққа жеткіземіз. Яғни тұрғындар қандай да бір дін саласына қатысты сұрақтарын біздің орталыққа жолдайды. Орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Ең бірінші теріс ағымға түсіп кеткен жандарды оңалтумен, қоғамға бейімдеумен айналысамыз. Қазір ғаламтордың қарыштап дамыған заманы болғандықтан, діни ақпараттардың халыққа бұрмаланып жету мәселесі азаймай тұр. Осыған орай біздің орталық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған дейін сот шешімімен 20-дан астам экстремистік және террористік ұйым жабылса да, әртүрлі деструктивті діни ағымдар өздерінің насихаттарын әлеуметтік желілерде тоқтатар емес. Осыған байланысты біздің орталық мамандары тұрғындармен кездесіп, алдын алу шараларын өткізіп жатыр. Бұл –екінші бағытымыз. Үшіншіден, елорда аумағында әкімдіктің бекіткен жұмыс жоспарымен 500-ден астам мекемеге барып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.
– Сіздерге хабарласатын тұрғындардың жиі қоятын сұрақтары қандай?
– Орталық мамандары телефон желісі арқылы астаналық тұрғындарға кеңес беріп келеді. Қойылатын сұрақтардың көпшілігі ислам дініне қатысты. Әсіресе ислам қағидаттары, намаз оқу ережелері жайлы жиі сұрап жатады. Жақын туыстарының балаларының деструктивті ағымға түсіп кеткенін байқап, біздің теологтарымыздың көмегіне жүгінгендері де болды. «Неге көліктерге қызыл мата байлап қояды?» деген сияқты жастардың дәстүрге қатысты түсінбейтін сұрақтары да келіп жатады. Коронавирустың кең тараған кездерінде мешіттердің жабылғанына байланысты үй жағдайында намаз оқу қағидаларын сұрап хабарласқандар болды. Біз кейбір сұрақтарға муфтиятқа сілтеме бере отырып, нақты жауаптар қайтарамыз.
– Қазір жоғары сыныптарға дінтану пәні оқытылып жатыр ғой. Балалар да сіздерге хабарласа ма?
– Халқымыздың 70 пайызы ислам дінінде болғандықтан, балалар да жиі хабарласып ислам дініне қатысты сұрақтарын қояды. Иә, Зайырлық негіздері және дінтану пәні 8-11 сыныптарға оқытылып жүр. Біз жақында осы пәннен сабақ беретін мұғалімдерге семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай семинар бұрын да өткен. Ол жерде ең өзекті тақырыптар қозғалады. Өздеріңізге де мәлім көбіне деструктивті ағымдарға жастар көп ілесіп кетіп жатады. Әлі де ақ пен қараны, оң мен солын танып үлгермеген жастарды адастыру ондай ұйымдарға оңай. Деструктивті діни ағымдарға кірген адамдар қоғамнан тысқары қалып қояды. Біз осындай азаматтармен кездесіп, кешенді жұмыстар атқарамыз. Жылына мұндай жандардың тек 10 пайызы дұрыс жолға түседі. Сондықтан мектеп кезінен бастап балаға дұрыс діни көзқарас қалыптастыру өте маңызды.
– Көп жастар дін жолына түбегейлі түстік, зерттейміз деп деструктивті ақпарат көздерін қолданғандарын өздері де білмей қалады. Мынау ресми сайт, мынау жалған сайт деп анықтайтын сүзгі бар ма?
– Иә, біз бұл мәселені де қадағалаймыз. Орталығымызда арнайы мониторингпен айналысатын бөлім бар. Осы азаматтарға Дін істер комитеті белгілеген елімізде тыйым салынған материалдар мен уағызшылардың, ұйымдардың тізімі кездессе міндетті түрде кибербақылау жүйесіне хабарлайды. Кибернадзор – мемлекеттік деңгейдегі үлкен қауіпсіздік жүйе. Мұндай ақпараттардың кейбірі шетелдік болса, олар Қазақстанның аумағына таралмайтын болады. Ал ел аумағындағы сайт болса, ашқан азаматқа ескерту жіберіледі.
– Өткенде әлеуметтік желіде мектепке хиджап киіп бармау туралы пікірталастар болып жатты. Бұл жайлы не ойлайсыз?
– Осыған байланысты біз Білім басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кәмелетке толмаған балаға хиджап кигізу дұрыс емес. Өйткені олар әлі кішкентай, әлі ешнәрсені түсінбейді. Ал мектеп – білім алатын мекеме. Білім және ғылым министрлігінің арнайы бекіткен заңына қарсы келіп «хиджап кимесе балам мектепке бармайды» дейтін ата-аналар да бар. Ал кейбір ата-аналар қыздарына мектепке барғанда кидірмей, үйге келгеннен кейін кидіріп те жүр. Бұл ең бірінші баланың психологиясына әсер етеді. Сондықтан бала хиджапқа өз еркімен, кәмелетке толғанда келгені дұрыс.
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН