Қазақстанда "жалған терроризм" көріністері 3 есе өсті - ҰҚК
Астанада терроризмге қарсы орталық басшысы – Ұлттық қауіпсіздік комитететінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың төрағалық етуімен орталықтың кезекті отырысы өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Бас прокуратураның басшылары қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Е. Сағымбаев кейінгі кезде Қазақстанда «жалған терроризмнің» фактілері жиілеп кеткенін, ондай жайттардың саны 2020 жылдың көрсеткішінен 3 есе артқанын айтты.
Қазір интернет арқылы анонимді негізде түсетін хабарларға айрықша назар аударылып отыр. Мұндай жайттарға қарсы тұру үшін Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша терроризмге қарсы шаралардың ведомствоаралық жоспары әзірленіп, мақұлданып отыр.
Орта мерзімдегі кезеңде халықаралық және ведомствоаралық әрекеттерге негізделген кешенді шараларды іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтау, мамандармен қамтамасыз ету, саладағы құқықтық нормаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстар қолға алынбақ.
Отырыста арнайы және құқық қорғау органдарының террорзимге қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел іздестіру шаралары кезінде өзара әрекеті пысықталды.
Жиында жедел шараларды өткізуге жұмылдырылатын басшылардың біліктілігін арттыру қажеттігі баса айтылды. Сондай-ақ ақпарат алмасудың тетіктері, тәжірибе алмасу жолдары, терроризм қылмыстарын тергеу мен ашу, жолын кесу бағытындағы жұмыстар талқыланды.