Жаңа таныстық мені түзу жолдан тайдырды
Діни адасушылық қазіргі таңдағы әлемді жайлаған проблемалардың бірі. Өзінің өмірін дінмен байланыстырып, аяғында адасып, отбасынан безіп, жақындарын кәпірге балап, діни фанатизмге ұшырап, аяғында дымсыз қалып жатқан қыз-жігіттеріміз аз емес. Солардың бірі, Айдана есімді елорда тұрғыны редакциямызға өзінің басынан өткен жағдаймен бөлісті.
Балалық шақ
Өзім оңтүстіктің қызымын. Жасым 25-те. Жағдайы жақсы отбасында өстім. Ешқашан басымда әлеуметтік проблема болған емес. Әкем мемлекеттік қызметкер, анамның өзінің жеке кәсібі бар. Мектепті алтын белгіге бітірдім. Кейін Алматының үздік университеттерінің біріне оқуға түстім. Ақылы бөлімде оқыдым. Ата-анам маған үлкен үміт артты. Солардың үмітін ақтау үшін барымды салуға тырыстым. Ақылы бөлімде оқыған соң сабақтан бос уақытта киім дүкенінде жұмыс істейтінмін. Жұмысқа барып жүріп намазхан қыздармен таныстым.
Жаңа таныстық
Қыздар бәрі орамалда еді, намаз оқитын. Мен де Исламға жақын адамдардың қатарынан болған соң олармен жақын араласып, дін туралы көп сұрайтынмын. Бір күні жалға пәтер іздеп жүргенімді естіген қыздардың бірі жанында орын бар екенін айтып, бірге тұруды ұсынды. Осылайша жұмыстан бөлек, үйде де иман туралы әңгіме айтып, намазға деген құлшынысым ашылды.
Намазды қалай бастадым?
Ораза уақытысы басталған еді, құрбыларыммен ілесіп менде өмірімде бірінші рет ораза ұстадым. Ауыз ашар уақытында жанымда тұратын Айнұр есімді қыз бірге намаз оқуға ұсыныс білдірді. Еш ойланбастан бірге намазға тұрдым. Осылайша, ортам өзгеріп, достарыммен араласуды доғардым. Үй-ішім намаз оқуыма, орамал тағуыма қарсы болды. Бірақ, ешкімді тыңдамадым. Өз білгенімді, өзім дұрыс деп шешкен нәрсені істедім.
Бірге тұратын Айнұрға мешітке барып арабша үйренгім келетінін айттым. Ол өінің қарсылығын білдірді. Мешіттегі имамдар білімсіз, Ислам туралы мүлде дұрыс түсіндірмейтінін айтып, мешітке бармауымды бұйырды десем де болады. Өзі оқитын «шейхтардың» тізімін беріп, тек соларды тыңдап, ислам туралы үйрену керектігімді айтты. Біз намазды да мешіттегі жамағаттан өзгеше оқитын едік. Айнұр өзі саудамен айналысқаннан кейін Түркияға жиі барып тұратын. Маған да бірге баруға ұсыныс білдірді. Сол жердегі өзінің «браттарымен» таныстырғысы келді. Шыны керек, ол уақытта Айнұр не айтса, соның бәрі дұрыс көрінетін. Имамдарды жақтыртпайтын, намазды «мүфтияттық» тәсілмен оқитындарға ала көзбен қарайтын тәкаппар пендеге айналдым.
Адасқанымды түсіну
Мен жұмыс істейтін дүкеннің жанында намазхан тағы бір қыз бар еді. Өзі ешкіммен араласпайтын, бірақ, мені сырттай бақылап жүр екен. Бір күні Айнұр көрсетіп жүрген видеоларға күмандана бастадым. Өйткені, мүфтияттың сайтын оқысам мүлдем басқа, өзім оқып жүрген сабақтарды қарасам мүлдем басқа ақпараттар. Бір күні сол жанымыздағы дүкендегі қызға барып Ислам туралы сұрай бастадым. Ол қыз мені қаладағы дін үйрететін орталыққа алып барды. Сол жердегі мамандардан білім алу керектігімді айтып, Айнұрдың ұстаннып жүрген бағыты дұрыс емес екенін айтты. Шыны керек, басында сенгім келмеді. Кейіннен білім ала келе мен үйренген уағыздардың бәрі дұрыс тәпсірленбеген екенін, көріп жүрген сабақтарымды жат ағым өкілдері жүргізетініне көзім жетті.
Осының бәрін білгеннен кейін бірден Айнұрдың жанынан кетуге шешім қабылдадым. Ол мені барыша өзінің жанында алып қалуға тырысты. Намазды үйреткен адам ретінде менің қай бағытта жүруім үшін барын салатыын айтты. Себебі, кейін о-дүниеде мен үшін де сұралады екен мыс. Бірақ, мен өз айтқанымнан қайтпадым. Киім –кешегімді жинап кетіп қалдым. Басқа жұмыс тауып, мүлдем хабарсыз кеттім.
Қазір әртүрлі жағдайларды оқып отырып, мен қайта жеңіл түрде дұрыс жолға түске екенмін деймін. Егер, көрші дүкендегі қыз мені жетектеп дін үйрететін орталыққа апармаса қазір шет ел асып кетпеуіме кепіл жоқ. Ойлаудың өзі қорқынышты. Қаншама қыздарымыз бен қлдарымыз осылай адасып жатады. Сондықтан, діни сауатты болу біздің қазіргі қоғамда өте маңызды.