Балғабек Мырзаев: Жастар – қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы
Еліміз соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейткені белгілі. Себебі, жат діни ағымдар шекарадан ентелей кіргені былай тұрсын, әрбір отбасының есігінен сығалайтын жағдайға жетті. Оларды еркіне жіберіп алсақ та, кешеуілдетіп болса да, тура он жыл бұрын бірқатар заң қабылдадық. Алайда, қазіргі діни жағдай қалай? Біз осы мәселеге қатысты көкейдегі сауалымызды «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаевқа қойған едік.
– Сириядан оралғандар өз еріктерімен қайтып келді ме?
– Әрине өз еріктерімен келді. Ол жақта үлде мен бүлдеге оранып өмір сүреміз деп барғандар ақыр аяғында тұратын баспана, жейтін тамақ таппай қалды емес пе?! Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Мына адамдарды біз мемлекет ретінде көмек көрсетіп, бізге достық қарым-қатынасы бар елдердің көмегімен Қазақстан ұшағымен елге алып келдік. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтынын көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету – елдің міндеті. Сондықтан қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды, әсіресе балаларды елге қайтаруды біз жалғастыра береміз», – деп мәлімдеген болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қолұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз», – деген болатын. Осы мәлімдемелер Қазақстанның өз азаматтарының тағдырына немқұрайлы қарамайтындығының айқын дәлелі. Сондықтан болар, ыстық ас, ақ төсекті көрмеген балаларына жаны ашыған, өздерінің қате басқандарын түсінген олар «жазамызды Қазақстан соты тағайындасын, айыбымызды Отанымызда өтейміз» деп елге оралуға құштарлық танытқаннан соң мемлекет осындай қадамға барды.
Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Біздің басты мақсатымыз – Сириядан қайтарылған азаматтарымызды оңалтып, қоғамға бейімдеу және еліміздің мұсылмандары ұстанатын дәстүрлі жолға қайтару.
Бұл мемлекет үшін де, ел азаматтары үшін де сабақ алар жағдай болғаны анық. Мемлекет алдағы уақытта қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық мәселелерге баса назар аударып, діни радикализмнің және одан пайда болатын шетін әрекеттердің туындауына түрткі болатын алғышарттарға жол бермеуге тырысады. Ал азаматтарымыз өз ортасы мен туған-туыстардың арасындағы көңіл-күйге бейқамдық танытпай, діни сенімге құрметпен қарауды және оны нақты қамтамасыз етіп отырған мемлекет заңдары мен талаптарына құрметпен қарауға басымдық береді деп сенейік.
– Қазір интернетте ислам атын жамылған интернет ресурстары, сайттар көп. Олардан жастарды қалай қорғауға болады?
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастарды тәрбиелеудің маңызы жайында Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады», – дегені есте.
Елiмiздiң ертеңі – жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарды, тарихи дәстүрiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасы мен ғылымын дамытуға, ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.
Дей тұрғанмен қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр. Жат көзқарасты діни ағымдар кейбір жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын жойып, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап келеді. Теріс жолға түскен жастарымызды ортаға сіңімділігін төмендетіп, өз алдына орта қалыптастыруға алып келетіні сөзсіз. Сонымен қатар ол орталарда қосалқы мәдениет қалыптастыратынын да жоққа шығара алмаймыз.
Бұл жерде діннің атын жамылған ағымдардың діни-психологиялық және әлеуметтік тартымдылығы өз алдына бөлек мәселе. Психология саласының мамандары адам баласының құбылыс екендігі, кез келген ортада психологиялық әрі әлеуметтік мәжбүрлікпен болған жағдайда, сол ортаның жалған идеяларына сіңісіп, уақыт өте келе ақиқаттай көретінін алға тартады.
Ал, бірақ басқа қырынан қарасақ, көбінесе әлі өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін жастар өзіне ұнаған кез келген бір идеяның соңынан еруге дайын тұрады. Яғни, жастар – қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы. Байқасаңыз, таңсық, қоғам тыныштығын бұзатын идеялар жастар арқылы таралатыны тарихтан белгілі.
Бүгінгі күні діншілдіктің діни мәдениеттің қалыптасу қарқынынан озып кеткенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде радикалды идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал радикалданудың салдары жақсылыққа апармайды.
– Жастардың теріс діни ағымдарға кіріп кетуінің негізгі себептері қандай?
– Оны қазіргі уақытқа дейін сарапталған мәселелермен қатар, жаңаша көзқарастар да қалыптасып үлгерді. Сараптама қорытындылары көрсеткендей, жастарды адастыратын теріс діни ағымдардың айла-әдістерін сипаттап көрейік. Олар – адастыратын ақпаратқа толы интернет пен әлеуметтік желілердің санын арттыру, санаға жеңіл фанатистік қуаты мықты теріс діни әдебиеттерді көптеп шығару, санаға жеңіл діни догмалар мен шаблондардың тартымдылығын арттыру және насихаттау. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаждығы бар жастарды қаржылық ынталандыру, психологиялық тартымдылық арқылы теріс ортаға бейімдеу, отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігі мен діни қызығушылығын оңтайлы пайдалану, жастарды бойына діншілдік психологияны діни мәдениеттен арттыра насихаттау, әлеуметтік қиындықтарының эмоцияларын жалған діни догмалар арқылы шығаруға итермелеу, психологиялық күйзелістер шеңберінде жүрген жастарға демеу болу деген сынды бірқатар діни-психологиялық әрі әлеуметтік мәселелер.
Өзекті мәселенің бірі – интернет. Қазір интернеттегі теріс діни ағым идеологияларына шектеу қою жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен, мемлекет интернетке мүлдем тыйым сала алмайтыны белгілі. Осыны пайдаланған теріс діни ағым менеджерлері интернеттегі жұмыстарын жалғастыратынын ескере келе, жастарға интернетті талғаммен пайдалану қажеттігін ескертеміз. Осы тұрғыда қуаты мықты теріс діни әдебиеттердің санаға жеңіл діни догмалар мен шаблондарының тартымдылығын жою мақсатында бірқатар сараптама жұмыстары жалғасып келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
#дін #экстремизм #терроризм #ислам #радикал
Автор: Динара Мыңжасар, Nege.kz