Түркияға барып некемізді қидырдық…
Ажар (есімі өзгертілген) өте жаймашуақ қыз. Оның өмірге құлшынысы мен жан-жағына деген мейірімі көзінен көрінетін еді. Адамдарға деген кіршіксіз сенімі, адал көңілінің кесірінен алданып қаламын деп ойламаса керек. «Дін деген - ең таза бағыт қой, мені ешкім алдай қоймас»,- деген оның ойы қате болып шықты. Оны дін атын жамылғандар қалай алдады? Соңы немен аяқталды? Басынан өткен шым-шытырық оқиғасын тілшілерімізге баяндап берді.
-Ажар, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?Балалық шағыңыз қалай өтті?
-Жасым 35-те. Ақтөбе облысының тумасымын. Ата-анам қарапайым жұмысшылар. Мектепте жақсы оқыдым. Үздік оқушы болмасам да, жақсы оқитындардың қатарында болдым. Үйдің кенжесімін, екі ағам, әпкем бар. Сондықтан да, бала кезімнен үйдің еркесі болдым. Өмірге деген құлшынысым да, ниетім де түзу еді. Туған қалам кішкентай болғандықтан, үлкен қалада тұрғым келді. Осылайша Алматыға оқуға түстім.
-Оқуыңызды қалай оқыдыңыз? Кейін жұмысқа тұрып кете алдыңыз ба? Өміріңіз қалай өрбіді?
-Оқуымды бітіріп, жұмысқа да тұрдым. Кейіннен тұрмысқа шықтым. Жақсы жердің келіні атандым. Бірақ ортада бала болмады. Кейін дәрігерлерге тексеріле келе, балалы бола алмайтынымды білдім. Қатты қиналдым. Әлі күнге дейін кішкентай бала көрсем жүрегім ауырады. Өзім бала туа алмаған соң, араға төрт жыл салып күйеуіміз екеуіміз ажырастық. Қатты күйзеліске түсіп кеттім. Барлық басымнан өтіп жатқан қиыншылықтарым Алланың берген сынағы екенін қазір түсінемін. Ал, ол кезде басқа біреулерден көрдім. Айналамдағы адамдарды жазғырып, жаныма демеу іздедім. Кейін оны діннен таптым.
-Дінге бет бұруға біреу итермеледі ме? Әлде өзіңіз іздендіңіз бе?
-Өмірім автоматты түрде өтетін. Ұйқымнан тұрамын, жұмысқа барып-келемін, жылап ұйықтап қаламын, солай өмірім өте берді. Туғандарым да, ата-анам да маған қалай көмектесерлерін білмей дал болды. Киім дүкенінде сатушы болып жұмыс жасайтынмын. Бір күні жұмысқа дүкен иесінің құрбысы келді. Өзі намаз оқитын, дінге жақын қыз екен. Отырып әңгімелесе бастады. Көңілім жабырқап тұрғанын көріп, ақыл-кеңестерін айтып, бұл осы өмірдің сынақтары екенін , алда одан да қатты сынақ бар екенін айтты. Көңілің жабырқаса осы адамдардың уағызын тыңдап көр деп, бір-екі уағызшының видеоларын жіберді. Қызығып кеткенім сонша, 2 күнде көптеген діни видео көріп, намаз оқимын деп шештім. Күнде жаңағы видеоларды қараймын, намаз оқып, кішкене өз-өзіме келгендей болдым.
-Дінге бет бұрғансоң қайтадан тұрмысқа шықтыңыз ба?
-Әлеуметтік желіде жиі отыратынмын. Кейін, бір жігіт достық жіберіпті. Қабылдадым, кейін сөйлесіп бастадық. Түркияда тұрады екен. Есімі Фархад. Ол да намаз оқитын болып шықты. Екеуміз де бірдей уағызшыларды тыңдайды екенбіз. Менің намаз оқитынымды біліп, хиджап киюге деген ынтамды аша бастады. Сол жігіттің ықпалымен орамалға келіп, жабық киінетін болдым. Өмірдің қызығына қарағанда, келесі өмірдің, бақидың кереметтілігін жиі суреттейтін. Алланың жолында жақсылық жасағым келді. Маған тұрмысқа шық, әйел адам күйеуге шығып, оның разылығын алмаса, саған Алла да разы болмайды деп миыма сіңіріп тастады. Маған Түркияға келіп, неке қиюға ұсыныс білдірді. Ешбір ойланбастан шет ел асып кете бардым.
- Ата-анаңыз қарсы болмады ма?
-Ол кезде жасым отызда еді. Ата-анама өзімнің кетуге деген ниетім бар екенін айттым, алайда, жігіт үшін екенін білмеді. Түркияға барып, Фархадқа тұрмысқа шығып, некемізді қидырдық. Бірнеше ай бірге тұрып, кейін Сирияға кететінімізді айтты. Ол жердегі керемет өмір туралы айттып, Сириялық бір баланы асырап аламыз деді. Өзім бедеу болғандықтан, ең құрмаса бір балаға көмегім тисін дедім. Осылайша бас –аяғы жарты жылда Сириядан бір-ақ шықтым.
-Таяу Шығыстағы болып жатқан жағдайды, сіз армандаған өмір емес екенін көзбен көргеннен кейін қандай сезімде болдыңыз?
-Күнде соғыс, күнде жарылыс, автоматтың даусымен оянып, қай жерден бомба түсіп қалады екен деген үреймен өмір сүрдік. Фархад адам танымастай өзгеріп кетті. Бірақ, күйеу бар әйел болған соң, әйтеуір, тамақ береді, тұратын жерің болады. Ол жақта күйеуің жоқ болса, өмір сүру қиын. Сол себепті де, күйеулері қайтыс болған әйелдер көп ұзамай қайтадан тұрмысқа шығады. Фархад соғыс алаңында жүріп із-түссіз кетті. Одан кейін екі рет тұрмысқа шықтым. Басымнан сан қилы оқиға өтті. Сусыз, тамақсыз қалған күндеріміз де болды. Екі рет өлім аузынан қалдым. Қазір бұның бәрі қорқынышты түс сияқты.
-Елге қалай оралдыңыз? Оралғаннан кейінгі оңалту шаралары қалай жүрді?
-2019 жылы «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы оралдым. Елге оралған соң бейбіт аспан мен қара жердің қадірін түсіндім. Басында Ақтау қаласында тұрдық, білікті мамандар бізбен жұмыс жасады. Көптеген тренингтер жүргізілді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Әлі күнге дейін теолог, психолог сынды мамандардан кеңес алып тұрамын. Аллаға шүкір, жаман күндер артта қалды. Қазір барлық қателігімді түсіндім.
-Жас қыздарға қандай кеңес бересіз? Сіздің басыңыздан өткен жағдай талай жанға сабақ болуы керек сияқты.
-Кімге қалай өмір сүру керектігін үйретпеймін. Алайда, осы сұхбатты оқып отырған әрбір қыз түсінсе деймін, өмір ойыншық емес. Сіздің тағдырыңыз – ол тек сіздің қолыңызда. Алла бізге әртүрлі бағыттар ұсынады, ал таңдау өзімізде. Дін жолына түсіп, Алланы танимын десеңіз, оның дұрыс жолы – ол дұрыс ақпарат көздерінен ақпарат алу. Білместік пен білімсіздіктің кесірінен талайдың тағдыры тәлкіге түсуде. Оның ішінде өзім де бармын. Мен де отыз жасқа келіп, от басамын деп ойлаған жоқпын. Қыздар танымайтын адамға тұрмысқа шығып, бейтаныс жерге қоныс аударуға асықпаңыздар.
-Сұхбатыңызға рақмет!